Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет басшысының айтуынша, бұл мәселе қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі жанынан құрылған арнайы жұмыс тобының қарауында. Аталған топқа Қаржы министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кірген.
«Жұмыс тобы 2023-2024 жылдардағы статистикалық деректерді ескере отырып, азық-түлік пайкасының құнын қайта есептеумен айналысып жатыр. Сонымен қатар есептеу әдістемесін жетілдіру мен әскердің өз-өзін азық-түлікпен қамтамасыз етуге көшу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр», – делінген премьер-министрдің жауабында.
Олжас Бектенов инфляция мен нарықтағы бағаның өзгеруін ескере отырып, пайка құнын тұрақты түрде қайта қарап отыру тетіктерін енгізу мәселесі де күн тәртібінде екенін атап өтті. Бұған қоса, әскери қызметкерлердің тамақтану сапасын қоғамдық ұйымдардың бақылауымен қамтамасыз ету ұсыныстары да талқылануда.
Айта кетейік, бұған дейін бір сарбаздың күнделікті тамақтануына 2 225 теңге бөлінетіні айтылған болатын. Бұл сома қазіргі экономикалық ахуал мен баға өсімін ескере отырып, жеткіліксіз деген сын-пікірлердің жиі айтылуына себеп болды.