МАҚСАТ - ЕЛ СЕНІМІН АҚТАУ

Уақыты: 20.04.2024
Оқылды: 379
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс мәслихатының депутаттары өңірдің дамуына үлесін қосып, өзгерістердің  бел ортасында жүр.  Халық қалаулылары елдің талап-тілегіне құлақ түріп, өзекті мәселелерді шешу үшін қыруар жұмыс атқаруда. Осыған орай облыстық әкімдікте өткен «Депутат сағаты» атты іс-шарада мәслихат депутаттары былтыр атқарған жұмыстарын қорытындылап, алдағы кезеңнің басты міндеттерін айқындады.


Жиында облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева депутаттың міндеті – тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап беру, алаңдатып жүрген мәселелері болса шешімін табу екендігін айтып, өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндады.

 – Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларымен бірқатар жұмыстар атқарылды. Депутаттарымыз азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарап, өз құзыреті шеңберінде көтерілген мәселелерді шешуге көмек көрсетіп, ресми сұраулар мен өтініштер жолдау арқылы мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізді. Есепті кезеңде мемлекеттік органдарға 140 депутаттық сауал  жолданды. Олардың ішінде білім, денсаулық сақтау, спорт, қоғамдық даму, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, ауылшаруашылығы, экология, табиғи ресурстар, ветеринария, жер қатынастар бойынша жергілікті бюджеттен қаражат бөлуді талап ететін  40  сауал болды. Мемлекеттік органдарға жолданған барлық депутаттық сауалдар уақытымен қаралып, тиісті шаралар қабылданды. Осы сауалдар негізінде 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджетті қалыптастыру кезінде қаражат талап ететін 18 депутаттық сауал оң шешімін тапты, – деді Гүлнар Қожағұлқызы.

Айта кетейік, былтыр тұрақты комиссияның 34 отырысы өткізіліп, онда 90 мәселе қаралыпты. Нәтижесінде 108 ұсыным қабылданған. Оның 53-і орындалса, 9 ұсыныс назарға алу үшін берілген. 3 ұсыныс 2024 жылға өтпелі, 43 ұсыныс мемлекеттік органдарда орындалуда. 

 Осыдан кейін 5 тұрақты комиссия төрағасы өздерінің жыл бойы атқарған жұмыстарын баяндады. 

Облыс мәслихатының денсаулық сақтау, білім,  халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет, ішкі саясат және спорт мәселелері бойынша Қуат Баймырзаев өз саласы бойынша атқарылған жұмыс- тарды қорытындылып, шешімін тапқан мәселелерге кеңінен тоқталды. 

Атап айтсақ, былтыр Тұрпан және Сарыбел ауылдарының Мәдениет үйлерінің ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы мәселе көтерілген еді. 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджеттен екі нысанның жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінетін болыпты. «Айналайын» балалар үйінің жазда демалатын лагерінің күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететіні туралы мәселе де оң шешімін тапқан. Былтыр жергілікті бюджеттен  «Инватакси» қызметі үшін 293,4 млн. теңге қаражат бөлініп, облыс бойынша 23 арнайы көлік мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін қызмет көрсетіпті.

Экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттіктер мен этика мәселелері бойынша тұрақты комиссия төрағасы Сәкен Шенгелбаев Президент тапсырмасына сәйкес 2026 жылға дейін қант қызылшасын 15 мың гектарға ұлғайту міндеті тұрғанын айтып, бұл мәселе бойынша тұрақты комиссияның отырысында «Жетісу облысының 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралғанын жеткізді. Сонымен қатар, «Қорғас» халықаралық шегаралық ынтымақтастық орталығының жұмысы туралы, облысымыздағы жол қауіпсіздігі және туризмді дамыту, балалар мен ересектер арасында синтетикалық есірткілер және вейптерді тарату мәселелерін шешу үшін тұрақты комиссия жүйелі жұмыс істеп жатқанын айтты.

Шарада әр комиссия мүшесі сөз алып, өткен жылғы істелген жұмыстар жайын баяндады. 

Жиынды қорытындылаған Гүлнар Тойлыбаева алдағы жұмыстарды пысықтап, алға қойған мақсаттардың сапалы әрі уақытылы орындалуын жүзеге асыруға күш жұмылдыру қажет екенін айтты.

Айдар ҚАЛИЕВ