«Сайраған ізім жатыр жер бетінде…» деп дауылпаз ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, өзің дүниеге келіп, құлдыраңдап ойнап өскен жерде, туған елің азамат деп атқа қондырған алтын аймақта, өмір жолдарының бастауымен болған басқа да өңірлерде өзіндік қолтаңбаңды, ізіңді қалдырғанға, қалдыра білгенге не жетсін, шіркін!? Қашанда жақсылығыңа қуанып, сыртыңнан тілеулес болып отыратын ағайын-туған мен жора-жолдас, жалпы қалың көпшілік «Мына шаруаны азаматым атқарып кетіп еді, мына бір мәселе де соның бастамасымен шешілген болатын, өркені өссін!» деп марқайып отырса, сүйініштің көкесі, бақыттың нағыз өзі де сол емес пе? Бұл жағынан алғанда белгілі қоғам, мемлекет қайраткері, ел-жұртқа танымал азамат Серік Үмбетовті бақытты жан деуге болады.
Бүгінде «Жетісудың жауһар қаласы» атанып, уақыт өткен сайын құлпырып, жасаңғырай түсіп келе жатқан ару Талдықорғанның өткен тарихын Серік Әбікенұлынсыз көзге елестету қиын. Сонау бір жылдары шаруасы қожырап, тозыңқырап кеткен қаланың тіршілігі облыс орталығы статусын алғалы қайта жанданды. «Қайынына жүретін жас жігіттей, Талдықорған барады сұлуланып» деп кезінде Тұманбай ақын жырлағандай, шаһардың бүгінгі келбеті көңіл қуантып, көз сүйсінтетіндей дәрежеге жеткен. Сол қаланың тұлабойына қан жүгіртіп, еңсесін тіктеуіне көп еңбек сіңірген басшылардың бірі Үмбетов болатын.
БАРДЫҢ ТҮБІ ОҢАЛАР…
Жалпы еңбек етіп, қызмет атқарған жерлеріне балдай батып, судай сіңіп, сол өңірдің тумасындай болып кететін адамдар болады. Біз білетін Серік Үмбетов те сондай текті азаматтардың қатарында. Мұны «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», яғни бір өңірдің немесе бір рудың ғана жоғын жоқтама, жалпы ел-жұрттың қамын же деген тұжырымды берік ұстанған басшының асыл қасиеттерінің арқасы десек, ешбір асырып айтқандық бола қоймайды. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» дегендей, Серік Әбікенұлының мұндай қасиеттері көршілес аудандардан ғана емес, Қазақстанның батыс өңірінен, Түркіменстан мен Қарақалпақстаннан көшіп келген ағайындар қоныстанған Күрті ауданында қызмет атқарған жылдары, Алматы облысын басқарып, Талдықорғанда тірлік кешкен уақытта, Жамбыл облысына әкім болып, көне тарихы бар Таразды түрлендірген кезеңде әсіресе жарқырай көрінген. Содан кейін де шығар, бүгінде өзі туып-өскен Жамбыл ауданының жұртшылығы ғана емес, Күрті өңірі мен Талдықорғанның, көне Тараздың тұрғындарының қай-қайсысы да Серік Әбікенұлын өздерінің жерлесі, өздері өскен өңірдің азаматы санайды, соған орай орынды мақтан етеді.
Аудандар мен облыстар тарап, іріленіп жатқан 1997 жылы аз да болса мәз тарихы бар Күрті ауданының да таратылатыны мәлім болды. Сол кезде осы уақытқа дейін айтарлықтай лауазымды қызметтер атқарып келген азаматтардың алдағы уақытта немен айналысып, қандай қызметке орналасатыны, қай өңірге қоныс аударатыны жөніндегі мәселе туындады. Шамасы келгендер Алматы сияқты ірі қалаларға қоныс аударып жатты. Әйтсе де тіршілігі қайнап жатқан үлкен мегаполистен бәріне бірдей қызмет пен жайлы пәтердің табыла қоймайтыны айқын еді. Сондай бір қиын шақта осы өңірдің туғанындай болып кеткен арқасүйер азамат Серік Әбікенұлының көмегі көпшілікке тиген болатын. Бұған дейін де күртілік тұрғындар арасында бірнеше рет жиын өткізіп, жағдайды түсіндірген облыс әкімінің бірінші орынбасары ауданның тарауына байланысты Алматы қаласына немесе басқа да аудан орталықтарына көшіп барған азаматтарға қызметке орналасуға барынша көмектесетінін ашып айтты.
