Пандемиядан кейін қазақстандықтар балаларымен аз уақыт өткізе бастаған

Уақыты: 26.05.2023
Оқылды: 1072
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Пандемиядан кейін қазақстандықтар балаларымен аз уақыт өткізе бастаған. Қазақстандықтар арасында жүргізілген қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеу деректеріне сәйкес респонденттердің 78,25 пайызы отбасылық өміріне толық қанағаттанған, 17,08 пайызы қанағаттанған, 3,67 пайызы қанағаттанбаған, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Massaget.kz сайтының дерегіне сүйеніп.

Сарапшылар респонденттердің соңғы санатында отбасылық қатынас бұзылуы мүмкін екенін айтады.

COVID-19 пандемиясынан кейін және соған байланысты шектеулер алынуына байланысты ата-аналар балаларымен аз уақыт өткізетіні анықталған. Балаларымен бос уақытты өткізу жиілігі туралы сұраққа респонденттердің тек 45,5 пайызы үнемі бірге болатынын айтып жауап берген, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 50,3 пайыз, 2020 жылы 57,9 пайыз болды.

Респонденттердің 17,7 пайызы күн сайын жиналуға тырысатынын жеткізген, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 32,7 пайыз болды. Әр демалыс пен мереке күндері бірге уақыт өткізетіндер 13,5 пайыз болды (былтыр 8,3 пайыз болған). Респонденттердің 9,8 пайызы тек мереке күндері, 6,5 пайызы аптасына 2-3 рет бірге уақыт өткізетін болып шыққан. Жауап берушілердің 6 пайызы балаларымен сирек уақыт өткізетінін айтса, респонденттердің 0,9 пайызы ешқашан бос уақытын балалармен өткізбейтінін айтқан. Былтыр бұл көрсеткіш 0,4 пайыз болған.

Фото: көрнекілік үшін