Владимир Чепель: "Қазақтарға қазақша сөйлесем маған орысша жауап береді"

Уақыты: 01.05.2023
Оқылды: 832
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Базарда  мың кісі бар, әркім сүйгеніне сәлем береді. Мен де журналистикада жүріп мың адаммен таныспын. Бірақ, осы Владимир деген ұлды  ерекше жақсы көремін.  Себебі, ашық-жарқын.  Ойын бүкпейді.  Оның жан дүниесінде өкпе, реніш жоқ. Болмыс-бітімі  бауыр мен жүректен тұратындай. Өзінің айтуынша, өмірде дұрыс жолмен жүруіне анасы Гүлфера  Ғазизқызының тәрбиесі  әсер еткен. Ол тәтесі  Ольга  Ғазизқызына да алғысын айтудан жалықпайды.  Қазақта:  «Баланың санасына берсін» деген тұрақты сөз тіркесі бар. Ендеше, Владимир Чепельдің кішіпейіл, еңбекқор, ақжарқын,  білімді, елжанды болып өсуіне өзінің ерік-жігері, өскен ортасы,  Қапалдың саф ауасы, Алатаудың биіктігі әсер еткен деп ойлаймын.

Кәдімгі ауылдың ерке баласы. Ешкімнен тайсалмайды. Айтар ойын ашық айтады. Ақтарыла күледі, ұнаған сөзіңе шынайы алғысын білдіреді. Бақай есеп деген онда жоқ. «Баталы құл арымас» деген сөз бар. Ол ортасында үлкендерге иіле сәлем беріп, хал-жай сұрасып, шынайы көңілімен жан-жағына шуағын шашып жүреді. Өзінің дара жолмен келе жатқанын үлкендердің батасымен астастырады. Владимир Чепель Қапал ауылы  әкімдігінің бас маманы. Міндеті – халыққа мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, құжаттарын рәсімдеуге көмектесу. Бірде Қапал ауылдық әкімдік қызметкері Владимир Чепельге  шаруа жайымен екі ақсақал келеді. Оның  түріне қарап, орысша сөйлей бастайды. «Орысша әрең сөйлеп отыр. Бірақ, мемлекеттік қызметкерге сұрақ қай тілде қойылса, сол тілде жауап беру керек. Сондықтан мен де оларға орысша жауап бердім. Ағамыз қиналып кеткеннен кейін барып, «Сіздерге  ыңғайлы болса ары қарай қазақ тілінде сөйлесейік», – дедім. Сонда қария: «Ей, мынау қазақ екен ғой. Бағанадан бері  соңғы орысшама дейін айтқызбай қазақпын демейсің бе?!», – дегені. Содан кейін «найман, найманның ішінде көлдеймін» деп едім риза болып қалды. Себебі мен араларында өскен аталарым осы рудан еді.  «Қолыңды жай балам, Алла әрқашан жолыңды оңғарсын», – деп ақ батасын берді.  Сол батаның құдіреті шығар, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында көптеген алқалы басқосуларға қатысып, елдің жайын айтып, спорттық жарыстарда жеңіске жете бастадым,– дейді Қапалдың «Сары баласы». Ауыл үлкендері оны солай атайды.

Намысы бардың нар күші бар.  Ол намысшыл болып өсті. Бала кезінде денесі толық, көзәйнекпен жүргеннен балалар әртүрлі ат қойып, мазақтайтын.  Спортпен шұғылданып, денесін шынықтыру үшін  шелекке құм толтырып алып, соны көтеретін. Бір күні Мейрамбек деген досы спорт залға келіп жаттықсаңшы дейді. Ол бірінші жолы әртүрлі сылтау айтып, бармай қалады. Оның себебі, Владимирдің ауыл баласына тән ұяңдығы. Келесі жолы досы қояр да қоймай жаттығу залына ертіп барады. Таза ауада өскеннен бе Қапал, Арасан, Суықсайдың жігіттері спортта мықты болып келеді. Бұл аумақтан шыққан спортшылар әлемдік жарыстарда жеңіске жетіп жүр. Оларды ерекше мақтанышпен атайды. Құнарлы топырақтан нәр алған Владимир де еркін күрес, қол күресінде бәсекелесін алып та, шалып та жығып жүреді. Осылайша ол аудан көлеміндегі алғашқы жарысқа қатысып, 3-ші орын алып қайтады. Есіктің алдында қарсы алған анасы Гүлфера: «Аман-есен келдің бе? Қол-аяғың аман ба?», – дейді. Ана үшін керегі баласының амандығы. Иә, аманмын. 3 орын алдым», – дейді ол. Сонда анасы: «Жөн екен. Бірден жеңіске жетсең мықтымын деп  ары қарай жаттықпай кететін едің. Енді 3 орын емес, 1 орын алуға талпынасың. Ұтылмаған адам жеңістің қадірін білмейді», – дейді. Міне, ақылды ана баланың сағын сындырмай, осылайша болашағын айқындап береді. Кейіннен зейінді жігіт Қазақстан халықы Ассамблеясының мүшесі ретінде ел көлемінде өтетін жиынға барып, көптің алдында сөйлеу бақытына да ие болды.

«Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, таудай сабырлықты ол туған жерден алған. «Біз қазақ  жігіттері мемлекеттік тілді білмейтіндерге қазақша үйретеміз. Мысалы, «Ұлы Даланың ұлтаралық қатынас тілі» деген форум өткіздік. Сонда тілді  әртүрлі әдіспен үйрету жайлы ұсыныс жасадық. Көпшілік қай тәсілді көбірек таңдайды тіл үйретуге соны енгіземіз.  Мен өзімнің фейсбук парақшам арқылы тіл үйрету курсын жүргіземін. Кейбіреулер дұрыс сөйлей алмай, жаза алмай қаламын ба деп жалтақтайды. Мен оларға қысылмаңдар. Бірден қорықпай сөйлей берсеңдер, қателіктеріңнен тәжірибе жинайсыңдар», – деймін.  Бұл әрекеті оның қазақ тіліне деген құрметінің белгісі. Қапалда барлығы 4500 халық тұрады. Ондағы 30 шақты отбасы басқа ұлт өкілі. Бірақ бәрі қазақ тіліне  жүйрік.

Негізінде тілді бала кезден меңгерген дұрыс. Себебі бала ұялмайды. Ойнап жүріп үйреніп кетеді. Мен өзім көшедеде ойнап жүріп, үйрендім ғой. Туғаннан тілім қазақша шықты-ау деп ойлаймын. Қазақта: «ұлтқа, тілге деген сүйіспеншілік ананың сүтімен беріледі» деген тәмсіл бар. Мен туғанда  бірнеше күнге дейін анамның кеудесінен сүт шықпай қойыпты. Мені көрші Алтын Жиенқожанова деген тәте емізіпті. Сондықтан да болар, қазақты жаныммен жақсы көретінім», – дейді ол  әдетінше еш бүкпесіз ойымен бөлісіп. «Бірде Астанаға бардым. Көшеде қазақтарға қазақша сөйлесем маған орысша жауап береді. Содан ренжідім. Мен сізге қазақша сөйлеп тұрмын ғой. Неге басқа тілде жауап бересіз?», – дедім. Ол ұялып, шатасып, қиналып қазақша сөйлеген болды. Қазақ тұрмақ, осы елде тұратын әр ұлт мемлекеттік тілде білуі керек. Осы  жерде туғанның барлығы қазақша түсінеді. Шындаса сөйлей де алады. Бірақ, құлықтары жоқ. Туған, өскен жерді сыйлау әр перзенттің парызы, – дейді ол қынжылып.

Владимир қазақ ақындарының өлеңін оқиды. Басында тілді терең меңгеру үшін оқып бастаған. Содан кейін поэзияға деген қызығушылығы оянған. Әсіресе Ілияс ақынның өлеңдерін «Ілияс атамның өлеңін оқимын» деп ерекше мақтанышпен, ақынды өзімсіне, жақынындай қадірлеп айтады. Ілиястың Фатимаға арналған өлеңін ерекше сүйіп оқитынын жасырмайды. Әлде анасы татардың қызы болғандықтан Фатимаға жазылған өлең жанына жақын ба екен деген пендешілік ой қылаң беретіні рас.

Тауға шықсаң көңілің көтеріледі, жақсымен сөйлессең мерейің өседі. Владимирмен сөйлескен адам  ақ, адал көңілінен күш алады. Оны қазына десең болады. Өлең оқу, ән айту оған сөз емес. Спорттағы жетістігі өз алдына.  Ол бүгінде мықты спортшы. Облыстық жарыстардың жеңімпазы. Бүгінде ауылдас жастардың жаттықтырушысы. Владимирді талай құзырлы қызметке шақырды. Бармайды. Себебі ол Қапалды, өскен ортасын қимайды. «Шағын ауылға жақсылық жасай алмаған адам, басқаны қарық қылсын ба? Алдымен өскен ортамның алдында перзенттік борышымды өтейін», – деді ол тағы да ерекше мінезімен таңғалдырып.

Гүлжан Тұрсын