Мұның тамыр-таныстық немесе жақындарын лауазымды қызметтерге тағайындау деген мәселемен үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны анық еді. Өйткені, ауданның тарап, ойламаған жерден қиындық көріп жұмыссыз қалған тұрғындардың, соның ішінде кешегі білікті деген қызметкерлердің жан-жаққа көшіп жатқанына ешкім де кінәлі емес қой. Олардың көпшілігі ертеңгі күніміз не болады дегендей дүдәмал, алаңдаулы күйде болды. Дәл осындай жағдайда қол ұшын созғанды басшылық міндетін атқару ғана емес, тарап жатқан аудан азаматтарының алдындағы адамгершілік парызын өтеу десе болғандай еді. Осы аудандағы шаруашылықта еңбек жолын бастап, бригадирліктен кеңшар директорлығына дейінгі қызмет баспалдақтарымен жүріп өткен, содан кейінгі жерде Тоқаш Бокин атындағы кеңшарды басқарып, ауданға жемісті басшылық жасаған Серік Үмбетов бұл орайдағы азаматтық парызын ойдағыдай өтеп, үлкен адамгершілігін танытты. Алматы қаласы мен оның айналасындағы аудандарға көшіп барған азаматтардың барлығы дерлік жұмыспен, қызметпен қамтылды. Олардың барлығы сол өңірдің жергілікті тұрғындары мен ауданға тағдырдың қалауымен жан-жақтан, соның ішінде, жоғарыда айтып өткеніміздей, басқа республикалардан көшіп келіп қоныстанған қандастарымыз болатын. Бүгінде олар кездесе қалғанда бір-біріне көптен көріспей кеткен бауырлардай құшақ жаяды, сағынысып қалған туыстардай шұрқырасып табысады. Олардың бәрін біріктіріп жіберген де басшылықтың ешкімді алаламай қандай жағдайда болсын тең ұстауы, қызметке туыстық, жерлестік жағына емес, іскерлік қасиеттеріне қарап тағайындауы әсер еткендігі анық еді.
Ақшиге алыстан ат арытып көшіп келген сондай қандастарымыздың бірі бұрындары Қарақалпақстанда тірлік кешкен Алпысбай деген азамат болатын. Алғашында шама-шарқынша қарапайым ғана баспана тұрғызып, қоршауын жергілікті материалдардан құрап алған Алпекең болашақта кеңшар директорымен, аудан әкімімен көрші боламын деп ойламаған да шығар-ау. Көрші болған кезде де аудан басшысымен күнделікті тілдесіп, жақын араласып кетемін деген ойды көңіліне ұялатпаған. Әйтсе де «Көрші ақысы – Тәңір хақысы» деген тұжырымды берік ұстанатын Серік Әбікенұлы Алпекеңді жақын тартып, көмектесіп тұруды әдетке айналдырды. Ең алдымен көше жақтағы, екі арадағы қоршауын түзеп беріп, дүкен сөрелері бос қалған сонау тоқсаныншы жылдары көршісінің ұсақ-түйек керек-жарағына дейін көмектесті. Кейінгі жылдары Алпекеңнің бұрынғы көршісін іздеп Алматы мен Талдықорған, Тараз бен Астана қалаларының арасында апталап сапарлап жүргеніне талай рет куә болдық. Аудан тарағаннан кейінгі жылдары ол Қарасай ауданының бір елді мекеніне қоныс аударып, жайлы мекенге жайғасты.
