"Нұсқау күтіп отыра беру дұрыс емес": Исабаевтың Кербұлақ ауданына сапарында не айтылды?

Уақыты: 25.05.2023
Оқылды: 713
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кербұлақ ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ әйгілі этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың Шанханай ауылындағы кесенесіне арнайы ат басын бұрып,  ұлт перзентіне арналған мемориалды музейдің күрделі жөндеу жұмысының жобасымен және ауылдан кесенеге дейінгі жолдың күрделі жөндеу жұмысымен танысты. Кесенеге апаратын 6,5 шақырымдық жолды жөндеу үшін «Жетісу жол құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 278 миллион 674 мың теңге бөлініп отыр. Жол құрылысы биыл шілде айында бітуі тиіс.

Келген қонақтарды күтіп алып, мемориалдық кешенге жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен таныстырған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазреставрация» РМК директорының орынбасары Алмас Әбдібаев пен Ш. Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейінің меңгерушісі Марал Рахатова шағын ауылдағы нысанға қатысты мәселелерді баяндады. Меңгерушінің айтуынша, іргетасы 1985 жылы қаланған музейде барлығы 1059 дана жәдігер сақтаулы тұр. Жыл сайын 2500 адам келіп, аққан жұлдыздай қысқа ғұмыр кешкен ғалымның өмір жолымен, еңбегімен танысады. Онда жұмыс істейтін 12 адамның орташа айлық жалақысы  90 мың теңге.

Музейді жаңғыртуды Жетісу облысына арнайы іссапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырып кеткен болатын. Шынында ұлтымыздың айтулы тұлғасы, 30 жылдық ғұмырында қазақ мәдениетіне өлшеусіз еңбек сіңірген Шоқан Шыңғысұлына арналған мұражайдың отандық туризмге тигізер ықпалы ерекше.

Аумағы 3500 шаршы метрге тең музейге жүргізілетін жөндеу жұмыстарына 235,2 миллион теңге бөлініп отыр. Мердігер компания «SCS Инжиниринг» ЖШС былтыр аяқтауы тиіс жөндеу жұмыстарын түрлі себеппен бітірмеген. Осыған орай облыс әкімі «Қазреставрация» мекемесінің мамандарына музейдің маңын абаттандыру, жаңарту жұмыстарын үйлесімді жүргізу керегін ескертіп, аудан әкімі Қанат Есболатовқа құрылыс жұмысын қадағалауды тапсырды.

Келесі кезекте аудан орталығы Сарыөзектегі жұртшылықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған «Эля»  сауда орталығына барып, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру шарасымен танысқан облыс әкімі сауда орталығының иесі, жеке кәсіпкер Күлсара Әміреевадан қандай азық-түлікке сұраныс бар екенін біліп, сұйық майдың, күріштің, макарон мен вермишельдің нақты құнын сұрады. Кәсіпкердің айтуынша, күніне 400-ге жуық тұтынушыға азық-түлікті арзан бағамен ұсынатын сауда орталығы «Жетісу» ӘКК-нен қосымша қолдау алып, 13 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы 150 мың теңге.

Одан кейін «Шоғырландырылған тау-кен құрылыс компаниясы» ЖШС-нің жаңадан салынып жатқан қойма-кешені мен «Жетісу» тігін фабрикасының филиалы «Айсұлу» ЖШС-нің жұмысымен танысқан облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы орталық стадион салынатын жерге барып, тұрғындарды баспанамен қамту шаралары мен Сарыөзек –Көктал автожолының жаңарту жұмыстарын саралады.

Түс ауа аудан тұрғындарын қабылдаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев жұртшылықты мазалаған мәселелердің шешімін табуға көмектесетінін жеткізіп, жауапты мекемелерге тапсырма берді.

Одан соң аудан тұрғындарымен арнайы кездесу өткізген өңір басшысы былтырғы кездесуде көтерілген мәселелердің қаншалықты орындалғанын таныстырды.

– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде қолға алынып жатқан реформалардың түпкі мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, жайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнатудың айрықша маңыздылығын атап өтіп, ел дамуының басымдықтарын ауылдық аймақтардан бастап, бәрімізге басшылыққа алуды тапсырды, – деп сөз бастаған Бейбіт Өксікбайұлы облыстың жетістігі мен көрсеткішін таныстырып өтті.

