Мен ол кісіні ең алғаш ұлтымыздың ұлы тұлғасы Нұрғиса Тілендиевтің қасынан көрдім. Әскерден келіп, оқуға атта-нардың алдында Бөрлітөбе аудандық газетінде жұмыс істеп жүрген кезім. Редакторымыз Бо-латхан Ахметов шақырып алып: «Ауданға Нұр-ғисаның «Отырар сазы» оркестрі келді. Композитормен сұхбат жасап кел!» – деп тапсырма берген. Тәжірибемнің аздығынан ба, жасқана-жасқана Лепсідегі жалғыз қонақүйге де жеттім. Нұрағаңа жақындау мүмкін болмады. Концерт алдын-дағы қарбаласпен жүр екен. Ме-німен тілдескен оркестрдің дирижері бойшаң, ашаң-жұқа жігіт ағасы: «Ертең түске қарай кел, өзім жолықтыра-мын!», – деп шығарып салды. Айтқандай-ақ, ертеңіне Нұрағамен жолығып, естен кетпес әңгімелерін естігенмін. Осы жүздесуіме жағдай жаса-ған азаматтың ауданымызға қарасты Көктерек ауылында туып-өскенін соңынан барып білдім.
Осыдан кейін Жамағат Темірғалиев ағамызды жиі жолықтырып жүрдім. Өлкемізде өтіп жататын қандай да бір мерекелік шараның басы-қасында жүріп, үнемі халыққа тамаша әуен сыйлайтын, небір күрделі шығармаларды нақышына келтіре орындайтын оркестрлерге жетекшілік ететін тұлғаны мақтаныш тұтатыным рас. Адамды құрметтеу үшін онымен жеке таныс болуың шарт емес. Бастысы, оның азаматтығын, даналығын, дарындылығын мойындасаң болғаны. Сонау бозбала шағымда қазақ музыка өнерінің саңлағы Нұрғиса Тілендиевпен бірге елге келіп, сиқырлы саз әлеміне шексіз ғашық етіп кеткен Жамағат Хафизұлы да менің жүрегімнен осылайша ерекше орын алған. Жанында жүрмесек те, аты аңызға айналған композитор Нұрағаның «еркеліктері» жайлы құлағдар болатынбыз. Жұмыс үстінде қатал әрі талапшыл болғанымен, жайшылықта жайма-шуақ осы бір жанмен бірге қызмет жасаудың өзі бір ғанибет шығар деп ойлаушы едім. Бір жағынан «мінезі шатақ ұлы тұлғамен қалай түсінісіп жұмыс жасады екен?» – деген сауалдар да менмұндалайтын. Содан кейін елімізге белгілі өнер ұжымдарына жетекшілік жасап, өзі де тамаша шығармаларды дүниеге әкелген осы Жамағат Хафизұлының ішкі әлеміне бойлау, сиқырлы өнердің тылсымын ұғуға талпыныс жасау мақсатыма айналғандай. Енді, міне, сол шаруаның орайы келіп, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының бір класында Жамағат Темірғалиев ағамызбен сұхбаттасып отырмын.
«Өнер атадан балаға қонады» деген түсінік ежелден бар. Осы жайлы ой қозғағанымызда Жамағат аға әкесі Хафиздың домбыра тартып, ән салатынын, анасы Қамар той-томалақтарда сырнайлатып шырқайтынын айтқан. 1963 жылы орта мектепті өте жақсы тамамдаған Жамағат Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне құжаттарын өткізеді. Емтиханды да кілең беске тапсырып шыққан. Алайда Хрущевтің сол кездегі жоғары оқу орнына екі жыл еңбек өтілімен келу жөніндегі нұсқауына сәйкес, конкурстан өте алмай, ауылына қайтуға мәжбүр болады. Мұны, бәлкім, жас жеткіншектің өнер саласына қадам басуына мүмкіндік деп те түсінген жөн шығар. Себебі, егер сол жолы Жамағат қалаған факультетіне түсіп кеткенде тамаша бір тарихшы қалыптасып, қазақ өнері дарынды музыканттан көз жазып қалар ма еді, қайтер еді?!.