Серік Әбікенұлы дәл осындай қарапайым қалпынан аз ғана уақыт Кегенде тұрғанда да, қызмет бабымен Алматы мен Талдықорғанда, Тараз бен Астанада тірлік кешкенде де айныған жоқ. Ақшиде абыз қария Абылай ақсақалды қалай құрметтесе, Жетісуды басқарған жылдары Сейдахмет Қосжанов, Наурыз Қылышбаев, Егеубек Далбағаев, Совет Оразаев, Әлімқұл Жамбылов, Әлмен Аханов секілді қарияларды да солай қадірлеп, баталарын алып, абыройларын асқақтатып отырды. Өмірдің ащы-тұщысын татып, көпті көрген, көңілдеріне де көп нәрсе түйген қарияларға көшеде көлігін тоқтатып сәлем беретін әдетінен еш жамандық көрген жоқ. Соның жарқын белгісіндей болып Серік Әбікенұлына деген шынайы алғыс пен ақ тілек арқалаған жылы лебіздер «Жетісу» газетіне облысымыздың түкпір-түкпірінен ғана емес, көршілес Жамбыл облысынан да көптеп келіп жататын.
«Бардың түбі оңалар, жоқтың түбі жоғалар», «Жоқ», «жоқ» дей берсең жоқшылық төріңе шығып отырып алады». Серік Әбікенұлының өмірден түйген тұжырымдарының бірі осы ақиқатқа келіп саяды. Содан кейін де шығар, сонау тоқсаныншы жылдардың өзінде ол кісінің аузынан «жоқ» деген сөзді естімеппіз. Аудан мен облысқа басшы болып жүрген жылдары қиындық көріп алдына келген адамдардың тауанын қайтармайтын. Заң талабына сай қол ұшын созудың жөні келмесе, іскер азаматтарға өтініш жасап, көмектесудің әйтеуір бір ретін табатын. Содан кейін де шығар, ақын Рафаэль Ниязбек өзінің Серік Үмбетовке арнаған «Болашақтың төрінен көрем сені» атты поэмасында үй ала алмай тарығып, зарығып жүрген қарияға «Үмбетовке барыңыз» деген кеңес береді.
Қадіріңді ер жоқта білсін бе елің,
Күңіреніп, ақсақал, күрсінбегін.
Үмбетовке барсаңыз жағдай айтып,
Ашылады бұлтынан тылсым көгің, – деген тебіреніске толы жолдар көп жайттан хабар беретіндей.
Дәйім халықтың ішінде жүріп, көпшіліктің ойын, көңіл-күйін дөп басатын ақын бұл поэмасында да сол көпшіліктің атынан сөйлей келіп:
Серік мырза!
Жолыңды кім кеседі,
Көңіліңнен көктем боп жыр еседі.
Қайда сапар шексең де,
Ізіңе ылғи
Жақсылықтың тербеліп гүлі өседі, – деген түйін жасайды.
Шынында да Үмбетов жүрген жерде ізгіліктің гүлі өсіп, татулық пен береке шынарының тербелетіндігі рас.
Дәл осындай принципті заманымыздың біртуар тұлғасы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев ұстанған деседі. «Қарапайым адам республиканың бірінші басшысына оңайлықпен кіре алмайды. Ондай адамдар басқа жерде шешімін таппаған өтінішімді енді осы кісі орындай ма деген үлкен үмітпен келеді. Содан кейін де ол адамның тілегін мүмкіндігінше қайтармаған жөн», – дейді екен Димекең.
Серік Әбікенұлының ұлтжандылығы, адамгершілігі бір көрген адамға да байқалып тұрады. Соған орай мына бір жайтты айтпай кетуге болмайтын секілді. Жол түсіп Қытайдың Үрімжі қаласына барған ол негізгі жұмысы аяқталғаннан кейін қала аралауға шығады. Ондағы ойы – қаламен, оның тұрғындарымен жақынырақ танысу, реті келіп жатса сол жақта көптеп тұратын қандас ағайындармен әңгімелесіп, жағдайларын білу. Ойлағанындай-ақ көшеден екі қазақ жігіті кездесе кетеді. Шет жақта тірлік кешіп жүрген азаматтардың жүздері жабырқаңқы, киімдері де жүдеу көрінген соң қарсы болғандарына қарамай екеуіне бір қабат киім сатып әпереді. Тамақтанып отырып ақтарыла әңгімелеседі.
