Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева шетелге саяхаттауды жоспарлап жүрген азаматтарға маңызды кеңес берді. Оның айтуынша, жұқпалы аурулар таралған аймақтарға бару кезінде алдын ала вакцинация алу – денсаулықты сақтаудың ең тиімді жолы.
«Жақсы саяхаттың кілті – саяхатқа сауатты дайындалу. Заттарды жинау мен билет алу – тек алғашқы қадам. Ең бастысы – өзіңді инфекциялардан қорғау», – дейді Пірәлиева.
Қандай аурулардан қорғану қажет?
Ыстық климатты елдерде судың, тағамның және лас қолдардың әсерінен жұқпалы аурулар тез таралады. Кейбір мемлекеттерде ауа арқылы берілетін немесе маса шағуы арқылы жұғатын аса қауіпті инфекциялар жиі кездеседі. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) сапарға шығардан 4-8 апта бұрын вакцина алуға кеңес береді. Себебі кейбір екпелер бірнеше кезеңнен тұрады, ал иммунитет қалыптасуы үшін кемінде 2-4 апта қажет.
Қай ел қандай екпені талап етеді?
Сары безгекке қарсы вакцинация – Африка мен Оңтүстік Американың бірқатар елдеріне (мысалы, Габон, Бразилия, Перу) бару үшін міндетті. Бұл ауру аса қауіпті, емделмейді және масалар арқылы таралады.
Менингококк инфекциясына қарсы вакцинация – Сауд Арабиясы секілді мемлекеттерге кіру үшін талап етіледі. Бұл инфекция Орталық Африкада және Оңтүстік Америкада жиі кездеседі және көбінесе өлімге әкеледі.
Іш сүзегіне қарсы вакцинация – Антисанитария кең таралған Африка, Азия және Оңтүстік Америка елдеріне барар алдында ұсынылады. Екпені сапарға шығардан 10-14 күн бұрын алу керек.
Кене энцефалитіне қарсы вакцинация – Қазақстанның кейбір аймақтары, Ресей мен Еуропаның бірнеше елінде таралған бұл ауру мүгедектікке және өлімге әкелуі мүмкін. Вакцинацияны саяхатқа дейін бір айдан бірнеше ай бұрын жасау ұсынылады, бірақ жеделдетілген схема бойынша аралықты екі аптаға дейін қысқартуға болады.
Тек екпе емес – толық сақтық қажет
Жанна Пірәлиева вакцинация – маңызды, бірақ жалғыз қорғаныс құралы емес екенін еске салады. Мәселен, кене энцефалитінен екпе арқылы қорғануға болады, алайда кенелер басқа да ауруларды жұқтыруы мүмкін. Сондықтан туристерге жеке сақтық шараларын да ұстану ұсынылады:
таза су ішу, жуылмаған тағамнан бас тарту, жеке гигиенаны сақтау және жәндіктерден қорғану құралдарын пайдалану.
«Ең бастысы – өз денсаулығыңыз үшін жауапкершілікті өзіңіз алғаныңыз жөн. Себебі ешкім сізге өзіңіздей жақсы қамқор бола алмайды», – деді ведомство өкілі.
Дереккөз: baq.kz
Фото: pixabay.com