Былтыр облыстың барлық саласында табыс молайып, түсім артса, биылғы қаңтар-сәуір айларында экономикалық өсім қамтамасыз етілген. Мәселен, өнеркәсіпте өсім 12,7 %-ға артып, 100,5 миллиард теңге, ауылшаруашылығында 1,7%-ға жетіп, 55,9 миллиард теңге түскен. Тұрғын үйді пайдалануға беру 6,6%-ға өсіп, 56,6 мың шаршы метрлік баспана салынса, құрылыс жұмыстарының көлемі 21,4%-ға артып, 16,7 миллиард теңгеге жеткен. Сауда көлемі 2 есеге ұлғайып, 173,5 миллиард теңгеге артып, өңірге 44,4 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Осындай толымды көрсеткішке Кербұлақ ауданы да өз үлесін қосып, 113 мың гектардан асатын алқапқа егістік салыпты. Оның 98,9 мың гектары дәнді дақыл болса, 700 гектар жерге қант қызылшасы егілген. 500 гектар алқап Жоламан аймағында су үнемдеу технологиясымен себіліпті. Қоғалы өңірінде биыл 1100 гектарға картоп салыныпты. 

Салыстыра айтсақ, соңғы 2 жылдың ішінде картоп алқабы 53%-ға азайған. Бұл картоп, көкөніс өсіру әлеуеті толыққанды пайдаланылмай отырғанын көрсетеді.

Кербұлақ ауданында барлығы 4,5 мың гектар суармалы жер, 101 шақырым магистральді және ішкі шаруашылық каналдары бар. Ауданның су қоймалары мен каналдарын жөндеу, жобалау бойынша бірқатар жұмыс жүргізіліп, былтырдан бері 940,6 миллион теңге қарастырылған. Биыл күзге дейін «Матай», «Талдыбұлақ» су тоғандарын қайта жаңғырту үшін жергілікті бюджеттен 304,2 миллион теңге бөлініп отыр. Су тоғандарының жөнделуі 1350 гектар егістікті суаруға мүмкіндік береді. Басши ауылдық округіне қарасты «Еңкөл» және «Аралтөбе» су қоймалары мен магистральдық арналарға күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биыл жергілікті бюджеттен 452 миллион теңге бөлінген жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталады. Одан бөлек, Ақтөбе, Түлкілі, Шымылдық, Қарлығаш, Қызылмектеп, Қоғалы-1, Қоғалы-2, Бастау, Аралтөбе, Онжас, Көктал, Көксай суару жүйелерін жаңарту көзделуде.

Ауданның мал шаруашылығында ет, сүт және жұмыртқа өндірісінде өсім бар. Облыс басшысының орынбасары Әлібек Жақанбаевқа, ауылшаруашылығы басқармасына аудан әкімімен бірлесіп, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды толық қуатына шығару жөнінде шаралар қабылдауды, жаңа қайта өңдеу өндірістерін ашу үшін инвесторларды тарту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырған Бейбіт Өксікбайұлы ауданның ветеринария, жер қатынастары салаларындағы жұмыстарға тоқталды. Аудан әкімдігіне жерді түгендеуді толық аяқтап, жерді басқару картасының өңірлік геоақпараттық жүйемен байланыстырылуын қамтамасыз етуді, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына облыстың аудандары мен қалаларының әкімдерімен бірлесіп, өңірлік үйлестіру кеңесі қолдаған инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын мониторингтеуді жалғастырып, тиісті шешім қабылдауға міндеттеді.

Облыс әкімінің айтуынша, ауданның өнеркәсіп өнімі молайып, инвестиция құю бойынша облыста 5 орынға табан тіреген. Мысалы, былтыр ауданға 18,9 миллиард теңге инвестиция тартылған. Сондай-ақ, ауданда шағын және орта кәсіпкерлік, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, сапалы ауызсу, газдандыру, автожолдарды жөндеу, білім, денсаулық сынды салаларда жетістік мол. Межеленген міндеттер біртіндеп атқарылып келеді. Мысалы, былтыр аудан тұрғындары «Жедел жәрдем» көлігінің жетпейтінін алға тартып, арнайы көмек сұраған еді. Соған орай биыл ауданға 5 бірлік «Жедел жәрдем» машинасы алынды. Олар Көксу, Шұбар, Шаған, Қоғалы, Шанханай ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Жалпы, ауданда 22 «Жедел жәрдем» көлігі бар.

Одан бөлек спорт, мәдениет салаларындағы жұмыстардың нәтижесіне тоқталған облыс әкімі Бейбіт Исабаев: 

