Жаңадан сайланған депутаттарға куәлік пен төсбелгі тапсырылды

Уақыты: 31.03.2023
Оқылды: 1076
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

VІІІ шақырылымдағы Жетісу облыстық мәслихатының алғашқы сессиясы өтіп, жаңадан сайланған депутаттарға куәлік пен төсбелгі тапсырылды. Сессияны жүргізген облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Дәуітов алдымен сайлау қорытындысын таныстырып, саяси додадан үздік шыққан үміткерлерді жеңісімен құттықтады.

Оның айтуынша, биылғы сайлау кандидаттардың көптігімен ерекшеленген. Яғни, орта есеппен бір орынға 3,2 адамнан келген үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын қыздырған. Соған байланысты облыстағы 11 мәслихатқа 168 депутат сайланды. Оның 32-сі облыстық мәслихаттың, 136-сы аудандық және қалалық мәслихаттың депутаты. Ал депутаттардың 13-ін «АMANAT» партиясы, «Respublika», «Ақжол», «Байтақ» партиялары бір-бірден кандидат ұсынған. 36 кандидат өзін-өзі ұсыну арқылы саяси додаға қатысты.

Жетісу облыстық мәслихатының 32 депутаты, облыстық мемлекеттік органдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан алғашқы сессия мемлекеттік Гимнмен ашылды. Сессия отырысында облыстық мәслихаттың төрағасын сайлау, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамын белгілеу, төрағаларын сайлау сынды екі мәселе қаралды.

Алғашқы мәселе – Жетісу облыстық мәслихатының төрағасын сайлау рәсімін «ашық» дауыс беру тәртібімен өткізуге бірауыздан келіскен депутаттар облыстық мәслихаттың депутаты Арыстанғали Арын ұсынған Гүлнар Тойлыбаеваның кандидатурасына түгелдей қолдау танытты. Одан соң «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 2-тармағына сәйкес сессия жұмысын қолына алған мәслихат төрағасы қолдау білдірген әріптестеріне ризашылығын жеткізіп, өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз атқаруға дайын екенін атап өтті. 

Сессияда қаралуы тиіс екінші мәселе – облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамын бекітуге келіскен депутаттар жеке-жеке дауыс берді. Сөйтіп, экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттер мен этика мәселелері бойынша тұрақты комиссияның, облыстық мәслихатының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария және экология мәселелері бойынша тұрақты комиссияның, денсаулық сақтау, білім, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт мәселелері бойынша тұрақты комиссияның, индустриялық-инновациялық, көліктік-логистикалық даму, кіші және орта бизнесті және туризм мәселелері бойынша тұрақты комиссияның, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс мәселелері бойынша тұрақты комиссияның төрағалары сайланды.

Сессияда сөз алған облыс әкімі Бейбіт Исабаев:

– Бүгін, міне, жаңа сайланған құраммен облыстық мәслихаттың бірінші сессиясы өтіп отыр. Баршаңызды сайлаудағы жеңістеріңізбен құттықтаймын! Халық әділетті Қазақстанды құруға, елдің    мұң-мұқтажын, өзекті мәселелерін шешуге белсене атсалысады деп сіздерге сенім білдіріп отыр. Сенім деген – үлкен күш. Сондықтан осы ауқымды міндет-мақсаттарды абыроймен атқаратындарыңызға сенемін. Барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы еліміздегі жаңа саяси, мемлекеттік басқарудағы өзгерістердің жалғасы болды, – деп халық қалаулыларына артылар жауапкершілік жүгінің жеңіл еместігін ұғындырды.

– Көзі ашық, азаматтық ұстанымы айқын,  ақыл-ойы толысқан, әділетті қоғам құруға халық пен билік бірлесе жұмылуымыз керек. Бұл ретте халықтың өз ішінен шыққан өкілдері ретінде сіздерге үлкен жүк артылады. Әрқайсыңыз әрбір өңірдің  өзекті мәселелерін, түйіні шешілмеген, қордаланған проблемаларын жақсы білесіздер. Сондықтан халықтың әл-ауқатын көтеру ісінде сіздердің белсенділіктеріңіз бен көмектеріңіз бізге аса қажет, – деген облыс басшысы алдағы уақытта мәслихат жұмысын ширатуды міндеттеді. 

– Ендігі ретте сіздерге мәслихаттардың бұрынғы бір ырғақты жұмыс стилін жаңғыртуға, кейбір қатаң қағидаттарын қайта қарауға тура келеді. Өзгерісті жүйелеп, бір ретке келтіру орталықтан басталғанымен   оны шын мәнісінде халықпен қоян-қолтық жұмыс істейтін жергілікті жердегі сіздер мен біздер жүзеге асырамыз. Бюджеттің тиімді жұмсалуы, қажетті салаларға орынды бағытталуы тікелей өздеріңізбен бірге, ақылдаса келе атқарылады.  Сондықтан депутаттық корпустың өңірдегі аса маңызды әлеуметтік мәселелерді шешудегі, стратегиялық бағдарламаларды іске асырудағы рөлі бұрынғыдан да арта түспек.

Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы 5 стратегиялық бағытта жүзеге асырылатынына тоқталған облыс әкімі Бейбіт Исабаев ауылшаруашылық, туризм, медицина, білім беру, таза ауызсу, газдандыру, автокөлік жолдары сынды салалардың жұмысы тынымсыз еңбекті қажет ететінін атап өтті. Соған байланысты Мемлекет басшысы қойған ауқымды міндеттерге қол жеткізу жұмылған жұдырықтай бірлескенде ғана жүзеге асады. Ал елдік мүдде, мемлекеттік мұрат бәрінен де жоғары тұруы тиіс.

Сессия жұмысы аяқталған соң облыстық мәслихаттың депутаттары естелік суретке түсті.

Мәди АЛЖАНБАЙ