"ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ": ТҮБІ БІР ЖҰРТТЫҢ ТІЛЕГІ БІР

Уақыты: 10.01.2023
Оқылды: 1958
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

2022 жыл. Қаңтардың  басы. Түркияға  білім іздеп келгеніне жарты жыл ғана  болды.  Анадолыдағы тірлікке енді үйрене бастаған. Өркениетті елдегі білім жүйесінің мықтылығын мойындап үлгерді. Мамандыққа баулуда қатал. Берілген тақырыпты ғылыми тұрғыдан жан-жақты ашуың керек. Ұстаздар қиқаңдағаныңды көтермейді. Шетелдіктерге қойылар талап тіптен жоғары. Үйренгің келмесе еліңе «қайқай» деген ұстанымда. 

Туған  елде дүрбелең басталғанын естісімен есін жия алмай қалды. Шетелдіктер мұның күйзелісін түсінер деймісің. Аудитория іші тып-тыныш. Себебі, барлығы түрік ұлтының өкілдері. Жан дүниесіндегі төңкерісті ешкімге айта алмайды. Жүрегі жылап  тұр. Өзінің тілінде сөйлейтін бір адам болса, елдегі жағдайды айтып, ішін босатар еді… Ой бөлісер еді. Не істейміз деп ақылдасар еді. Бірақ,  тілі күрмеліп қалғандай. Жан-жағына жаутаңдайды. Мұның жәйімен ешкімнің шаруасы жоқ сияқты. Осы сәтте анасының: «Қызым, көпшіл бол. Ағайын-туыс, дос-жаранмен араңды суытпа. Адамға адам ғана – ес», – деген сөзі түсті. 
Білім іздеп келгелі басқа ұлттың арасында жалғыз. Етене араласып кете алмай жүр. Олардың мінез-құлқын да әлі меңгеріп үлгермеген. Қазақтар зейінсіз демесін  деп бар ынтасымен тіл үйреніп, мамандығы бойынша берілген тапсырманы  орындап, кітапханадан шықпайды. Оқу ғимаратында  өренжі (студенттерге) сабақ уақытында сорпа, шәй, кофе тегін беріледі.   Керек кітабыңды адамнан емес, арнайы монитордан сұрайсың. Қай тілде, қандай кітап бары тізбектеліп шыға келеді. Тамағың дайын, кітабың алдыңа келіп тұрса неге оқымасқа?!  Судың өз арнасын тапқанындай  іздегені алдынан шығып, журналистиканың әлемдік тәжірибелерін меңгере бастағаны сол еді, елдегі дүрбелең санасын сан-саққа жүгіртті. Ата-анам аман ба екен? Елге уатсап арқылы хабарласушы еді. Ғаламтор істемей қалыпты. Кеудесіне өксік тығылады. Қазақ жері тыныш еді ғой. Желтоқсан оқиғасын анасының еске алуынан ғана естігені болмаса, туғалы қазақ жерінде бүлік болғанын көрмепті. Алаңсыз балалық шағы өткен  көшенің тас-талқаны шығыпты. Әлем қазақ еліне назар аударды. Дұшпан сүйініп, дос күйінді. Қазақстан бейбіт, тұрақты, экономикасы дамып келе жатқан ел деп мақтауға ие болып жүргенде… Қарашы қандас бауырлар бір-бірін ұрып-соғып, оққа ұшырып жатқанын… Қыз бала тілекші. Жоқ, жыламаймын. Тыныштық орнайтын шығар. Не болса да елге жетсем екен. Каникулға аз қалды. Барлық сабағынан  жоғары балл алды.  Ғаламтор Қазақстандағы жағдайды жарыса жариялауда. Көшеде атыс-шабыс. Әке-шешем үйге жетіп үлгерді ме екен?  Көп ұзамай жан-жағындағылар да ғаламтор арқылы қазақ еліндегі жағдайдан хабардар болыпты. Ұстаздары, курстастары  жағдайын сұрай бастады. «Ailenle konusa bildin mi? Akrabalarin nasilmis? Herhangi bir ihtiyacin olursa hiç utanmadan söyleyebilirsin. Yurtdışına aramak için benim telefonumu kullan»,– деген бауырмал дауыстар. Қазақ қызы түрік бауырлардың  мейірім, жанашырлығын жүрегімен сезініп жылап жіберді. «Түбі бір түркіміз ғой. Далаға тастамайды екен. Бүйректерінің бұрып тұрғанын қарашы.  Кезек-кезек келіп, елдерің аман болсын деп тілектестіктерін білдіріп жатыр. Еліңмен хабарластың ба, жағдайлары қалай екен?», – дейді бауырларына басып. 