– Аға, осы жердің тәртібімен тәрбиеленіп, қазақтың бауырмалдығы мен қайырымдылығын ұмыта бастадық. Үлкендеріміз қазақтай қасиетті халық жоқ дегенді ауыздарынан тастамайды. Сізден сол нағыз қазақылықты танып, көріп тұрмыз. Өзіңізбен сөйлесе келе Қазақстанға қоныс аударғандар қандай бақытты деген ойға қалдық. Алла бұйыртса, біз де елге жетерміз, – деп тебіренген жігіттер ойда жоқта кездескен ағаларын қонақүйге дейін шығарып салып, қимай қоштасқан.
ҰЛТ МӘДЕНИЕТІНІҢ
ЖАНАШЫРЫ
Алматы облысының орталығы өзгергенде ең алдымен талдықорғандықтардың қатты қуанғаны белгілі. Әйтсе де бірқатар шалғай аудандар тұрғындарының, әсіресе Алматы өңірі тұрғындарының арасында бұл шаһарды өмірінде көрмеген адамдар да жоқ емес еді. Олардың көңілінде «Талдықорған қандай қала болды екен, шаһарда қандай өндіріс орындары, нендей оқу орындары бар, ол жаққа қалай жетуге болады?» дегендей дүдәмалы көп сұрақтар да болды. Өз кезегінде Алматы қаласының маңындағы аудандар мен қалалардың жайын жетік біле білмейтін жерлестеріміз бұл аймақтан да көптеп кездесетін. Алматы облысында Үмбетовтің бастамасымен өткізіле бастаған аудандар мен қалалардың мәдени күндері осы дүдәмалды шешу, екі өңір тұрғындарын осындай шаралар арқылы жақындастырып жіберу мақсатымен ұйымдастырылған болатын. Алға озып кетіп айтатын болсақ, бұл мақсат ойдағыдай орындалды.
Облыс орталығындағы азық-түлік бағасының шарықтап кетпеуіне шаруалардың өз өнімдерін еркін саудалауына мүмкіндік беретін коммуналдық базар қазіргі кезде де үлкен ықпал етіп отыр. Қала тұрғындарының жайын ойлап бұл базардың да негізін қалап, ұйымдастырған Серік Үмбетов болатын.
Біраз күннен кейін еліміз бойынша Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні аталып өтеді. Байланыс қызметкерлерін қайдам, журналистердің кәсіби мерекесі Жетісу өңірінде өзгеше тойланады. Жыл бойы жемісті, белсенді жұмыс істеген журналистерді облыс әкімі қабылдап, марапаттайды. Мерейлі шарадан республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары мен өңірімізде жұмыс істейтін меншікті тілшілер де қалыс қалмайды. Бір сөзбен айтқанда Алматы қаласы мен облысының журналистері осы күні көтеріңкі көңіл-күйде бас қосып, арқа-жарқа болып қалады.
Мұны айтып отыруымыздың да өзіндік себебі бар. Олай дейтініміз, игі дәстүрді лайықты жалғастырып, мерекелік бас қосуға республикалық басылымдардың бас редакторларын қатыстыру жөніндегі шешімді қабылдаған да Серік Әбікенұлы болатын. Осылайша мерекелік шара түрлі меншіктегі басылымдар бас редакторларының, өңірдегі жетекші журналистердің өзіндік бір келелі кеңесіне айналғандай әсер қалдыратын. Ондай басқосуларда басқа мәселелермен бірге өңірде осы уақытқа дейін шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер де көтеріліп, небір салмақты ойлар ортаға тасталып, көп ретте кейіндері жүзеге асырылып жататын құнды ұсыныстар да айтылатын. Орайы келгенде айтып өту керек, Серік Әбікенұлы қалыптастырған бұл дәстүр бүгінгі күнге дейін жүйелі жалғасуда.
