Аспан ашылып, топырақ иісі аңқыған сайын ауылдағы ағайынның алақаны да жылына түседі. Кербұлақ ауданына қарасты Қарашоқы ауылында дәл осы күндері еңбек дүбірі естіліп тұр. Себебі диқандар үшін көктем – жай ғана мезгіл емес, үлкен дайындық пен үміттің бастауына айналған шақ.
«Б. О. Мырзалинов» шаруа қожалығының иесі Балапан Орынтайұлы сол үміт пен еңбекті серік еткен жандардың бірі. Ол 2016 жылдан бері жеке шаруашылықпен айналысып келеді. Алғашында аз ғана жерге дән сеуіп бастаған ол бүгінде 200 гектар алқапты игеріп отыр.
– Басында тәжірибе жинақтадық, жердің бабын үйрендік. Қазір егіс көлемін жылдан жылға ұлғайтып келемін. Өткен жылы 100 гектарға бидай, 50 гектарға арпа септік. Құдайға шүкір, бидай жақсы шықты – шамамен 150 тонна астық жинадық. Ал арпа жағы сәл төмен болды, 60 тоннадай ғана өнім алдық. Оған түнгі салқын әсер етті деп ойлаймыз. Биылғы жоспарымыз 100 гектарға күздік, тағы 100 гектарға арпа егу. Көктем жауынмен келді – бұл жақсы нышан. Топырақ ылғалды, уақытында тұқым сепсек, нәтиже де көңіл қуантады деген үміттеміз. Жерге адал болсаң, жер де сені алдамайды, – дейді ол.
Үйлесімді жұмыс, тынымсыз еңбек шаруашылықтың алға басуының басты кепілі. Егін шаруашылығы маңдай терді талап ететін берекесі мол сала. Көктемгі әр дән күзгі ырыстың негізі. Диқандар топыраққа тұқыммен қоса үміті мен тілегін егеді. Қарапайым ауыл адамдарының осы қажырлы еңбегінің арқасында елдің дастарқаны толады.
Көктемгі науқан бір ауылдың ғана емес, тұтас елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды кезең. Осы сәтте Қарашоқыда диқандар оянып келе жатқан жермен тілдесіп, ертеңгі игілігін ойлап, егіннің алғашқы беталысын жасап жатыр.
Бауыржан ҚАСЫМХАН
Кербұлақ ауданы
Фото: niva-kormilovka.ru