ТҮБІМІЗ БІР ЕКЕНДІГІН ТІЛІМІЗ ДӘЛЕЛДЕП ТҰР

Уақыты: 31.03.2023
Оқылды: 1356
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Түркі бәйтерегінің екі бұтағындай болған Қазақ пен түріктің тілі ұқсас. Тіпті,  дыбысталуына қарай кей сөздері сәл өзгеріп отыратындығы болмаса, біраз сөздердің мағынасын бірден түсіне аласыз.  Түркия топырағына табаным тигеннен бір байқағаным да сол  сөздердің айтылу ерекшелігін меңгерсе, кез келген адам түрік тілін  аз уақытта үйренуге болады. Себебі, кіндіктес делінетін екі ұлтта ортақ  сөздер өте көп. Ендеше, сіздерге сол сөздердің бір парасын ұсынбақпыз.   

Байқасаңыз, түрік тілінде барлығы 29 әріп  бар.  Олардың сегізі — дауысты (ünlü), қалған жиырма бірі — дауыссыз (ünsüz) дыбыстар.  Түрік тіліндегі сөздер қалай жазылса, солай оқылады.  

Бұндағы бір мән беретін дүние, екі  елдің  ортақ сөздерін дыбыстық алмасу өзгертеді. Яғни, үн жағынан ұқсас әріптердің өзара ауысуы байқалады. 

Мысалы, сөйлеу барысында "Б" мен "В"   әріптері алмасып отырады. Қазақ  тілінде  сөз  басында  “Б”  дыбысымен  айтылатын  кейбір сөздер   түрік  тілінде  “В” дыбысына өзгереді.  бар>вар; бер>вер; барлық >варлык; бару>вармак;.  

"Ж мен "Й"-да  алмасып кетеді. Қазақ тілінде сөз басында келетін “Ж” дауыссыз дыбысы түрік тілінде “Й” дыбысы арқылы айтылады.   Қазақ  тілі  «Ж»,  ал  түрік  тілі  «Й»  тілді  болып келеді. Сондықтан сөз  Ж-дан басталатын болса Й деп дыбысталады.  

Мәселен:  жүрек>йүрек; жетпіс> йетміш;  жол>  йол;  жаз>йаз;  жас>  йаш; жүз>йүз; жыл>йыл  жоқ>йок;    жастық>  йастык;  жарыс>  йарыш;  жеміс>йеміш;  жеті>йеді деп айтылады.  

Ең қызығы, түрік тілінде «Ж» әрпі жеке қолданылмайды.  Оларда  “Ж” дыбысы тек кірме сөздерде ғана кездеседі. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі “К”  түрік тілінде көбінесе “Г” болып айтылады.

Айталық:  күз>гүз; көк>гөк;  күміс>гүмүш; келін>гелін; көз>гөз; күн>гүн;  көл>гөл тағы солай кете береді. "М" мен "Б" алмасып отырады.  Атап айтсақ, мен>бен;  мейрам>байрам деген сияқты айтылады.

 Қазақ тілі мен түрік тілінде  ортақ  сөздер көп. Мысалы,  ана – anne (аннэ),  әке – baba, сорпа – çorba, дәптер – defter,  тіл – dil (диль), нүкте – nokta, шаһар – şehir, уақыт–  vakit, жанында – yanında, жол –yol, жаға – yaka,    жүр – yürü,  жапырақ – yapraк, жүк – yük, жас – yaş, жүрек – yürek, жұлдыз – yıldız ,  жаңбыр – yağmur,  жүзік – yüzük,  жұмыртқа – yumurta, жаңылтпаш – yanıltmaca, жақын – yakın, жеңге – yenge,  жөн – yön, жасыл – yeşil, жеміс – yemiş, желкен – yelken, жүз –  yüz, жиырма – yirmi 
жоқ – yok, ақша – рara (пара), қонақ – мisafir (мисафир), піл – fil (фил) 

 

Түйін: Бүгінгі шағын мақалада әлемнің  екі түкпірінде орналасқан  қандас екі халықтың  тілдеріндегі ұксастықты айтуға тырыстық. Әрине, бұған қарап бәрі бірдей деуге келмес. Өзгешеліктері де бар. Бірақ, түбіміз бір екендігін тіліміз дәлелдеп тұр. 


Жансая БИҚҰРМАН,

Түркиядағы Қажы Байрам Вели

 университетінің халықаралық

                                                                             журналистика факультетінің магистрі.