ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 18.11.2023
Оқылды: 1850
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Сарқан қаласында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы ашылды. Екі қабатты ғимаратта орналасқан мекемеде бүгінгі таңда 14 адам жұмыс атқарады. Маусымда мемлекеттік тіркеуден өткен мекемеге 17 штат бөлінген.

Жаңа орталықты ашу салтанатына қатысқан аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев орталықтың атқаратын жұмысына қысқаша тоқталды. Мекеме мүгедектер, көп балалы отбасы, аз қамтылған отбасы, жалғыз басты аналар, қиын жағдайға тап болған отбасыларға қызмет көрсетеді. Мұндай орталықтың қажеттілігін заман алға қойып отыр.

Жетісу облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев бұл мекемеге жүгінген тұрғындарға әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық, мәдени, құқықтық, медициналық қызмет көрсететін орталық қызметкерлерінің алдында тұрған міндеттерді атап өтіп, облыста алғашқы болып ашылып отырған орталық жұмысына сәттілік тіледі. Жиында аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Шолпан Асқарғалиева, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Жанасбеков ұжымның алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, бата берді.

- Орталықта кеңес беру жұмыстары басталды. Қазан айында орталыққа жүгінген аналардың өтініштері қаралып, қабылданды. Қызмет алушыларға әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды,- дейді орталық директоры Ләззат Абылханова.

Жатын бөлмелер, кір жуатын орын, асхана, балалардың ойын бөлмесі, тынығу бөлмесі жан-жақты жабдықталған.  Орталыққа аз қамтылған отбасынан қиын жағдайға тап болған жәбірленуші ана баласымен келіп түсіпті. Мұндай санаттағы адамдар қиналғанда көмек қолын созатын оңтайлы орынның ашылғандығына ризашылығын білдірді.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ,
Сарқан ауданы.