Өмірдің сан түрлі өткелдерінде шалыс басып, опық жеп, опа іздейміз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген қағидамыз қалыс қалып, қолды бір сілтеп кете барамыз. Артынан өкініш көкіректі өртеп, байбаламға саламыз келіп. Соның барлығы да сауаттылыққа келіп тіреледі. Менің меңзегенім мен айтпағым – құқықтық сауаттылық. Заңды біріміз білсек, біріміз біле бермейміз…
Қазақ жаратылысында өзінің болмыс-бітіміне сай құрылған дала заңын берік ұстанған жұрт. Ырым-тыйымдарымыз қағазға түспеді демесе, өз кезеңінде тұнып тұрған заң болатын. Одан бөлек Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысының» өзі бір төбе. Осыдан кейін қазақта заң болмады деп көріңіз. Көптен бері көксеген тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, Ата Заңымызды қабылдадық. Сол Конституцияға Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қолын қойып, халыққа ант берді. Ендігі кезде өзге де кодекстер мен құқықтық-нормативтік актілер соған негізделіп жасалынып, жүйеленеді. Білместіктегі мәселе онда емес, мәселе заңның орындалуында, оны түсіне білуінде. Түсінгеніміз былай тұрсын, білместікпен заң бұзып, артынан жауапқа тартылып жататынымыз тағы бар. Көше тәртібіне бағынып, тура жолдан тайып жатқандары да қаншама?
«Ата Заңымыздың бірінші бабында не айтылған» деп сауал қойсаңыз, көбінен басты шайқаудан басқа амал қалмай қалатыны өкінішті-ақ. Ал қазір, тіпті, жұмысқа тұрған кезде де Еңбек кодексін бастан-аяқ оқып шықпайтындардың қарасы көп. Осыдан-ақ біздің салғырттығымызды байқауға болады. Мына қоғамда қандай жағдайда заңға сүйену керектігін түсіне алмай келеміз. Керісінше, ала тонымызды ала қашып, жауапкершіліктен бас тартамыз. Осылардың себебі мен салдарын іздеп, біршама толғаттық, толғаттық та айыпты өз бойымыздан, ертеден қалыптасқан бейғамдығымыздан жолықтырдық.
Қарап тұрсаң, қазақ бойында салғырттықтың салдарынан туындайтын кемшілік баршылық. Өзге ұлт өкілдерімен салыстырсақ, қазақ тым қарапайымдылығымен ерекшеленіп тұрады. Қой аузынан шөп алмас жауастығымыз да бар. Абай атамның екінші қара сөзіне көз салар болсақ: «біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт деген осы» деп. Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе – шаршап, жаяу жүрсе – демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейді, солдат ноғай, қашқын ноғай, башалшік ноғай» деп. Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс», – дейді. Соңын ала жоғардағы ұлттардың артықшылығын айтқанда, соншама мақтанғанымыздан жер шұкып қаламыз. Қазір байыппен қарасаңыз, базар кезіп, жүк көтерген, одан қалса белгілі нүктелерде жалданып, бұйырған жұмыстан нәпақа тауып күнелтіп жүрген қазақты көресің. Қара жұмыстың қамытын киіп, жан бағыспен шапқылайды. Солай еткен қазақ әдебиеттен де, мәдениеттен де алыстап, баба мұрасы мен ұлттық тәрбие заманның көлеңкесінде қалып қояды. Осыларды ескере келе «қазақ десең өзіңе тиеді» деп қолды бір сілтейсің. Зерделей қарасақ, құқықтық сауаттылық жағынан кей тұстарда бізден әлдеқайда өрде тұр өзге ұлттар. Заңды шемішкеше шағып, құқықтарын өз деңгейінде қорғай алады. Оған дәлел ретінде жақын туысымның басынан өткен оқиғаны баяндап берейін. Жақыным мінген автокөлікке орыс баласы отырған мотоцикл үлкен жылдамдықпен келіп соқтығысады. Өзі ғана емес, қасына кәмілеттік жасқа толмаған бойжеткенді мінгестірген. Оның басында, тіпті, арнайы баскиім де (каска) болмаған. Нәтижесінде, мотоциклдегі қыз бен жігіт аурухананың жан сақтау бөлімінен бір-ақ шығады. Автокөлік жүргізушісі барлық жол ережесін сақтаған, алайда ол кінәлі болып табылуы мүмкін. Қалай дейсіздер ғой, сотқа дейін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатады. Мүмкіндікті оңтайлы пайдалана білген өзге ұлт өкілдері заңның да осал жерін тауып алыпты. Сарапшының шешімі бойынша: «мотоциклдегі азамат сол сәтте техниканың мүмкіндігін пайдалана алмай, тежегішті дұрыс баса алмаған» деп жазылған. Ал сот сарапшының пікірін негізге алып шешім шығарады. Назар аударсақ, жол ережесін бұзып қана қоймай өзгеге залалын келтірген мотоцикл жүргізушісі судан таза, сүттен ақ болып шығуы әбден мүмкін. Осындайда кінәлі жақ сарапшымен сыбайлас болған деген ой келеді басымызға, сөйтіп әділдік таппай сандаласың. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», – деп Абайша қапаланасың, Абайша ашынасын.
Осындай мысалдарды айта берсек өте көп. Қоғамдық көлікте отырсаңыз да жүргізушінің міндетін айтып, ашынып, талап қоятын өзге ұлтты байқайсың. Аурухананың немесе кез келген мекемедегі кезекті бұзып, қабылдауға кіріп бара жатқанды көріп, байбаламға салатындар да солар. Ал өзіміздің қандастарымыз қойдан жуас, бетегеден аласа қалпын бұзбай, терең дем алады да үндемей отырғаны. Өзімізден де бар-ау дейсің кейін.
Қарапайым ғана мысал, арыз жазсақ та көбіміз орысша қалам жүгіртеміз. Қолымыздағы ақ параққа үлгіден қарап, көшіреміз. Өз бетімізше өз тілімізде жаза алмайтын жағдайға жеттік. Ол дегеніміз – басқа тілдің үстемдік құрғандығынан. Кеңестік кезде ана тілімізде сөйлеуге қорқып күн кешкенде, орыс тілі санамызға сіңіп қалған. Алайда, тәуелсіз елдің ұрпақтары ретінде осыларды реттеуге тиістіміз. Қазақша ойлап, қазақша сөйлеп, Ұлы Дала ұландары екендігімізді таныту әрқайсымыздың қолымызда.
P.S: Заңның тетігін таппай, сауатсыздықтың сауытын киіп, көзіміз мөлдіреп қалмағай. Абайша айтсақ, «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп күн кешіп, бейғамдықтың торына шырмалып, аңқаулықтың ауылын мекен етпейік, ағайын!
Мәулен Әнербай