Кеше ғана мектеп қабырғасынан шыққан өрен әкесі басқаратын ұжымшардың қара жұмысына барса да болатын еді. Алайда ол әлдебір тылсым күштің жетелеуімен Сарқан қаласындағы аудандық білім бөлімі бастығының алдынан бір-ақ шығады.
– Қандай қабілетің бар? – дейді төраға.
– Баян ойнаушы едім…
– Нота білесің бе?
– Қара танимын.
Басшы қағазға әлденелерді жазып, бір мекенжайға жібереді. Онда Жамағатты аккордеон ойнап отырған, көзәйнегі бар орыс азаматы қарсы алып, қолына баян ұстатады. Бірер әуенді ойнатқаннан кейін алдына нота қағазын қойып, ойнап беруін өтінген. Моцарттың шығармасы екен. Жамағат іркілмей, оны да құйқылжыта ойнай жөнеледі. Риза болған сынақ алушы қағаздың екінші жағына өз пікірін жазып, қайтадан білім бөлімінің басшысына жолдайды. Мектеп директоры оған пионерлер ұйымының жетекшісі міндетін қосақтайды. Келесі оқу жылы басталарда әкесі Жамағатты еркіне қоймай, ауылына алып кетеді. Алайда, бұл да жас музыкант үшін үлкен тәжірибе мектебі болғаны анық. Сабақтан тыс ауылда өтіп жататын түрлі мерекелік шараларды ұйымдастыру, концерттік бағдарламалар дайындау, салтанатты мерекелерде ауыл тұрғындарынан хор шығару музыканттың еншісіндегі дүниелер. «Саған қатысы бар ма?» – деп ешкім сұрап жатпайды.
Осылайша дүбірге толы тағы бір жыл өте шығады. 1965 жылы Жамағат арманын алау етіп, қайтадан Алматыға аттанады. Бұл жолы жүрек қалауы оны консерваторияның табалдырығына жетелеп әкелген. Әділдік әйтеуір бір үстемдік құрады емес пе? Бір орынға 33 талапкерден таласқан бәсекеде мұның жолы оңғарылып, консерватория студенті атанады. Алайда, баян класында орын болмай, контрабас мамандығына қабылданады. «Талапты ерге нұр жауар» демеуші ме еді халқымыз. Ол мемлекеттік симфониялық оркестрде, Құрманғазы атындағы мемлекеттік ұлт аспаптар оркестрінде концертмейстер болып қызмет жасайды. Оқуын бітіргенде осы ұжымдар талантты жасты сөзге келместен өздеріне жұмысқа алғаны да сондықтан. КСРО Халық әртісі Шамғон Қажығалиевтің қол астында біраз қызмет жасағаннан кейін жас жігіттің бойындағы талантты тани білген өнер саңлағы Жамағатты дирижер мамандығы бойынша аспирантураға қабылдап, өз жетекшілігімен ғылыми дәрежесін қорғатып шығады. Аспирантураны сәтті аяқтаған шәкіртіне ұстазы Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищеге баруға кеңес береді. Себебі, ол кезде кілең орыстар қызмет ететін бұл оқу орнында ұлттық саз өнерінің иісі де шықпаушы еді. Училищеде қазақ өнерінің білгірлері Мәкәрім Қойшыбаев, Жиенбек Ырысалдин сынды азаматтар еңбек ететін. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезде де олар «ұлтшыл» атанудан жасқанбай, қолдарынан келгенше қазағының намысы үшін күресіп өтті емес пе? Жамағат мұнда да ұстаздарының үдесінен шыға білді. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде училищеде ұлт-аспаптар оркестрі дүниеге келіп, халық аспаптары бөлімі ашылды. Оның бірінші меңгерушісі де Жамағат Хафизұлы болатын. Осы жерде 5-6 жыл жемісті еңбек етіп, жұмысты жолға қойғаннан кейін Жамағат Темірғалиев Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясына қайта оралып, ұстаздық қызметін жалғастырады.