Ұлт мәдениетінің жанашыры облыстық «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттері таралымының айтарлықтай молайып, жағдайының жақсаруына да көп ықпал етті. Облыс әкімі лауазымына тағайындалғаннан кейін араға шамалы ғана уақыт салып екі газеттің ұжымымен кездесу өткізген Серік Әбікенұлының назар аударған ең басты мәселесі басылым журналистерінің жағдайларын жақсарту болды. Нәтиже де көп күттіре қойған жоқ. Қос газеттің де материалдық базасы нығайды. Соған орай мазмұны да байып, оқырмандарының қатары айтарлықтай молайды.
Қай кезде де журналистердің мерейін асырып отыратын Серік Әбікенұлы ақын-жазушылар мен басқа да өнер адамдарына жағдай жасауды да ұмытқан жоқ. Сол жылдары облыс аумағында тұратын, қаржы тапшылығына байланысты кітаптарын шығара алмай жүрген қаншама ақын-жазушылардың, суретшілер мен сазгерлердің шығармалары облыс әкімінің қамқорлығымен кітап болып басылып шықты. Бұл мақсатқа арнап сол кезде жылына 30 миллион теңгеден астам қаражат бөлінетін.
Дарынды қаламгерлерге, көп ретте жұмыссыз қиындық көріп жүрген ақын-жазушыларға облыс әкімінің стипендиясы тағайындалды. Облыс аумағында тұратын қаламгерлерді әр тоқсан сайын белгілі бір ауданда, табиғаты көркем жерлерде қабылдауы бүгінде ұмыт бола бастаған шығармашылық сапарларды еске салатындай еді. Ақын қауымы ондай сапарлар барысында шабыттарын шалқытып жыр нөсерін ағытса, жазушылар келелі ой толғап, тағылымды сыр шертетін. Ал енді оның жекелеген қаламгерлерге көрсеткен құрметі өз алдына бөлек әңгіме. Марқұм Еркін Ібітановтың мына бір өлеңі сондай бір құрметтен кейінгі тебіреністің жемісі екендігі анық.
Мың алғыс саған бүгін, Серік інім,
Ұшырдың көкке қарай мені бүгін.
Өйткені Еркін атты тақыр ағаң,
Шалқайып ішінде отыр көлігіңнің.
Шынында мен пенде едім, пақыр едім,
Өмірімді өлеңге сатып едім…
Алайда жыр додасын сырттан бағып,
Тауымның шатқалында жатыр едім.
Өтті менің қия жол – белес күнім,
Белестерден жеткізбес елес қудым.
Серігім, соны сезіп қаладағы,
Апайтөс ақындармен теңестірдің.
Ол, рас, халқым мені желпін дейді,
«Мұқағали інісі – Еркін» – дейді.
Сондықтан да бұл ағаң кей кездерде,
Өлеңінің лебінен өрт үрлейді…
Сен сыйладың – Мен лаулап
жалындадым,
Бұл, сірә, жалқаулықтан арылғаным!
Сыйлағаның – сенгенің!
Түсінемін…
Сенгеніңді сертім деп қабылдадым.
ТІЛГЕ ЕСКЕРТКІШ
ОРНАТҚАН ТҰҢҒЫШ АДАМ
Әр қала мен әрбір облыс орталығының басқа елді мекендерге ұқсай қоймайтын өзгешеліктері, өзіне ғана тән айшығы мен ерекшеліктері болады емес пе? Сол сияқты Талдықорғанның да өзіндік ерекшеліктері жоқ емес. Бұл жайында сөз болғанда ойымызға облысты Серік Әбікенұлы басқарып тұрған кезде салынған немесе салына бастаған «Жастар» спорт сарайы мен Достық үйі, Тіл сарайы, орталық мешіт, теннистік корт пен көгалдағы хоккей стадионы сияқты әсем ғимараттар, ұлттық салт-дәстүрлерімізді ардақтау мен салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісіндей болып көз тартып тұрған ақшаңқан киіз үйлерге орналасқан қымызханалар оралады.
