Өмір деген өзеннің толқындары секілді қанша ғасыр зулады, қанша дәуір жөңкіді?! Тірлік атты сүрдектің, сүрлеу менен даңғылдың бар ма ортақ төркіні? Көкірегіне мұң тұнған, азаттыққа ұмтылған бабалардың кешегі жалғасымыз деп шаттандық. Қан кешу, қатал заманда қара жұрттың қамы үшін, қарындастың ары үшін, қандас бауыр жаны үшін ту түбіне аттандық. Сол үшін саған мың алғыс, баһадүр болмыс қазағым!
Білімге сусап паң далам, астық таппай қамбадан, өрістегі түлігін, білгені мен білігін саясат жалмап жатқанда, ақ жолға ғұмыр арнаған арыстарды қалай еске алман? Сұрқай кезең шідерін, сұм саясат іреңін ұрпаққа таңбау үшін де күресіп жүріп ақыры бағынан мүшел кеш қалған, арыстарым – айбарым, намыстарым – байрағым, мың алғыс саған айтарым.
Мың алғыс айтам сендерге! Жоққа көңіл шөлдер ме? Өзендер мен көлдерге, мақпал, манат белдерге, сол белдегі елдерге ізгіліктен дән сепкен, қаламмен тарих қашаған, тыңнан әдебиет жасаған ұлыларға мың тағзым!
Дарқан дала жұпарын жаулығына сіңдірген, перзентім аман болсын деп қалғымастан түн жүрген, іңкәрлік пен мейірім, ізеттілік, ізгілік қасиетін білдірген: Ұмайдан тартсақ Зередей, Домалақ ана – телегей, Ұлжан, Ұлпан секілді текті орны төредей аналарға және алғыс. Сосын мынау тірлікте оқ жонуды үйреткен, жамандықтан жиренткен асқар даудай әкеге болсын бізден рахмет!
Екі дүние есігін, азаматтың несібін, тіл мен діннің кесімін, ұлт пен ұрпақ көшінің киесіне кенелткен туған ел мен жеріме, сол жердегі еріме, биік тұрған иманы ару қызға ибалы алғысымыз көл-көсір! Қазақстан – кемелім, жалғыз Отан сен едің, әр тасыңды түзеген, жусаныңды түлеткен, жұпарыңды жыр еткен күллі қазақ баласы, замана көшін бір сүрген, бірге ойнаған бір күлген, ел жақсысын мақтаған, таланттарын баптаған ата, аға, бүгінгі ұрпаққа болсын мың ізет!
Мейірімін нұр қып таратқан, қазақты кемел жаратқан, талай сыннан өткеріп, азаттыққа жеткеріп, ұлы ел қылған Алашты әуелі алғыс өзіңе, жаппар ием Жаратқан!..
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