Бұл да көптің көмегінің арқасында ата-анасына жиі хабарласып, үйден шықпауларын өтінуде.  Қазақстанда бүлікшілердің бір-бірімен уатсап арқылы хабарласуына кедергі жасау үшін ғаламтор желісі тоқтатылды. Ал, шетел қазақ жерінде не болып жатқанын біліп отырды…  «Анашым, үйден шықпаңдаршы. Талдықорғандағы түрмені бүлікшілер қоршауға алыпты. Қарулы күштің адамы оққа ұшыпты. Біздің көшеде атыс-шабыс болып жатыр.  Пердені қымтап жабыңдар. Терезеге жақын отырмаңдар»,– дейді қызы ата-анасының тілеуін тілеп. 
Ол елге бару үшін ұшаққа билет алды. Не болса да көппен бірге көрмекші. Өкінішке қарай,  Алматы әуежайы шетелден келетін ұшақтарды қабылдамады. Елге жетудің тағы бір жолы – көрші Қырғыз елі арқылы бару.  Біртуған бауырлар елге жете алмай, қиын жағдайда қалған қазақстандықтарды күтіп алуға  дайын екендіктерін хабарлады. Қосымша рейстер ашты. Анадолы жұрты да әуежай, қонақүйлерінде барынша қолдау білдіріп, бауырмалдық танытып, ыстық тамақ, медициналық көмек көрсетті. 
Стамбұлдың «Сабиха Гөкчен» әуежайынан қазақ-қырғыз мінген әуе лайнерін Қырғыздың  «Манасы» күтіп алды. Түрік еліндегі қазақтардың уатсаптағы топтарына қосылған қырғыз ағайындар Бішкекке ұшып келген қазақтарға қолдан келген көмектерін көрсететіндерін айтты.Бірақ, қазақы тәрбиемен өскен ол ешкімге иек артқысы келмеді. Әуежайдан байқатпай шығып, таксиге отырмақшы болды. Қасиетіңнен айналайын көк паспорт қазақ екенінен сыр беріп қойды. Оның қолындағы аспан түстес төлқұжат айыр қалпақ ағайынның көңілін бірден аударды. «Сен Казакстандансынбы? Кааласан чек арага чейин алып барайын бекер эле. Жакындарынды ойлоп жатасынбы? Кыргыздар силер менен бирге болот. Коркпогула», – дейді жанашыр аға елгезектік танытып. «Жоқ, аға, мен такси жалдаймын. Талдықорғанға барамын. Қордайға жүретін таксиге отыра саламын ғой»,– дейді ешкімге тәуелді болғысы келмей. Сонда да қырғыз ағасы бауырмалдығын танытып, «ГАЗель» көлігіне сөмкесін көтерісіп апарды.  Қауіпсіздік белдігін өзі тағып беріп, қазақ даласын бетке алды. 
 Бір – үміт, бір – арман... Манас батырдың ұрпағы  қарындасын Қордайдағы қазақ шегарасына жеткізіп, аман баруына тілектестігін білдіріп, өз жерінде қала берді.Сонда қазақ қызы Алаш жұртының басқа елдердің арасында қадірлі екендігін түсінді. Кезінде ата-бабасы басқаларға жақсылық жасағандығының өтеуін өзгелер кезегі келгенде қайтарып жатқанын жүрегімен сезінді. Мейірім әлемді құтқарады екен-ау! 
Қазақ қызының бір жылап, бір қуанған көңілін шегарашы жігіттің төлқұжатына «Қазақстан Республикасы» деген мөрді шақ еткізіп басып, «Өте беріңіз!» деген дауысы бөліп жіберді. 
Таң шапағы қазақ даласын нұрға бөлеп атып келеді. Ол шегарадан өткен соң Алматыға апаратын таксиге отырмай ұзақ тұрды.  Көңілін аласапыран еткен алапат сезімді баса алмағандай. «Қасиетіңнен айналайын, далам аман екен ғой»,–  дейді жүзін жуған жасты сүртіп үлгере алмай.  Самал жел маңдайын сипап, таза ауа тынысын ашты.

Гүлжан ТҰРСЫН,
Жетісу облысы