90-шы жылдардың басы. Осы кезеңде Жамағат Хафизұлын өзі туып-өскен өлкесі – Талдықорған облысында ұлт-аспаптар оркестрін құруға шақырады. Сөйтіп өзі қызмет ететін консерваторияның оқытушыларымен, студенттерімен келісім жасап, бір жылы бітіретін 13 түлекті соңынан ертеді. Оған қоса барлығы 50 адамнан тұратын Мұқан Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрі осылайша дүниеге келген болатын. Бұл айтқанға ғана оңай. Оркестрді қажетті музыкалық аспаптармен қамтамасыз ету, тиісінше ұлттық костюмдер тіккізу, сахна төріне көрікті де көркем қыз-жігіттерді шығару мәселенің бір парасы ғана. Халық әндері мен жергілікті композитор, сазгерлердің дүниелерін таңдау, оларды нотаға түсіру, оркестрге дайындау оңайға түспесі белгілі. Осы жұмыстың басы-қасында облыстық мәдениет басқармасының бастығы Егеубек Далбағаев, әкімдіктің өкілі Гүлшә Тәңірбергенова сынды азаматтар жүргенін айта кету керек. Консерваториядан келген 13 түлектің барлығы пәтермен қамтамасыз етілуіне олар аз еңбек сіңірген жоқ. 1991 жылдың қараша айында Алматыдағы Жамбыл атындағы филармонияның концерт залында оркестрдің тұсаукесері өтті. Міне, өнердің шынайы өкілдері мен жанашырларының есепсіз еңбегінің арқасында дүниеге келген М. Төлебаев атындағы оркестр бүгінгі күнге дейін жұртшылықты жоғары сапалы музыкамен сусындатып келе жатыр. Алайда, бәрі біз ойлағандай жақсы бола бермегені анық. 1997 жылы Талдықорған облысы қысқартылып, Алматы облысына біріктірілуі өз қиындығын ала келген. Облыстың өзге де құрылымдары сияқты өнер ұжымдарына да қысқару қаупі төнеді. Осы тұста қосылған облыс басшылары мен мәдениет саласындағы мамандардың Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театры мен М. Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрін таратпау жөніндегі шешімі тамаша өнер ұжымымен қоса бірегей дарын иелерін сақтап қалуға да оңды ықпалын тигізгені баршаға мәлім.
Нұрғиса Тілендиевтің шақыруымен қайтадан «Отырар сазына» бармақшы болып отырған Жәкеңді облыстың жаңа басшысы, өнердің шынайы жанашыры Серік Үмбетов шақырып алып, Сүйінбай Аронұлы атындағы облыстық филармонияға дирижер болуды ұсынады. Мұнда алдымен Ғабиден Тұяқаевпен бірге еңбек етсе, кейіннен филармонияға өзінің курстас досы Алтынбек Қоразбаев басшы болып келіп, жұмыстарын жандандыра түскен. Филармонияда «Адырна», «Сазген», «Алтынай» би ансамблі сияқты көпке танымал топтардың дүниеге келгені де осы кез. Мұндай маңызды жобаларды жоғары жақтың қолдауынсыз жүзеге асыру қиын екені рас. Осы мәселеде Өзбекәлі Жәнібеков сынды қазақ өнерінің қуатты қолдаушыларының шапағаты мол болатын. Кейіннен облыс басшысы Заманбек Нұрқаділовтың ықпалымен жаңадан салынған үйден үш бөлмелі пәтерге ие болуы да осы өнердің арқасы деп қабылдаған жөн.
