Олардың айтуынша, бүгінде облыс тұрғындары әлеуметтік азық-түлікпен толық қамтамасыз етілуде. Азық-түлік тапшылығының алдын алу мақсатында маусымаралық келісімшарттар негізінде жалпы көлемі 4597 тонна көкөніс дайын. Сондай-ақ, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы айналым тетігімен жаңа келісімшарттар жасалуда.
Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және халық үшін азық-түлік тауарларының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қазіргі уақытта жұмыс күшейтілген. Талдықорған қаласының халқы тығыз орналасқан аудандарда қосымша көшпелі сауда ұйымдастырылды. Мәселен, бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының әлеуметтік нүктелерінде қырыққабаттың келісі 200, сәбіздің келісі 160, пияздың келісі 125, картоптың келісі 250, күріштің келісі 380, бір пакет тұз 65, бір литр күнбағыс майы 510, 1 келі қант 425 теңгеден саудалануда. Одан бөлек қорда келісімшарт бойынша алынған 8,5 млрд. теңге көлеміндегі 22,5 мың тонна тауар бар.
Облыста жалпы сыйымдылығы 39,7 мың тонна болатын 18 картоп, 7 көкөніс, 6 жеміс қоймасы жұмыс істейді. Оның 14-і заманауи жабдықтармен жабдықталған. Бұдан басқа, облыста бірқатар заманауи жеміс қоймалары пайдалануға берілді. Әлеуметтік тауарлардың дені апта сайын өтетін ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде саудаланады. Жыл басынан бері облыста 177 жәрмеңке өтіп,1740 млн. теңгенің өнімі саудаланған.
Аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін түбегейлі шешу үшін агроөнеркәсіптік кешен саласына да ерекше ден қойылған. Биыл осы бағытта 8 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Демек, бүгінде азық-түлік бағасы тұрақты, осы мақсаттағы жұмыстар тыңғылықты жүргізілуде.
Қажет АНДАС