ЖАҢА МАМАНДЫҚТАР АТЛАСЫ ҚҰРАСТЫРЫЛАДЫ

Уақыты: 14.09.2023
Оқылды: 1293
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жоғары оқу орындары мен кәсіптік білім беретін мекемелерде оқу бағдарламасы жаңартылып, ішкі еңбек сұранысына сай мамандар әзірленбек. Мұның бәрі «2029 жылға дейін халықтың әл-ауқатын көтеру» бағдарламасы шеңберінде іске асырылмақ. Осыған орай І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Мамандығым – болашағым» атты өңірлік жобалық кеңсе ашылды.

Жуырда ғана Жетісу университетінде келелі жиын өткен болатын. Шараға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бейнебайланыс арқылы қатысып, жоғары білім беру жүйесін кадрлық қажеттіліктерге неғұрлым нақты бағдарлау мақсатында жұмыс берушілермен диалогта кадрларға қажеттілікті озық болжаудың маңыздылығына тоқталған еді. Министр кадрларды даярлаудың өңірлік жүйесін жергілікті сұраныспен байланыстыру, университетте ғылымды дамыту, жастарды ғылымға тарту, жоғары білім беруді интернационалдандыру және цифрлық экожүйені қалыптастыру қажеттілігі жөнінде әңгіме өрбітті.

«Мамандығым – болашағым» жобалық кеңсесінің ашылуы аясында университет қызметкерлері форсайт зерттеу әдіснамасын 4 күн ішінде қарқынды режимде оқыды. Білім-біліктерін жетілдіру нәтижесінде сертификат алып, өңірлік жобалық кеңсе командасы құрамына кірді. Олар алдағы уақытта жаңа мамандықтар атласын құрастыруда қызметтегі сала мамандарымен бірлесіп форсайт-зерттеу жүргізуге тікелей қатысатын болады.

Жобаның негізгі мақсаты  – оқушының мектептен бастап жұмысқа дейінгі бағытын айқындап, лайықты жұмысқа орналастыру. Яғни, өңірлердің еңбек нарығының сұранысына байланысты мамандарды әзірлеп шығу.

Ашылған кеңсе үш бағыт бойынша жұмыс істейді: бірінші, өңірге қандай жаңа мамандықтар қажет екенін анықтайды, екінші, қандай мамандықтарды жетілдіру керегін бағамдайды, үшінші, ескірген мамандықтарды оқу бағдарламасынан мүлдем алып тастауға ықпал етеді. Осыдан шыққан нәтижеге сәйкес Ғылым және білім министрлігі грант бөлу бағытының жұмысын жүзеге асыратын болады. 

Жоба жетекшісі Самғат Ермекбаев 2019 жылдан бері республика деңгейінде жаңа мамандықтарды қамтитын 9 салалық атлас дайындап шығыпты. Ол бойынша 465 жаңа мамандық анықтаған. Сондай-ақ, 129 ескірген, оқытудың қажеті жоқ мамандықтар бар екенін атап өтті.

Аталған жоба жүзеге асырылған күннен бастап студенттерден бөлек мектеп оқушыларына да дайындық курстан өтуге  мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, қолында дипломы бар азаматтарды да қамту көзделген.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Қазіргі таңда министрлік басымдықты өңірлік университеттерге жасайды. Сондықтан, шетелдік филиалдарды Астана, Алматыда шоғырландырдық, енді өңірлерге шығарып жатырмыз. 3-5 жылда әр өңірде өзінің мықты серіктесі болады. Өңірлік еңбек нарығымен, атқарушы билікпен байланыста болып, оқу бағдарламаларын, зерттеулерін өңірлік экономикаға бағыттау керек. Және де ғылым, зерттеу форматына ақырындап көшу керек» – деген пікірде.

Министр еліміздегі университеттерде білім беру жүйесін педагогикалықтан зерттеуші деңгейіне тез арада ауыстыру қажет деп біледі. Айтуынша, Қазақстан бойынша 626 мың студент бар, оның ішінде PhD докторанттардың үлесі 1 пайызға да жетпейді екен.

Айта кетейік, «Мамандығым – болашағым» кеңселік жобасы бүгінде республиканың 7 аймағында жүзеге асып жатыр.  Олар: Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Ақмола облыстары мен Астана және Алматы қалалары. Бұған І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетін қоса кетуге болады.
Жалпы, Қазақстанда 50 жоғары кәсіптік білім беру ұйымы жаңа және жетілдірілетін мамандықтар бойынша 440 білім беру бағдарламасын ұсынды. Ол бойынша 27 299 студент оқытылады. Сонымен қатар, 34 ТжКБ (техникалық және кәсіптік білім беру) ұйымдары 4015 оқушы оқитын 40 жаңа және жаңартылған білім беру бағдарламасын енгізіп отыр.

Медет ЖҰМАБАЙ