Аталған ғимараттардың қай-қайсысы да қала қонақтарына мақтана көрсететін сәулетті құрылыстар. Мәселен, қазақтың киіз үйінің шаңырағы үлгісінде дөңгеленте салынған, қаланың дәл кіреберісінде орналасқан Спорт сарайы шаһар қонақтарының назарын бірден аударады. Аталған ғимарат заманауи талаптардың қай-қайсысына да сай келетіндіктен бүгінде мұнда облыстық қана емес, республикалық деңгейдегі спорттық жарыстар да жиі өткізіледі. Облыстық, қалалық деңгейдегі түрлі шараларды өткізуге де таптырмайтын орын.
Тіл сарайы республикамызда ғана емес, әлемнің ешбір елінде кездеспейтін өзгеше құрылыс десек, ешбір асырып айтқандық бола қоймайды. Мұның өзі ең алдымен Үмбетовтің мемлекеттік тілге деген айрықша құрметін білдіретіндей. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған шаралардың барлығына қолдау білдіріп отыратын әкім алқалы жиындарда, жұмыс сапарымен барған жерлерінде дәйім ана тілінің мерейін асырып отыратын. Аталған ғимаратта қазіргі уақытта да мемлекеттік тіл мерейін өсіретін шаралар көптеп өткізіледі.
Бүгінде мұнда 702 тыңдаушы үш тілді оқып-үйренеді. Ғимараттың сәулетті дөңгелек залында өтетін үлкен жиындарда жасалынған баяндамалар мен сөйленген сөздер қажет болған жағдайда қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне тікелей аударылады. Әсем сарай әдебиет пен өнерді насихаттап, жас дарындарға қанат беретін өзіндік бір орталыққа айналған. Сол сарайда тіл жанашырына арнап жыр толғаған ақын Ахмет Кендірбекұлы былай деп тебіренген болатын:
Көптен берi арылмай мұң-құсадан,
Туған тiлiм Күн емес, түн құсаған.
Сiз болдыңыз, жан аға, жер бетiнде,
Тiлге ескерткiш орнатқан тұңғыш адам!
Оң жағымда перiште тұрса дәйiм,
Қоржыныма үш тоғыз жыр салайын.
Қазақ тiлi қапаста қалмасын деп,
Тұрғыздыңыз таудай ғып Тiл сарайын!
Ақындардың соңында жыр қалмас па,
Жақсылардың соңында нұр қалмас па!
Тiл сарайы рухқа ескерткiш қой,
Не бар дейсiз киелi Тiлден басқа?!
Тiл деп, ел деп, еңбек қып кейiнгiге,
Жол аштыңыз әрдайым зейiндiге.
Алты асқардан алысқа көз салыңыз,
Көңiлдегi көк тұман сейiлдi ме?
Жайнап жатыр Жетiсу бақ орнаған,
Қайнап жатыр жетi өзен ақ арнадан.
Жетi құт босағаңды майлағанда,
Жатың да ешбiр кiнә таға алмаған.
Содан ба, жаныңызға ән құйылған,
Сондықтан алпыс арай таң бұйырған.
Алатаудың басынан қараңызшы,
Қолтаңбаңыз көрiнер әр қиырдан.
Ол – Сiздiң өнегелi өткенiңiз,
Алпысқа абыроймен жеткенiңiз.
Жетпiс, сексен, тоқсанға
тоқталмастан,
Жүз жасты қанжығаға бөктерiңiз.
Жамбыл-жаста болсыншы өткелiңiз!
