Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 8,5%-ға артты

Уақыты: 15.09.2023
Оқылды: 1887
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақының орта есебі шықты, деп хабарлайды smartnews.kz.

Биыл көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 544,9 мың отбасы жалпы сомасы 273 млрд теңге мөлшерінде қамтылып, оның ішінде тамыз айында 543,4 мың отбасына 34 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленген. Бұл туралы  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді. Көпбалалы отбасыларындағы:  

4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;  
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;  
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;  
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;  
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 13 800 теңге мөлшерінде.  

Еске салайық, көпбалалы отбасыларға олардың табысын есепке алмай берілетін мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында енгізілген.

Сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 8,5%-ға артты.