ТІГІН ТІГУ - БІР ӨНЕР

Уақыты: 21.05.2024
Оқылды: 333
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Осыдан 6 жыл бұрын Талдықорған қаласының тұрғыны, іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Айман Жолтай грант жеңіп алып, тігін ісі бойынша шеберлік студиясын ашқан еді.


Кәсіпкер ол жерде түрлі түсті матадан көрпе-жастық пен қыз жасауын және сөмкелер тігеді. Айман тігін өнерін өте қызықты іс деп санайды. Айтуынша, бұл істе түстер мен пішіндердің өзара үйлесуі маңызды. Сол себепті, ол әр істі бар өнерін салып атқарады. Сондай-ақ, халықтың бай, көркем мұрасын сақтап қалудың ерекшелігін де түсінеді. Кәсіпкердің негізгі мамандығы педагог, ал қолөнер құпиясын әжесінен үйреніпті. 

Сол кісінің қолында тәрбиеленіп, мектеп жасынан бастап тігін машинасымен қолғап, алжапқыш сияқты тұрмыстық заттар тіккен. Сөйтіп, әжесінен дарыған өнері көпшілікке ұнап, тұтынушылар тарапынан сұраныс көбейген. Айманның тігуге деген сүйіспеншілігі дәл сол сәттен бастау алыпты. Мұндай қызығушылық кейіннен кәсіпке айналып, баламен үйде отырған кезде де тігінмен айналысқан. Нәтижесінде тәжірибесі шыңдалып, сүйікті ісі пайда көзіне айналған.

– Сүйікті іспен айналысу адамға күш-қуат береді. Яғни, одан шаршамайсың, керісінше, ләззат аласың. Менің әжем нағыз шебер кісі еді. Ол бала бұйымдарымен қатар ересектердің заттарына дейін тігетін. Олар өте әдемі болатын. Әжем маған қайшы, ине сияқты заттарды дұрыс пайдалануды және пішу мен тігуді үйретті. Қазір менде кеңес кезінен қалған әжемнің тігін машинасы бар. Ол менің мақтанышым. Үйдегі менен басқа балалар мұндай қолөнер түрімен айналыспайды, – дейді кәсіпкер әйел.

Айман әсіресе мата сапасына көп көңіл бөледі. Сол себепті оның бұйымдарына қазір тапсырыс жоғары. Кәсіпкердің өнімдері Жетісу облысында ғана емес, сондай-ақ, шетелдерде де танымал. Енді ол өндірісін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев аймақта әйелдердің түрлі салада еңбек етіп, тиімді кәсіп жүргізіп, сол арқылы экономика дамуына үлес қосып келетіндерін және олардың бастамаларының арқасында пайдалы ойлар туындап, қажетті жобалардың іске асырылып жатқанын, осы ретте жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің жалғаса беретінін жеткізді.

Айгүл Байжұмақызы
Талдықорған қаласы