АЛҒЫС БОЛСЫН АЛҒАНЫҢ!

Уақыты: 29.02.2024
Оқылды: 450
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүйректің созылмалы жеткіліксіздігі ауруына шалдыққан адамдардың қанын тазалап, қалыпты өмір сүруін қамтамасыз ететін орталықтың қажеттілігі жылдар бойы осындай емге зәру адамдардың көкейінде жүрген болатын. Жуырда көпшілік тілегі жүзеге асып, Сарқан аудандық ауруханасының медициналық көмек көрсету аясы кеңейді.


Сарқан ауданында «Apple Clinic» ЖШС - нің бастамасымен, аудан әкімдігінің және аурухана басшылығының қолдауымен гемодиализ орталығы ашылды. Туған жерге туын тігіп, көптің көкейінде жүрген орталықтың ашылуына демеу болған осы ауданындағы Қарауылтөбе ауылының тумасы, меценат Азамат Долонбаевтың осы мақсатқа 60 млн. теңге бөлгенін айтып өткен жөн. Медициналық орталықтың ашылуына орай жиналған аудан тұрғындарын өңір басшысы Ғалымжан Маманбаев құттықтап, елжанды азаматқа алғысын білдіріп, үлкен анасы Әзікен Қозыкеноваға жаңа орталықтың лентасын қиюды ұсынды.

– Осы уақытқа дейін ауданның бүйрек созылмалы аурулары бар азаматтары Талдықорған қаласына аптасына 3 рет барып, ем алып келетін. Денсаулық мәселесіне қоса ұзақ жол жүру науқас үшін қолайсыздық тудыратыны анық. Адам өмірі ең қымбат құндылығымыз және ол ешқандай ақшамен өлшенбейді. Осы тұрғыда Азамат Өмірсерікұлының игі ісіне алғыс білдіремін, – деді Ғалымжан Қанатұлы.

Орталық бір уақытта 4 науқасты қабылдай алады. Ем қабылдау процесі аптасына 3 рет жүргізілсе, бір сеансқа 4 сағат жұмсалады. Бүгінде Сарқан ауданынан бөлек Ақсу және Алакөл аудандарының науқастарын қоса алғанда 10 азамат ем алуда.

Науқастарға Алматы қаласының «Bios» клиникалық базасынан арнайы білім алған білікті дәрігерлер Олжас Байжанов пен Мұрат Бөлегенов көмек көрсетуде.

Жақсылық ИГІМАН
Фото: interfax.ru