Оңалту орталығы. Бір мезгілде 40 мүгедек балаға қызмет көрсетіледі

Уақыты: 19.05.2023
Оқылды: 1275
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жаркент қаласында мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы өткен жылдың қараша айында ашылған болатын. Жаңа мекеме жалпы 1 гектар аумаққа орналасқан. Мұнда жалпы 54 қызметші еңбек етеді. Мекемеде бір мезгілде 40 мүгедек балаға қызмет көрсетіледі. 

Орталық 2 корпустан тұрады, оның алғашқысында әрқайсысы 6 мүгедек балаға арналып жабдықталған 6 жатын және ойын бөлмесі бар. Екінші ғимарат балалардың ем-дом қабылдауына арналған. Мұнда мүгедек балалардың аяқ, қол, тірек мүшелерін емдеп, жаттықтыратын жабдықтармен қамтамасыз етілген зал, шомылу бассейні, монша, душ, логопед, дефектолг, монтоссори, сенсорлық, сылап-уқалау, тұзды шахта, еңбекке баулу бөлмелері мен акт залы бар. Екі корпус арасын 100 метрлік жабық дәліз жалғайды.

– Облыс басшылары ерекше күтімді қажет ететін жасөспірімдерге жан-жақты кешенді оңалту шаралары қажет екендігіне мән беріп, заманауи стандарттарды ескере отырып, бұрын облыс әкімінің резиденциясы болған осы кешенді оңалту орталығына тарту етті, – дейді мекеме директоры Гүлназ Қыбраева. – Өңірде мүмкіндігі шектеулі 600-ден астам жасөспірім бар. Олардың бәрін орталықтың қамқорлығына бірден алу мүмкін емес. Сондықтан біз 1,5 жас пен 18 жас аралығындағы 40 жасөспірімге кезекпен белгіленген мерзімге оңалту шараларын жасаймыз.

Оңалту орталығы мүгедек балаларды күнделікті тасымалдауға қажетті транспорт тауқыметін тартып отыр. Қазір мұнда орталыққа келетін балаларды тасымалдауға арналған бір ғана шағын автобус бар. Онымен бүкіл аудан аумағын аралап мүгедек балаларды күнделікті тасымалдау мүмкін емес. Сондықтан кезекті көршілес елді мекендердің орналасу жағдайына қарай түзуге тура келеді. Бүгінгі таңда Жаркент қаласының шығыс беткейіндегі күрежолдың бойына орналасқан ауылдардағы, Жаркент қаласындағы 40 мүгедек жасөспірім ем-дом алуда. Олар кешендегі жатын бөлмесіне қимылдау қабілетіне, психологиялық жағдайына қарай орналастырылады. Оларға орталықтағы арнайы мамандардан басқа 6 тәрбиеші қызмет етеді. Балаларға 5 уақыт тамақ беріліп, күні бойы ем шаралары жасалады.

Орталық басшысы Гүлназ Мұқатайқызы «Шіркін, оқитын мүгедек балаларға осы мекемеде білім алуға жағдай жасалса тіпті жақсы болар еді», – деген арман-тілегін де айтып қалды. Көбіне қашықтан білім алатын оқушыларды сабақ кезінде үйіне не мектепке апарып-алып келу тамақтануы мен ем алу кестесінің бұзылуына әсер ететін көрінеді.

Орталықта мүкіндігі шектеулі жас- өспірімдерге ем шараларын жасайтын 8 кабинет бар. Олардың әрқайсында арнайы мамандар жұмыс істейді. Мысалы дефектолог Жұлдыз Шүкейітова алдына келген мүгедек баланың танымдық әрекетін қалыптастырып, сөздік қорын, ойлау қаблетін арттырса, монтассори бөлмесіндегі психолог Нұргүл Қиясбекова баланың еркін ойнап, өз бетімен қимыл-қарекет жасауына жол ашады. Логопед Гүлнұр Арынова баланың тілін жетілдіріп, сөйлеу қабілетін оңалтады. Бақыт Көкеев еңбек етуге баулиды, жаттықтырушы Ердос Балабеков суда жүздіріп, Рүстем Туысбаев арнайы қондырғылар арқылы қимыл-тірек мүшелерін, аяқ, қол буындарын жетілдіру жаттығуларын жүргізеді.

Мырзағали Нұрсейіт,
Панфилов ауданы

Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