Осы орайда шаһар басшысы Жетісу облысының орталығында тұратын 6 ардагерге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығы бойынша «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін табыс етіп, сый-құрмет көрсетті. Олардың қатарында Базикен Оразова, Мапиш Шакенова, Гүлжауһар Райымбекова, Елизавета Полешко және Валентина Чукреева сынды ақ жаулықты әжелер бар. Бұл жолғы мерекелік медальға ие болғандардың бірі – әйгілі «Тақиялы періште» фильмінің бас кейіпкері, марқұм Әлімғазы Райымбековтің жары Гүлжауһар Райымбекова. Бүгінде жасы сексеннің сеңгіріне шыққан әженің балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, бұғанасы қатпастан егін салып, орақ орып көппен бірге тылда еңбек еткен. Отағасы екеуі 10 бала тәрбиелеп өсіріп, көпке сыйлы киелі шаңырақтың ұйытқысы болған. Қазір сол ұрпақтан тараған 20-ға жуық немере, 10 шөбере сүйіп мәпелеп отырған өнегелі әже.
Құттықтау барысында Ернат Дүйсенбекұлы сол бір зұлмат жылдары майдан даласындағы Отан үшін от кешіп, жанын қиған ардагерлердің ерен ерлігі мен батырлығы қашанда халқымыздың жадында сақталатынын жеткізді. Сонымен қатар, тыл еңбеккерлерінің табанды еңбегі жауынгерлерге үлкен демеу болып, жеңіске жетуге зор ықпал еткенін айрықша атап өтті.
– Ұлы Отан соғысына қатысқан батыр ардагерлеріміздің қатары жыл санап азайып барады. Қазіргі таңда Талдықорған қаласында небәрі 2 соғыс ардагері тұрады. Ғасыр жасаған қарт майдангерлердің ұрыс даласындағы жанқияр ерлігі – бәрімізге үлгі-өнеге. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлерімен қатар, тыл ардагерлерін де арнайы құттықтап, сый-сияпат көрсету – біздің парасатты парызымыз,– деді қала әкімі.
Еске сала кетсек, қазір Талдықорған қаласы бойынша 2 Ұлы Отан соғысының ардагері, 543 тыл еңбеккері және 24 соғыс жесірі тұрады. Олардың барлығына мемлекет тарапынан бір реттік арнайы жәрдемақы берілген.
Айдын КӘЛІМХАН