Тіл сарайымен қатар орналасқан Достық үйі де өзіндік сәулетімен көз тартады. Рас, мұндай ғимараттар басқа облыс орталықтарында да бар. Әйтсе де Талдықорғандағы Достық үйі алғашқылардың бірі болып бой көтергендігімен, өзіндік әсем сәулетімен ерекшеленеді. Мұнда да өңірдегі саналуан ұлт өкілдерінің бас қосып, мәдени орталықтарының жұмысын өрістетуге, салт-дәстүрлері мен тілдерін жаңғыртуына барлық жағдай жасалынған.
Үмбетовтің имандылықты берік ұстанып, арақ-шарап пен темекі сияқты зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстайтыны көпшілікке белгілі жайт. Бұл әдетін білетіндер ол бар жерде дастарқанға спиртті ішімдіктерді жолата қоймайды. Ол кісімен сапарлас болудың сәті түсіп тұрған азаматтардың да бұл ретте ондай әдеттерінен тартынып қалатындығы байқалады. Өз кезегінде Серік Әбікенұлы дәйім қымыз бен шұбат сияқты ұлттық сусындарымызды дәріптеп жүреді. Дәріптеп қана қоймай дертке дауа, тәнге қуат беретін ұлттық сусындарымызды тұрғындардың көптеп тұтынуына жол ашып, қолжетімді болуына қамқорлығын аямайды. Алматы облысына әкім болған жылдары Талдықорған қаласының өзінде бір мезгілде 19 қымызхана ашқызып, шаһардың әр тұсына орын тепкен ақшаңқан киіз үйлер арқылы онсыз да сұлу қаланың айшығына айшық қосып, қайталанбас ұлттық реңк бергені бұл сөзімізге дәлел бола алады.
Сол жылдары мұндай қымызханалар Талдықорған қаласының ғана емес, облысымыздың басқа да елді мекендерінде көптеп бой көтерді. Алғашында «оған кім барады?» дегендей күмәндана қарағандардың күдігі көп ұзамай-ақ сейілген. Бірте-бірте ондай дәмханалар тұрғындар мен қала қонақтарының, соның ішінде жастардың да қуана баратын сүйікті демалыс орындарына айналған. Мұнда тұсаукесер мен сүндеттой, тілашар мен құда күту, туған күн сияқты аса көп адам қатыспайтын шаралар жиі аталады.
Сыртқы ажары айшықты киіз үйлердің іші де өзгеше көз тартады. Ұлттық нақышпен әсем өрнектелген бұйымдар мен құрақ көрпелер, керегенің тұсына ілінген аң терілері мен домбыра, қобыз сияқты саз аспаптары, дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамдар мен сусындар қалай дегенмен де қазақтық мақтанышыңды оятпай қоймайды. «Мың рет естігеннен бір рет көрген жақсы» дегендей, мұндай киіз үйлердің балаларың мен немерелеріңе ғасырлар бойы бабаларың тірлік кешкен баспананы көрсетіп, олардың ұлттық танымдарын кеңейтуге де таптырмайтын нысан екендігі анық.
ТАРИХТЫ ТАСПЕН
ЖАЗҒАН
«Өлі риза болмай тірі байымайды», «Өсетін ел тарихын таспен жазады, өшетін ел тарихын жаспен жазады» дегендей тұжырымдардың астарында үлкен пәлсапалық ойдың жатқаны анық. Расында тәуелсіздікке қол жеткізген соң күні кешеге дейін әдейі бұрмаланып келген тарихымызды қайта зерделеп, ел басына күн туған шақта қол бастаған көсемдеріміз бен сөз бастаған шешендеріміздің, батырларымыз бен билеріміздің аттарын жаңғыртып, ескерткіш қойып жатқан жағдайымыз бар. Тарихты таспен жазу, соған орай өмірден өтіп кеткен асылдарымыздың рухтарын риза ету, Аллаға сыйына отырып аруақ сыйлау деген тұжырым да, түптеп келгенде, осы ұғымның аясына сыймай ма? Халқымыздың өткен тарихын зерделей жүретін Серік Әбікенұлы осы тұжырымды мықтап ұстанады. Содан кейін де мемлекет, қоғам қайраткерінің бастамасымен, тікелей басшылығымен, жекелеген жағдайларда оның өз қаржысымен тұрғызылған ескерткіштер Жетісу жерінде де, көне Тараз өңірінде де көптеп саналады. Оның барлығын санамалап шығудың қажеті де бола қоймас. Тек бұл қатарда қазақтың қаншама руларының түп атасы Бәйдібек пен Қазыбек бек сынды билер мен Қарасай, Наурызбай, Райымбек, Өтегендей батырлардың, Сүйінбай мен Жамбыл, Кенен секілді ақындардың, Тұрар Рысқұлов пен Дінмұхаммед Қонаев тәрізді ұлт қайраткерлерінің, Зеріп пен Сыландыдай қасиетті аналардың, Бауыржан Момышұлы мен Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асанова сынды қазіргі заман қаһармандарының бар екендігін айта кетейік. Толықтай келтіретін болсақ, бұл тізімді ұзыннан ұзақ соза беруге болады.
