Қазақстанда биологиялық белсенді қоспалардың (ББҚ) айналымына бақылау күшейтіледі. Енді мұндай өнімдерді сату тек мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ғана рұқсат етіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады, деп жазады 7-su.kz желілік басылымы Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
ББҚ сату үшін қандай талаптар бар?
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, елімізде биологиялық белсенді қоспалар Кеден одағының техникалық регламенттеріне толық сәйкес келуі тиіс. Өнім алдымен мемлекеттік тіркеуден өтіп, Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Бірыңғай тізіліміне енгізілуі қажет. Тек осыдан кейін ғана сатылымға шығарылады.
Тіркеуді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жүргізеді. Ол үшін Қазақ тағамтану академиясы мен ЕАЭО елдеріндегі өзге де ғылыми-зерттеу институттарының сараптамалық қорытындылары негіз болады.
ББҚ сатылымға дейін не тексеріледі?
ББҚ өнімдері міндетті түрде зертханалық сараптамадан өтеді. Тексеру мынадай көрсеткіштер бойынша жүргізіледі:
Микробиологиялық, токсикологиялық және физика-химиялық қауіпсіздігі;
Дәрумендер мен белсенді заттардың белгіленген нормаларға сәйкестігі;
Тыйым салынған қоспалардың болмауы (уытты өсімдіктер, қайта өңделген жануар өнімдері, патогенді микроағзалар және зеңдер).
БАҚ-тағы жарнама мен таңбалауға бақылау күшейеді
2024 жылдан бастап ББҚ жарнамасына мониторинг жүргізіліп жатыр. Бұл бақылау әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнама шындыққа сай келе ме, әлде жоқ па – соны анықтауға бағытталған.
Ал 2025 жылдан бастап ББҚ-ны сәйкестендіру құралдарымен таңбалау бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Мұндай жүйе тұтынушыға өнімнің заңды және қауіпсіз екенін тексеруге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, дәрілік заттарды таңбалау жүйесі елімізде 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілген.
Қандай жағдайда ББҚ сатуға тыйым салынады?
Биологиялық белсенді қоспаларды келесі жағдайларда сатуға болмайды:
Мемлекеттік тіркеуден өтпеген;
Жарамдылық мерзімі өткен;
Сақтау шарттары бұзылған;
Қаптамасында құрамы, қарсы көрсетілімдері және өндіруші туралы толық ақпарат көрсетілмеген.
Тұтынушы нені ескеруі керек?
Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға ББҚ қолданбас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесуді ұсынады. Сонымен қатар, өнімді сатып аларда мына жайттарға назар аудару қажет:
Қазақстанда тіркеу куәлігінің болуы;
Өнім құрамының нақты әрі толық көрсетілуі («табиғи компоненттер» деген жалпылама сөздерден сақ болыңыз);
Өндіруші мен өндірілген ел туралы ақпарат;
Жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттары;
Қаптамадағы дұрыс таңбалау (қолдану тәсілі, қарсы көрсетілімдер мен сақтық шаралары).
Фото: Ru.freepik.com