ДЫБЫСТЫ БАҒДАРШАМ ЖАСАДЫ

Уақыты: 20.04.2024
Оқылды: 376
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жер жаннаты Жетісу өңірінде ерекше дарынымен жылт етіп көзге түскен талантты балалар жетіп артылады. Солардың бірі – Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Анар Нұрмахан. Білімқұмарлығымен көпті сүйсіндіріп, тау асар табандылығымен сан алуан жетістіктерге жеткен шынашақтай қыз көзі нашар көретін жаяу жүргіншілерге дауысты бағдаршам орнатуды ұсынып отыр.


Қазақстанда 160 мыңнан астам көру қабілеті нашар адам бар. Зағип жандар жүргіншілер жолынан өту үшін көптеген қиындыққа тап болады. Жаңашылдыққа жаны құмар оқушы жоба жетекшісі, физика пәнінің мұғалімі Дамир Төлегеновпен бірге бірегей құрылғының жобасын жасады. 

– Талдықорғанда 200-ден астам бағдаршам болса, оның аз ғана бөлігі өткел сигналының дыбыстық сүйемелдеуіне арналған құрылғымен жабдықталған. Бірақ, бағдаршамға көзі нашар көретін адам келсе, қай бағдаршам жанып тұрғанын, қай бағытқа жүру керектігін анықтай алмайды, – дейді жас өнертапқыш.

Модуль  дауыс зорайтқышты блок ретінде жасалған. Жасыл белгі қосылғанда, көшенің атауы туралы дыбыстық белгі беріледі. Содан кейін жасыл сигналдың аяқталуына дейінгі уақыт хабарланады және соңғы секундта «Тоқта!» деп айтылады. 

– Құрылғының ерекшелігі – дауыстық хабарламалар мемлекеттік тілде айтылады. Құрылғы күн мен түнді анықтау функциясына ие. Түнде дыбыс деңгейі 50%-ға азайтылады. Сонымен қатар уақыт аралығын бағдарламалау мүмкіндігін қамтамасыз етеді, – дейді жоба жетекшісі Дамир Төлегенов.

Құрылғыны зерттеу және жобалау барысында Анар 419 583,10 теңге тұратын «Triol-M2» сияқты дауысты бағдаршамның ресейлік аналогымен салыстырмалы талдау жасапты. Оқушы жасаған құрылғының құны небәрі 25 мың теңгені құрайды. Жоба Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі мен «IT-services & Education» қоғамдық жастар бірлестігі арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылды.

Айдар ҚАЛИЕВ