Орайы келгенде: «Жамағат аға, Нұрғисаның «Отырар сазы» оркестріне қалай келіп, қалай жұмыс жасағаныңыз жөнінде үндемедіңіз ғой?» – деп қалдым. «Ол, айтып тауысуы мүмкін емес бөлек әңгіме ғой, – деді ойлана тіл қатып. – Бұл 1986 жыл болатын. Бір күні Нұрағаң маған: «Тез жетсін!» – деген сәлемімен қоса қызмет көлігін жіберіпті. Еркіме қоймай отырғызып алып барды. «Маған дирижер болып келесің!» – деп мәселені төтесінен бірақ қойды. Мен істеп жүрген жұмысымнан кете алмайтынымды айтып, сылтау іздей бастап едім, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде хатшы болып қызмет жасайтын Камал Смайыловқа тікелей қоңырау шалып, алды-артымды орап тастады. Әлі есімде, Нұрағаң арызымның шетіне: «Принять на должность дирижера с испытательным сроком» деп жазған болатын. Біз оған көпке дейін күліп жүрдік. «Отырар сазындағы» жемісті жылдар осылай басталды».
Жамағат Темірғалиев тамаша дирижер, шебер ұйымдастырушы ғана емес, дарынды композитор екенін мәдениет саласында жүргендер жақсы біледі. Оның жүріп өткен өнер жолы түптің-түбінде осы сазгерлікке әкелетіні даусыз еді. Әлемдік музыка өнерінің егжей-тегжейіне терең үңіліп, қазақ әндерін нотаға түсіріп, үлкен шығармалардың партитураларын жазып жүрген жан күндердің бір күнінде өзі де саз әлеміне із тастауы заңдылық. Осылайша, Жәкеңнін «Күй – дастан», «Өмір толғауы», «Ауыл кеші», «Бабалар үні», «Сынтас» атты терең иірімді күйлері дүниеге келген. Ал «Алматы вальсі», «Туған елім», «Көріктім», «Ақсуым» сияқты көптеген әні ел аузында айтылуда.
Бүкіл саналы ғұмырын қазақ өнерін өркендетуге арнап, 50 жыл бойы қазақ музыкасының қара шаңырағы – Құрманғазы атындағы консерваториядан қол үзбеген Жамағат Темірғалиев жетпісті алқымдаса да ұстаздық қызметін жалғастыруда. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстанның мәдениет қайраткері, консерватория доценті атағы бар ол жас ұрпақты ұлттық өнер мен әлемдік музыканың қыр-сырына қанықтырып, шеберліктерін шыңдаудан жалыққан емес. Өзінің төрт баласы өнер жолын таңдамағанымен, екі анадан туған бауырлары өнердің әр саласында жемісті еңбек етуде. Олар жайлы айтқанда Жәкең мақтанышын жасырмайды. «Жолболсын және Жеңіс деген ағаларым мені өнерге баулыған еді. Өкінішке орай екеуі де дүниеден ерте озды. Олардан тараған Талғат, Ырысты, Өркендер музыка мамандары. Немереміз Айым Вена консерваториясында білім алуда. Қарындасым Күләш, оның жолдасы Рахымбек Қағазбеков Шелектегі музыка мектебін басқарды. Балалары да өнер саласын таңдаған. Тек, менің балаларым ғана өзге мамандық иелері атанған. Енді бес жасқа келетін ұлымнан үміт күтіп отырмын. Әкелік әрі кәсіби көзбен қарасам, соның бойында музыкаға деген құштарлық байқалатындай…», – дейді ол ағынан жарылып.
Биыл 70 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Жамағат ағамыз ширақ қимылмен бөлмеде тұрған пианиноға отырды да мен үшін беймәлім бір әуенді құйқылжыта ойнай жөнелді. Салалы саусақтары перне тақталарда кідіріссіз ойнақ салады. Бойында бір түйір артық еті жоқ, өмірге құштар ағаның әлі талай асуларды бағындыруға қабілеті де, күш-қуаты да жететініне ешқандай шүбәміз қалмаған еді осы кезде!
Қуат Қайранбаев
Алматы қаласы.