Жетісу облысының құрылғанына 1 жыл толды

Уақыты: 08.06.2023
Оқылды: 741
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әркім өз дәуірінің куәгері. Әсіресе, жақсылыққа толы күндердің шуағы мен жаңалығы естен кетпейді. Еліміз жаңа дәуірдің биік белесіне көтерілген тұста Алматы облысы екіге бөлініп, Жетісу облысы өз алдына отау тіккеніне, міне, жыл толыпты. Осы 1 жылдың ішінде не өзгерді, қандай жетістікке жеттік?! Әрбір саналы пенденің өткенін саралап, істегенін есепке алуы заңдылық. Сондықтан бұрынғы Талдықорған облысының аймағын еншілеген әкімшілік-аумақтық бөлінісі туралы алғашында ел ішінде түрлі пікір айтылғаны рас. Бірақ уақыт өз дегенін істеп, тоқтаусыз заулап барады. Ауыздан шыққан пікір аяқсыз қалып, жағдай мүлде басқаша ауанда дамып жатқанын көріп отырмыз.

Әсіресе, құрылыс саласындағы тынымсыз жұмыс толастамай, жаңа нысандардың тұғыры құйылып жатыр. Мемлекеттің басты бағытының бірі – туризм саласы қарқынды дамуда. Жақында ғана облыс әкімі Бейбіт Исабаев көршілес Қытай елінің Үрімші қаласына барып, нақты істердің келісімін жасады. Халықаралық ұйымдардың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар облыс аумағында туын тігіп, жергілікті жұртшылықтың пайдасына жұмыс істеуде. Аймақтың өркендеуіне арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасымен Жетісу облысына 3 миллиард 200 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл қаржы ауыл маңынан қосалқы шаруашылық пен шағын және орта кәсіпкерліктің жұмысын жүргізуді мақсат еткен жандарға беріледі. Яғни, ауылшаруашылық саласын дамытқысы және белгілі бір кәсіпті жүргізгісі келетін адам жеңілдетілген несие алып, өз ісін дөңгелетуге мүмкіндік туады.

Жалпы, шаншыған шыбық өніп кететін Жетісу жерінің топырағында қызылша мен жүгері өсірудің тәжірибесі бар. Кезінде қызылша өсіруден Нұрмолда Алдабергенов, Зылиха Тамшыбаева, жүгері собығын мәпелеуден Николай Головацкий мен Күләш Айтжанова «Социалистік Еңбек Ері» атағын кеуделеріне тақты. Еңбектің адам абыройын асыратынына дәлел осы. Сондықтан дәл қазір облыста қызылша мен жүгері алқаптарын ұлғайту мәселесі қолға алынып отырғаны жасырын емес. Әрине, мол нәтиже бірден қолға түспейді. Уақыт керек. 1 жылдың ішінде ұзақ мерзімді жоспарлардың негізі қаланды. Сол қуантады. Өйткені, межеленген міндеттің нәтижесі сөзсіз болады.

Сондай-ақ, білім және денсаулық сақтау саласындағы ілгерілеуді көріп отырып, іштей шүкірлік айтасың. Себебі, шалғай ауылдардағы мектептер жаңадан салынып, тез құрастырылатын модульдік емханалар тұрғындардың қажетіне жарап жатқаны бүгінгі күннің шындығы.

Мемлекет болған соң оның ішкі саясаты, әлеуметтік-экономикалық қамсыздандыру жұмыстары болатыны анық. Осы бағытта, оның ішінде азық-түлікпен қамтамасыз ету ісі тұрақты жүріп келеді. Мәселен, облыс орталығы Талдықорған қаласының маңынан картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат секілді дақылдарды ұзақ уақытқа сақтау қоймалары салынып жатыр. Бұл күн санап өсетін бағаны тұрақтандыруға септігін тигізері анық. Оған шаруа қожалықтарына қолдау көрсетумен айналысатын «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ықпалы бар. Осы құрылымның жұмысын жандандыру жаңаша сипат алып отырғанын естіп отырмыз. Соның өзі нәтиженің де жаңа қырынан көрінуіне мүмкіндік береді.

Облыстағы атқарылып жатқан жұмыстар мен қолға алынған шараларды көріп, біліп отырған халық өз бағасын беріп қояды. Меніңше қарапайым халықтан асқан сыншы жоқ. Бейбіт  Өксікбайұлының аудан әкімдеріне талап қойып, аймақтағы жұртшылықпен етене әңгімелесетіні ешкімді бейжай қалдырмайды. Тіпті, кездесулерінде жергілікті жұртшылықтың талап-тілегіне құлақ асып, көтерілген мәселелердің шешілуін қадағалап отыруы баршаның көңілінен шығуда. Шынында қойылған талаптың үдесінен шығу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан қысқа уақыттың ішінде аудан әкімдерін ауыстырып, қолынан іс келетін, жергілікті жұрттың жайын жақсы білетін жігіттерге жауапкершілік жүктеді. Соның арқасында аудан әкімдіктерінде жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер ширай түсіп, қоғамдық кеңес мүшелерінің, қоғам белсенділерінің, ардагерлер мен көпбалалы аналардың талап-тілегінен нәтиже шығаруға кірісті.

Міне, 1 жылдың көрсеткіші осылай түйінделіп отыр. Алдағы уақытта нәтиже мен табыстың, көрсеткіш пен сапаның еселеніп, жетістіктің биік дәрежесіне қол жеткізуге тілектеспіз! Келер күніміз жарқын, таңдарымыз арайлы болсын! Ел мен жердің игілігі үшін атқарылған еңбек еселене берсін!

Ермек Келемсейіт,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы