Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аталған саланың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, ветеринария қызметінің мамандарына жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалды. Атап айтқанда, облыс құрылғаннан бері 45 арнайы автокөлік, 217 компьютер, 238 планшет және басқа да қажетті құрал-жабдықпен қамтылды. Биыл тағы 22 арнайы техника сатып алынады. Оған қоса сала мамандарының жалақысы да өсті. Мәселен, ветеринар дәрігердің орташа жалақысы 327 мың теңге, фельдшер 206 мың теңге, санитар 208 мың теңге алады.
Облыс аумағында бүгінде 2,5 млн. бас ауылшаруашылығы жануарлары бар, олардың барлығы компьютерлік дерекқорға енгізілді.
– Қазір ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру деректер қорының «ISZH-Mobile» мобильді қосымшасы іске қосылғаннан кейін ветеринар дәрігерлерге планшеттер сатып алынды. Планшетпен жұмыс істеу біздің жұмысымызды біршама жеңілдетті әрі жеделдетті деуге болады. Үлкен шаруашылықтарды, жеке аулаларды аралау барысында атқарылған жұмыс, яғни малды тіркеу, профилактикалық іс-шаралар, екпе жасау бірден сол жерде планшет арқылы базаға енгізіледі, – дейді «Ветеринарлық пункттері бар Талдықорған қаласының ветеринарлық стансысының» ветеринар дәрігері, осы салада 13 жылға жуық уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан Әйгерім Бекбосынова.
Жалпы өңірде алдын алу шараларына, соның ішінде заманауи диагностикалық зерттеулерге, екпе жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді. Жануарлардың аса қауіпті ауруларының қолайсыз ошағының саны он екіден төртке азайды. Сонымен қатар, мал өлігін көметін 26 орын ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкестендірілді. Алдағы уақытта бұл жұмыс жүйелі жалғасады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі