ҚР Көлік вице-министрі Сәтжан АБЛАЛИЕВ Жетісу өңіріне іссапары аясында жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Тұрғындармен кездесуде көлік және логистика, жол құрылысы, азаматтық авиация және министрліктің құзыретіне кіретін басқа да салалар бойынша азаматтардың сұрақтарына жауап берді. Жиналысқа облыс әкімінің орынбасары Әсет ҚАНАҒАТОВ қатысып, жұртшылық пікірін тыңдады.
Алдымен Сәтжан Айтенұлы жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жоспарлармен бөлісті.
– Кейінгі жылдары автомобиль жолдарының дамуына көптеген жақсы жағдайлар жасалды. Жергілікті және республикалық маңызы бар 12 мың шақырымнан артық жол салынып, инфрақұрылымның дамуына серпін берді. Осы тұрғыдан келгенде Жетісу облысындағы жол құрылысына барынша көңіл аударылды деуге болады. Айталық, аймақта Алматы – Талдықорған, Талдықорған – Өскемен жолы салынды. Сарыөзектен Көкталға дейінгі жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Жетісу облысы жол құрылысында жоспарланған жұмыстарды 90 пайыздан жоғары орындап, өзге облыстардың алдында келеді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Ендігі бір мәселе, автомобиль жолдарын күтіп ұстау бағытындағы жұмыстарды үйлестіру, – деді вице-министр.
Десе де жолаушыларды тасымалдау тұрғысында әлі де шешімін күткен түйткілдер бар. Осы мәселені шешу үшін жолаушы тасымалымен айналысатын мекемелерге мемлекет тарапынан демеуқаржы бөлудің маңыздылығын да вице-министр атап өтті. Осы бағытта министрлік тарапынан жұмыстар жасалып жатқанын да жеткізді.
Жетісу облысында өрмекшінің торындай тұтасқан теміржол жоқ. Дегенмен батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын шойын жолдардың тасымалы аймақтағы басты қатынас құралы санатында.
– Былтыр елімізде 143 жаңа жолаушылар вагоны сатып алынған болатын, ал биыл бұл көрсеткіш 226 бірлікке дейін артады. Қазақстандықтар мен шетелдік қонақтар арасында жоғары сұранысқа ие туристік локацияларда орналасқан ірі қалалардағы вокзалдармен қатар елді мекендер мен шалғай аудандарда орналасқан вокзалдар жаңартылады. Бұл орайда Жетісу облысындағы вокзалдар да жаңартылады, – деді көлік вице-министрі.
Жетісулықтар Талдықорғаннан Астана қаласына, жазғы шомылу маусымы басталғанда Талдықорғаннан Үшаралға көбірек ұшатыны болмаса, әуе көлігін пайдаланатындардың қатары аз. Алайда, аймақтағы туризм саласының өркендеуі ел ішіндегі басқа өңірлерге немесе шетелге ұшып барып, ұшып келетін қарым-қатынастың қалыптасқанын талап ететін күн келеді. Сондықтан әуе көлігінің инфрақұрылымын жақсарту мәселесін де назардан тысқары қалдырмаған дұрыс.
Кездесу барысында тұрғындар Алматы – Талдықорған жолының тозуы, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы вагондар санын арттыру, сондай-ақ авиацияны дамыту мәселелерін көтерді. Көпшіліктің сұрағына Сәтжан Айтенұлы барынша толық жауап беруге тырысты. Халықпен кездесуден кейін Сәтжан Аблалиев азаматтарды жеке қабылдап, қойылған барлық сұрақтар бойынша толыққанды жауаптар мен түсіндірулер берді.
Қажет АНДАС
Фото: egemen.kz