Ол өз ісін 2012 жылы бала күтіміне байланысты демалыста отырғанда шағын бизнестен, атап айтқанда торт жасаудан бастады. Алматы қаласында тұратын құрбысы Меруертпен екеуі бір ай ішінде кәсіптерін дөңгелентіп, жазда арбамен, қыста шанамен жүріп торт сатқан. Қазіргі таңда торт пісіруді сіңлісі Жадыра жалғастырып, әрі қарай дамытуда. Өзі аспаздық шеберлігін шыңдап, талабы мен еңбегінің арқасында «Аиша» кафесі мен «Амина» мейрамханасының ас мәзіріне жауапты болып жүр. Қазір тамақтандыру орындарында бірнеше адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Нұргүлдің ешкімге ұқсамайтын дәмді де нәрлі тағамдары әрдайым тұтынушылардың көңілінен шығады.
Көпбалалы ананың 4 баласы бар. Үлкені студент болса, екеуі мектепте, кенжесі 2 жастан асты.
– Менің басты мақсатым – өз саламды жақсы білу арқылы адамдарға жұмыс беріп, табыс табуына мүмкіндік жасау, – дейді Нұргүл Омарханқызы. Оның айтуынша, еңбекқорлық пен ізденіс арқылы кез келген адам жетістікке жете алады.
Жақсылық ИГІМАН,
Сарқан ауданы