Ескерткіштердің бүгінгі ұрпақ өкілдерінің өткен тарихқа деген құрметін оятып, мақтанышын тудыру үшін ғана емес, келер ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу үшін де қажет екендігін ескерсек, Серік Әбікенұлының еліміз ертеңінің жарқын болуы мақсатында қаншама тағылымды істер атқарғандығын байқаймыз. Түптеп келгенде оның жер жаннаты Жетісу жерінде біз санамалап өткен игілікті істерімен қоса Жамбыл облысында жүзеге асырған жемісті жұмыстары да жаңағыдай ескерткіштердің қатарына жататындай. Басқасын айтпағанның өзінде Үмбетовтің Жамбыл жерінде Амангелді газ кенішін іске қосу мақсатында атқарған жұмыстарының өзі не тұрады? Көпшіліктің алғысын алудың өзі сол көпшіліктің құрметіне бөлену деген сөз емес пе?
Бұл айтылғандар кезінде Алматы мен Жамбыл сияқты іргелі облыстарды басқарып, ҚР Ауылшаруашылығы министрі, ҚР Президентінің Іс басқарушысы лауазымдарында жемісті жұмыс істеген, бүгінде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болып отырған Серік Әбікенұлы Үмбетовтің атқарған жарқын істерінің бір парасы ғана. Елбасының сенімді серігі атанған халық қалаулысының Парламенттегі бүгінгі қызметі жайына келер болсақ, ол өз алдына бөлек әңгіменің тақырыбы.
Өмірбаян жолдарынан:
Жамбыл ауданының Прудки (қазіргі Аққайнар) ауылында 1950 жылдың 19 маусымында дүниеге келген.
Алматы зооветеринарлық институтын бітірген (1983), мамандығы зооветеринар.
1974 жылдан – Алматы облысы, Күрті ауданындағы Т. Бокин атындағы кеңшардың бригадирі, ферма басқарушысы, бас зоотехнигі, партия комитетінің хатшысы.
1985 жылдан – Алматы облысы, Күрті ауданы, «Желтораңғы» кеңшарының директоры.
1988 жылдан – Алматы облысы, Кеген ауданы, ААӨБ төрағасы.
1989 жылдан – Алматы облысы, Күрті ауданы, Т. Бокин атындағы кеңшардың директоры.
1992 жылдан – Алматы облысы, Күрті ауданының әкімі.
1994 жылдан – Алматы облысы әкімінің орынбасары.
1996 жылдан – Алматы облысының әкімі.
1997 жылдан – Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары.
1999 жылдан – Жамбыл облысының әкімі.
14.05.2004 жылдан – ҚР Ауылшаруашылық министрі.
08.2005 жылдан – Алматы облысының әкімі.
13.04.2011 жылдан Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы.
2012 жылдан – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
«Парасат» (15.12.2002), III дәрежелі «Барыс» ордендерімен, «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен, Ұлттық Олимпиада комитетінің алтын орденімен марапатталған.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