«Күнделікті туындайтын ауылішілік тұрмыстық түйткілдерді, аудан, ауыл әкімдері, өздеріңіз шешіп үйренулеріңіз керек. Қазір басқа мәселелерді былай қойғанда, тіпті, ағайындылардың арасындағы дауға, көршілердің келіспеушілігіне, басқа да сұрақтарға қатысты Мемлекет басшысына бейнежолдау жасап, Президент Әкімшілігіне арыз жазатындар шығып жатыр. Мұндай мәселенің бәрін дер кезінде жұртпен ақылдаса отырып қарастыру – жергілікті әкімдердің тікелей міндеті. Осындай істерге халықтың ішінен сайланған депутаттар, қоғамдық кеңестер, азаматтық белсенділер де атсалысуы тиіс. Аудан, ауыл әкімдері өз деңгейінде құзыретіне сәйкес жауапкершілігін ұмытпағаны жөн. Облыс басшылығынан нұсқау, тапсырма күтіп отыра беру дұрыс емес. Өз аумағындағы нысандар құрылысының сапасын аудан әкімдері, басқарма басшылары ғана емес, депутаттар, қоғамдық кеңестер, басқа азаматтық ұйымдар бірге қадағалауы керек. Облыс бюджетінен қомақты қаржы қажет ететін мәселелер бойынша әрдайым қолдауға дайынбыз», – деп өзекті мәселелерді жұртшылықпен бірлесе шешу керегін ұғындырды.

Облыс басшысымен былтырғы қараша айында өткен кездесуде аудан тұрғындары көтерген 9 проблемалық мәселенің төртеуі шешімін тауыпты. Атап айтқанда, Қайнарлы ауылында Еркін Тойшыбаевқа берілген жайылым жердің заңдылығы тексеріліп, жер учаскесі өз иесі Б. Бекбергеновке қайтарылса, Қоғалы ауылының өзен бойында орналасқан демалыс орнының өзенді ластау дерегі облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында биыл сәуір айында қаралып, заңсыз салынған монша бұзылған. Жоламан стансысының 2 шақырым кірме жолына сәуір айында басталған орташа жөндеу жұмыстары шілде айында аяқталады. Оған жергілікті бюджеттен 56,5 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ, Қазансу ауылының бір көшесін, Қоянкөз ауылының 5 көшесін жарықтандыру үшін жергілікті бюджеттен барлығы 94,8 миллион теңге қарастырылып, тиісті құрылыс жұмыстары басталыпты. Түнгі көше жарығы шілде айында қосылмақ.

Тұрғындар көтерген 5 сұрақ бойынша жұмыс жалғасуда. Олар – Қаспан ауылдық округінде дәрігердің жоқтығы мен «Жедел жәрдем» көлігінің жетіспеуі, Қоянкөз ауылындағы 13 көшені жасау, Қоғалы ауылының орталық көшесінде орналасқан ескі көпірді жөндеу, Жаңалық ауылының 5 көшесін жарықтандыру, Онжас ауылының ауызсу жүйесін қалпына келтіру. Осы мәселелерді аудан әкіміне тапсырған Бейбіт Өксікбайұлы тұрғындар көтерген сұрақтар мен өтініштерді жеке бақылауға алып, орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.

Есептік кездесуде көпшілікті байыппен пайымдап, жанашыр ниет танытуға, ықылас білдіруге үндеген Бейбіт Исабаев жиынды:

«Демократиялық қоғамды басқарудың өзі қиын. Бірақ бір жайт естеріңізде болсын, ашық қоғам бар, демократиялық қоғам бар, азаматтық қоғам бар. Азаматтық қоғам қалыптасуы үшін ақыл-парасат, біліміміз, біліктілігіміз белгілі деңгейде болуы керек. Сіздердің көптеген пікірлеріңізге түсіністікпен қарауымның себебі, өкінішке қарай, 30 жыл бойы қоғамның үнін дұрыс естімей, құлақ түрмей келдік қой. Кінә өзімізден болды. О бастан ашық болсақ, қоғам бізге ренжімес еді. Сондықтан бәрі де өтпелі. Бүгінгі қиындық ұмытылады. Өкпе-реніш қалады, жағдайымыз дұрысталады. Көйлегіміз көгерер, өз қолымыз аузымызға жетер, экономикамыз көтерілер. Бәрі ұмытылады, бәрі артта қалады. Сол себепті «өсер елдің баласы бір-бірімен дос келеді» деген қағиданы берік ұстайық. Әрине, әркім өз ойын айтуға құқы бар. Менің ұстанымым – ардың соты бар. Әркім арының алдында өз ісіне жауап береді. Мыңдаған азамат күндіз-түні, сенбі, жексенбі күндері жатпай-тұрмай жұмыс істеп жатыр. Солардың жалақысына жұмыс істеп көріңіздерші. Ауыл әкімшілігінің, аудан әкімдігінің аппаратына қызметкер таба алмаймыз, сенесіздер ме?! Сағаттап кабинеттен шықпай отыруға екінің бірі шыдамайды. Мемлекеттік қызметті тағдырына балаған соң шыдауға тура келеді», – деген салмақты сөзімен түйіндеді.

Мәди АЛЖАНБАЙ
Суреттерді түсірген: Дмитрий ЕРОФЕЕВ