Қоғамның әр мүшесі толыққанды өмір сүруге, емін-еркін жүріп-тұруға, мемлекет тарапынан жасалған жағдайдың игілігін көруге құқылы. Бұл орайда мүмкіндігі шектеулі жандардың қатынауына, спортпен шұғылдануына, әлеуметтік көмек алуына барынша жағдай жасалуда. Кәсіпкерлікпен шұғылдануына, емделуіне облыстық әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау білдірілуде.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы облыста мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар атқаруда. Нақтырақ айтқанда, жаңадан салынатын нысандар үшін жобалық-сметалық құжаттар және қолданысқа берілетін нысандарды қабылдау кезеңінде тірек-қимыл қозғалысында кемшілігі бар адамдар үшін арнайы пандустардың салынуы ескерілуі тиіс. Жеке сектордағы нысандарға қатысты қадағалау шаралары үнемі жүргізіледі.
Бұл орайда істің қалай қолға алынып жатқандығы жөнінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевқа жолығып, сауал қойған едік. «Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментіне келіп түскен арыздар негізінде жеке құрылымдарға тексеру жүргізілді. Жыл басынан 19 субъекті пандусының бар-жоғы, олардың талапқа сай орындалуы негізде қадағалау шаралары қолға алынды. Оның ішінде 22 объектіге жоспардан тыс тексеру жүрді. ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабына сәйкес жоспардан тыс тексерулердің қорытындысы бойынша 83 бұзушылық анықталды, – деген ол кемшіліктерді түзеу барысында атқарылған жұмыстарды тізбелеп өтті. – Осыған орай 16 субъектіге қолданыстағы заңнама талаптарын бұзғандығын жою туралы нұсқамалар енгізіліп, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 83-бабы бойынша 16 әкімшілік іс қозғалып, 3,3 млн. теңге сомасында айыппұл салынды. Бұл нысандардың қатарына «Шаған», «Евразия», «Астана», «Альтаир», «Қарағаш», «Дәулет», «ЦУМ», «Шолпан», «Мактуб» сауда үйлері, «Алтын чажа» шипажайы, «Ботакөз» сән салоны, «Асыл қазына» кітап дүкені, «Даму» қоры, «Grand hall» жиhаз дүкені, «Эдем», «Астана», «Бағдат» дүкендері бар».
Ермек Арынханұлының айтуынша, нұсқамада көрсетілген мерзім бойынша 3 субъекті, яғни, «Асыл қазына», «Мактуб» сауда үйлері, «Ботакөз» сән салоны толық көлемде анықталған бұзушылықтарды қалпына келтірген. Пандустарды салуға, талапқа сай бейімдеуге жүрдім-бардым қараған жеке кәсіпкерлерге айыппұл салынған. Талдықорған әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3 тармағында көзделген тәртіп бойынша 2 іс қаралып, соттың қаулысына сай нұсқаманы орындамаған «Шаған», «Евразия», «Астана» сауда үйлері және жеке кәсіпкер Н. Меделбекке тиесілі «Қарағаш» сауда үйі бойынша жалпы 140 АӘК (екі субъектіге қатысты) мөлшерінде қосымша қайта айыппұл салу туралы әкімшілік жаза қолданылды. Айыппұл салынып жатса да айылын жимайтындар қатары әлі де бар. Олардың талапты орындауы жіті қадағалануда. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі арттырылуда. Кәсіпкерлік құрылымдары тұтынушы мен мүмкіндігі шектеулі жандар алдындағы жауапкершілікті әрқашан жете сезінуі тиіс. Қалтамда ақшам бар деп кеуде кермей, көпшіліктің қауіпсіз, кедергісіз өмір сүруіне жағдай туғызуға міндетті.
Сонымен қоса, Кәсіпкерлік кодексінің 152-бабына сәйкес 3 субъектіге қатысты нұсқаманың орындалуы туралы ақпарат беру жайлы сұрау салу хаты жіберілген. Пандустардың орналастырылуын қадағалау мекемесі белгілі бір мерзімде талаптың орындалуын назарда ұстап отыр.
Жауапты мамандардың айтуынша, жыл соңына дейін 8 субъекті пандус салуы тиіс.
Облыс әкімдігі тарапынан тірек-қимыл қозғалысында ақауы бар адамдардың қоғамдық орындарға кедергісіз кіріп-шығуына толық жағдай туғызылуда. Бұл мәселеге жауапты мекемелер арасында кеңес өткізілді. Нәтижесінде, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін ескере келе облыста мүгедектігі бар адамдардың мүддесін назарда ұстайтын, олардың құқығын қорғап, белсенді жұмыс жасайтын адамдарды аудан, қала әкімдерінің штаттан тыс кеңесшісі етіп бекіту туралы шешім қабылданды.
Гүлжан ТҰРСЫН