Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасының Индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы: 2016 жылдың I жартыжылдық қорытындысы» атты кеңес өтті. Жиналыстың күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек министрлік тарапынан атқарылған игілікті істерден хабардар етіп, алдағы міндеттердің ауқымдылығын баяндады. Сондай-ақ, онлайн режимінде өткен телекөпір арқылы жаңа индустриалды және инфрақұрылымдық бірнеше нысан іске қосылды.
Телекөпірде бірінші болып сөз алған Елбасы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдық жоспарының нәтижелі аяқталғанын айта келіп, алдағы кезеңдердің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, аталмыш бағдарламаның дағдарыс жағаласқан қиын жағдайдан қиналмай шығуға жол ашатынын атап өтті. Осыдан кейін баяндама оқыған жаңа министр индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының арқасында ел халқының табысы артып, жұмыссыздық деңгейі төмендегенін, өнеркәсіпте қосымша жаңа жұмыс орындары құрылғанын нақты айтып берді. Сондай-ақ, екінші бесжылдықта іске асыру жоспарланған жобалардың ауқымдылығын да жеткізді. Сонымен бірге индустрияландыру картасының және «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасының жобаларын жүзеге асыру экономиканың өңдеу секторын сапалы жаңа деңгейге көтеруге және әлемдік стандарттарға сай, ұтымды көлік-логистикалық инфрақұрылымдарын құруға мүмкіндік беретіндігіне сенім білдірді.
Мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан шаралар мен өңірлердегі жетістіктерден толық хабар алған Елбасы бірінші бесжылдық кезінде қомақты шетелдік инвестиция тартылып, оның дені елді индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасына тиесілі болғанын айта келіп, индустрияландырудың екінші бесжылдығы бұрынғыдан да нақтырақ көрініске ие болатынына тоқталды. Әсіресе, бағдарлама аясында осыған дейін мұнай өңдеу және металлургия кешені, тамақ және химия өнеркәсібі, өнеркәсіптік жабдықтар және құрылыс материалдары өндірісін дамытуға барынша назар аударылып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, онлайн режимінде өткен телекөпір барысында республика бойынша телекөпір форматындағы кеңес аясында 8 нысан іске қосылып, индустрияландыру нәтижесінде әлеуметтік дамуын нығайтқан 3 өңірдің тәжірибесі таныстырылды. Олардың экономикалық мүмкіндігі мен әлеуетін тыңдап, болашағын саралаған Мемлекет басшысы аталмыш нысандарды іске қосып, алдағы табыстарына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, тікелей байланыс арқылы өңір тұрғындарымен тілдесіп, олардың жаңа Қазақстанды құруға құлшына еңбек етуін тапсырды.
Жиналыс барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыруды «Қазақстан – 2050» Стратегиясының басты мақсаттарына жетуге бағытталған бүкіл мемлекеттік саясаттың өзегі ретінде атады. Әсіресе, Қазақстан үшін түбегейлі жаңа – мұнай-газ химиясы, автомобиль құрастыру және тағы басқа өнеркәсіп салаларын құру мен дамытудың маңыздылығына тоқтала келіп, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарының өндірісі, машина жасау сияқты секторларда отандық бизнесті дамытып, бәсекеге қабілетті өнім жасау және сыртқы нарықтарға шығу үшін зор әлеует бар екенін атап көрсетті. Ал екінші бесжылдықта Президент еліміздің автокөлік жолдарының сапасы мен оны күтіп ұстауға бағытталған шаралар аясында жол құрылысына, инфрақұрылымға қыруар қаржы салынып жатқанын, жаңа техникалар тартылып отырғанын, мамандардың даярлықтан өтіп жатқанын айта келіп, жол сапасына мұқият қарау керектігін тапсырды. Шикізат өнеркәсібі мен өңдеу саласы және орта, шағын бизнесті дамытудың жолдарын қарастырып, тың нәтижелерге жетуге жұртты шабыттандырды. Азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі және шағын несие беру жағындағы келеңсіздіктерді көрсетіп, оны шешудің жолдарын ұсынды.
Тағы бір айта кетерлігі, Елбасы Үкіметке экономика өсімі қарқынының төмендеуіне жол бермеуді тапсырды. Телекөпірде Елбасы қазақстандық жастардың арасынан жаңа «әмбебап» адамдарды, ғалымдарды және өнертапқыштарды іздеуге шақырды. Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан тарихында болмаған медициналық және білім беру мекемелерінің салынғанын да атап өтті. Бұл тұрғыдан келгенде оларға Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін енгізіп, еліміздің білім беру сапасын әлемдік деңгейге көтеру қажеттілігін тапсырды. Бұдан бөлек, Елбасы пайдалануға берілген және іске қосылатын өндірістердің барлығы жоспарланған қуатына көшуі үшін барлық облыстардың әкімдері мен Үкімет бірлесе жұмыс атқаруы керектігін жүктеді.
Соңында Елбасы телекөпірге қатысқан көпшілікке дағдарыс салдарынан туындаған келеңсіздікті өндіріс өнімділігінің арттыру мен экономиканы дамыту арқылы еңсеру керектігін міндеттей келіп:
– Биылғы жылы елімізде 120 ірі өндіріс іске қосылатын болады. Ол өз кезегінде ағайындарды жұмыспен қамтып, жоғары жалақы алуына мүмкіндік береді. Сондықтан жаңа жобаларды іске қосып, экономиканы әртараптандыру үшін жаңа индустриалды даму бағдарламасына өзгеріс енгізіп, ел әлеуетін еселеуіміз керек. Әрине, қазіргі әлемді қандай сынақтар күтіп тұрғанын болжау мүмкін емес. Десе де, біз туындауы мүмкін тосын жағдайға алдын ала шара қолданатын елміз. Сондықтан өткен жылы бес институционалды реформа арқылы «100 нақты қадамды» орындауды мақсат еттік. Сондай-ақ, қосымша серпін беретін экономикамыз бар. «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды даму бағдарламасын іске асыру келешекте еліміздің бәсекеге сай болып, халықтың әл-ауқатын өсіруге жұмыс істейді, – деп жиналысты қорытындылады.
Қажет АНДАС