«Доғару керек»: Ғани Бейсембаев мектеп директорларына ескерту жасады

Уақыты: 29.11.2023
Оқылды: 1106
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев аппарат отырысында мектеп директорларына, білім басқармасының, бөлімінің басшыларына ескерту жасады. Министрдің айтуынша, мұғалімдерді қудалауды тоқтату қажет. Бұл туралы ведомствоның Telegram-дағы ресми арнасы хабарлады.

Ғани Бейсембаевтың айтуынша, оған мұғалімдерден қайта-қайта түсініксіз есептерді жинауға, құжат айналымының ұлғаюына қатысты арыз-шағымдар келіп түсіп жатыр.

«Ұйым басшылары, білім бөлімдері мен білім басқармалары өз бетінше шешім қабылдауды тоқтатуы қажет! «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарын сақтау керек. Тағы да айта кетейін, әрбір осындай шағым үшін мектеп директорлары, білім басқармалары мен бөлімдерінің басшылары жауапты болады», - деді министр.

Ғани Бейсембаевтың айтуынша, ұстаздардың сапалы білім, саналы тәрбие беруіне барынша жағдай жасалу керек.

«Ұжымдағы микроклиматқа өте мұқият болу керек. Талап болады. Талаптың барлығы заң шеңберінде койылуы керек. Әрбір мұғалім өзінің алдындағы балаға сапалы білім беруге ұмтылуға тиіс. Артық, заң шеңберінен тыс қудалаулар немесе басқа да дүниелерді жасуды доғару керек», - дейді Ғани Бейсембаев.

Фото: Halyq Uni