Журналдың жаңа белесі

Уақыты: 24.02.2024
Оқылды: 358
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мұқағали ақынның мұрасын ұлықтауда айтарлықтай қызмет атқарып келе жатқан республикаға тарайтын әдеби-мәдени, танымдық «Мұқағали» журналы 19-шы белеске қадам басты.

Қазіргі уақытта өзінің сүйікті оқырманы қалыптасып, қалың бұқараның қажетіне жараған белді басылым ақиық ақынның қисапсыз қазыналарын танытуда. Жыл өткен сайын ұлы шайырдың өмірі жаңа қырынан көрініп, оған арналған өлең-жырлар мен естелік-эсселердің қатары арта түсуде. Биыл 93 жасқа толған ақынның есімін иемденген журналдың 2024 жылғы алғашқы нөмірі де өз оқырмандарына жол тартты. Ақын атындағы ұлттың рухани байлығына үн қосқан басылымның алғаш шыққан кезеңмен қарасақ бұл 144-мәрте шығарылымы.

Басылымды асыға күтетіндердің қарасы қалың. Бұны биыл журналға жазылушылардың санының артқандығы тағы бір дәлелдеді. Ендеше Мұқағали мұрасын ұлт қазынасы деп танып, журналдың жаңа санын сарыла, сағына күткендер үшін 2024 жылдың алғашқы нөмірінде қандай дүниелер жарық көргенін тізбелейік.

Ақын атындағы басылымның биылғы бірінші саны «Бердібек жылы басталды» атты мақаламен ашылды. Биыл Мұқағали ақынның жерлесі, Аспантаудың ардақты ұлы, қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл. Осы орайда ұлы жазушының мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде атап өту туралы халықаралық шешім қабылданып, қазақ елін бір қуантқан еді. Жыл бойы облыс, республика көлемінде де түрлі әдеби-мәдени шаралар белең алып, Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармалары жаңа рәуіште танылмақ. Осыған орай «Бердібек жылы басталды» мақаласында ұлы тойдың кіндігі облыс орталығы Қонаев қаласында кесілгендігі жазылған. Мұнда ұлт зиялылары мен облыс әкімі ұйытқы болған алғашқы шараның шарапаты көрсетіледі.

Журналдың екінші мақаласы «Заңғар тұлғаны еске алды» атауымен Мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуына орай Алматының төрінде өткен еске алу кешінен ақпар таратады. Кеш Қазақстан Президентінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы хатын оқып беруімен ерекшеленеді. Қазақ руханиятына еңбек сіңіріп жүрген зиялылар мен ақын-жазушылар, қоғам белсенділері бас қосқан еске алуда Заманбектей есіл азаматтың есімін есте қалдыруды мықтап қолға алу керектігі айтылады.

Басылымдағы келесі мақаланың жолы бөлек, жөні ерек. Олай деуімізге «Мұқағали» журналының бас редакторы Жақыпжан Нұрғожаевтың «Өмір қысқа емес пе?» атты осыдан 19 жыл бұрын Заманбек Нұрқаділовпен болған сұхбаты жарияланған. Бұрын соңды еш жерде жарық көрмеген сұхбат жұртшылыққа Заманбек Қалабайұлының жаңа қырын танытып, оның «Шығыс жыры» атты кітабының төңірегінде әңгіме өрбітеді. Бала күнінен кітап оқуға жаны жақын мемлекет қайраткерінің әдебиет саласындағы сара жолы мен білімдегі дара жолынан түрлі естеліктер айтылады. Қазақ классиктерімен шектеліп қалмай, шығыс әдебиетіне жол салған Заманбек Қалабайұлы шығыс шайырлары Рудаки, Омар Хайям, Мехсети Гәнжәуи, Бабырдың туындыларын түсініп биік шыңға көтерілгенін сөз етеді.

Басылымның 14-бетінде әдебиеттануға арналған бірқатар ғылыми мақалалары шетелдерде жарық көрген, 6 ғылыми-публицистикалық кітаптың, 70-ке жуық ғылыми мақаланың авторы Бауыржан Омарұлының «Күпі мен шекпен» атты эссесі жарық көрді. Қазақстан Жастар одағы мен Журналистер одағының Б.Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты өзінің студенттік шағында жастардың Мұқағали өлеңіне қаншалықты ынтық болғанын, қазақ әдебиетіне Мұқағалидың жапқан шекпені құт болғанын алға тартады. Қазақ жырының жылуын сақтайтын күпі қаншама жылдар бойы ескірмегенін, кейіннен оны жаңартқан жыр жүйріктерін тілге тиек етіп, тазалықтың әлемі саналатын Мұқағали ақын күпісі бар, үкісі бар қара өлеңге шекпен жапқандығын тебірене толғайды.

Журналда талантты ақын, журналист Нұрқанат Құлабаевтың бір топ өлеңдері жарық көрді. «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Ақылбек Шаяхмет ақынға жоғары баға беріп, оны қазіргі қазақ поэзиясындағы жастардың алдыңғы қатарына қосты.

Басылымның 33-бетінде Кино рубрикасымен «Ақын рухына тағзым немесе Болат Қалымбетовтың поэтикалық кинотуындысы қалай жасалды?»атты Болат Жетекбайдың мақала-сұхбаты бар. Мұнда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірінің соңғы жылдары туралы түсірілген «Мұқағали» көркем фильмі жайында сөз қозғалып, қазақ киносының қоржынына қосылған туындының түсірілім барысы мен ақын образы жан-жақты ашылған.

Журналда «Алтын тобылғы» әдеби байқауының проза номинациясы бойынша арнайы жүлде иесі, жазушы Қанат Тілеуханның «Медаль» атты әңгімесі жарияланды. Проза шынайылыққа сүйенгендігімен әсерлі және өзіндік қуатымен құнды.

Келесі бетте көрнекті Әзірбайжан ақыны Мамед Исмайылдың өлеңдері «Ертеңге сенім жалғадым» топтамасымен оқырманға жол тартты. Басылымда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметовтің «Сөз саңлағы, поэзия бағбаны» мақаласында «Біз қазақпыз» іргелі жобасының аясында АҚШ-та Ұлы дала елінің классик жазушыларының қаламынан туған үздік шығармалардың алғашқы легі жарық көргені айтылады. Олардың ішінде Мұқағали Мақатаевтың жинағы көш бастаса, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі ағылшын әлемінде айрықша құрметке ие екендігі көрсетілген. Журналдың соңғы бетінде туған күндері қатар келетін қос ақын Мұқағали мен Есенқұл туралы ерек сырлар айтылып, Қазақстанның Құрметті журналисі Рәтбек САҒИД-УАҺАС-тың естеліктері оқырмандарды тебірентті. Ақынның «Мұқағали мен Есенқұл немесе ақпанның 9-ы мен 10-ындағы туған күн деген бір тылсым туралы» жазғанында Есенқұл Жақыпбековтің Аспантаудың аясында туған алпауыт ақын Мұқағалиға деген, оның шығармашылығына деген құрметін танытып, қос ақынның өзіндік үндестігімен тәнті етеді.

Оқылымды, өнегелі, мәдени-әдеби тарихи сәттерге сапар шеккен журналдың жаңа саны ғибратты дүниемен қорытындыланып, Болат Қуанышұлы аударған Жапон халқының мақал-мәтелдерімен түйінделеді.

Құралбек Сәбитов