20 жастағы Арлан Құсайынов сот процесіне куәгер ретінде қатысты. Ол айыпталушылар мен жәбірленушілерді танымайтынын мәлімдеді. Құсайыновтың айтуынша, ол оқиға болған күні, қазан айының басында, Талғар қаласындағы әкімдік алдында үш көлікте тұрған достарымен бірге болған.
«Біздің досымызға, Данияр Жанболатқа анасы қоңырау шалып, ‘ана жақта оқ атып жатыр, үйге қайтыңдар’ деді. Сосын біз топ болып автобаза жаққа бет алдық. Мен ең соңғы болып жеттім, сол кезде достарым тарқап кетіпті», – деді куәгер.
Сотта жауап берген екінші куәгер – Данияр Жанболатұлы. Ол «Қамажай» дүкенінің маңында болған оқиғаның кейбір сәттерін баяндады. Оның айтуынша, сол түні анасы уайымдап, қоңырау шалған. Телефон арқылы жылаған адамның дауысын естіп, бірдеңе болғанын сезген.
«Үш көлікпен сол маңға келдік. Дүкеннің алдында жарақат алған жігіттерді ғана көрдік. Қателеспесем, олар Шерзаттың достары еді. Біреуінің басында жарақаты болды. Біз төбелес болды ма деп ойладық. Бұлай ушығарын білмедік», – деді ол.
Сондай-ақ, Данияр Жанболатұлы көршісінің көрсеткен бейнежазбасы туралы айтты. Оның сөзінше, видео әлеуметтік желіде таралған және ол үйдің төртінші қабатынан түсірілген.
Қазіргі таңда бұл іс қоғамда кең талқыланып отыр. Жәбірленуші тарап та, жұртшылық та әділ тергеу мен ашық сот шешіміне үміт артып отыр. Сот процесі жалғасуда.
«Жетісу-Ақпарат»