Биыл Алматы мемлекеттік циркіне 55 жыл толды. Осыған байланысты цирк қызметкерлері Талдықорғанда қайырымдылық қойылымын көрсетті.
Мамандардың мәліметінше, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған бұл шараға аймақтағы әлеуметтік осал топ санатындағы 700 бала цирк өнерпаздары ұсынған ғажайып қойылымды тегін тамашалаған. Олар негізінен аймақтағы көпбалалы отбасынан шыққан, ерекше қажеттіліктері бар және әлеуметтік мекемелердің тәрбиеленушілері.
Шара барысында сөз алған Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков жасөспірімдерге мерекелік қуаныш сыйлаған Алматы мемлекеттік циркін 55 жылдық мерейтойымен құттықтап, алғыс білдірді. Сондай-ақ, өнер ұжымының басшысына қала әкімінің ізгі тілегін жеткізіп, арнайы Алғыс хатын табыстады.
Ойынды тамашалаушылардың мерекелік көңіл-күй сыйлаған өнерпаздарға алғыстан басқа айтарлары жоқ. Цирктегі жарқын әсерге толы қойылым балалар үшін шынайы мерекеге айналып, көпшілікке шаттық пен күлкіге толы сәттер сыйлады. Ондағы жануарлармен өнер көрсеткен арнаулы әртістер, акробаттар мен клоундардың шеберлігі көрермендерді ерекше тәнті етті.
Еске сала кетсек, 970 жылы құрылған Алматы циркі қазақ халқының көшпелі тұрмысындағы жаугершілік, батылдық, ептілік, асау арғымақтарды бағындырып, ат құлағында ойнау сынды қызықты ойындарымен әйгілі. Ондағы өнерпаздар қатары Мәскеу эстрадалық-цирк училищесін, Саратов және Алматы эстрадалық-цирк студияларының түлектері мен дарынды цирк әртістері толықтырған. Бұл ұжым алғаш рет 1970 жылы 24 маусымда Самарада өнер көрсетіп, бірден бүкілодақтық даңққа ие болған. Аталған уақыт қазақ ұлттық цирк өнерінің туған күні деп танылып тарихта қалған. Ал, 1972 жылы Алматы циркі ерекше архитектурамен салынған «Сиқырлы киіз үй» ғимаратына көшкен. Ғимараттың бірегей сәулеті ерекшелігімен көз тартады және қала пейзажымен де үйлеседі. Циркте қызықты бағдарламалардан бөлек, халықаралық фестивальдар үнемі ұйымдастырылып, шетелдік әртістердік гастрольдік сапарлары өтеді. Циркке 4 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін.
Айдын КӘЛІМХАН