ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ

Уақыты: 24.02.2024
Оқылды: 534
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ерекше жандар да қоғамның бір мүшесі. Олардың мүмкіндігі шексіз. Бірақ осы кембағал жандарды қоғам қалай қабылдап жүргенін күнде көзімізбен көріп жүрміз. Мені алаңдататын осы мәселе.

Сіз оқырман, өзіңізге: «Мен арбаға таңылған я болмаса ерекше күтімді қажет ететін балаларды көргенде қандай сезімде боламын?» деген сұрақ қойып көрдіңіз бе? Егер жоқ болса бір минут осы турасында ойланыңызшы. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз, бірақ аяушылық пен қорқыныш сезімі қатар сезілетінін мойындайықшы. Қанша жерден жанымыз ашып, аяушылық сезімі жүрегімізді жарып бара жатса да бойымызда қорқыныш басымдық беретіні өтірік емес. Бұл – біздің үлкен қателігіміз.

Қанша білдіргіміз келмесе де оны жасыру мүмкін емес. Ал осыны сезген, көрген, байқаған баланың сезімі туралы ойлап көрдіңіз бе? Жан жабырқау, тәні кем жан қысылып, өзін өзгелерден төмен сезінетіні анық. Олардың  жанарындағы мұң тым терең. Кедергісіз келешек деп аламыз да кедергіні он екі мүшесі сау біздер, жасайтынымыз өкінішті.

Баласының дертпен тууына ата-ана әсіресе, ана кінәлі емес. Ешкім баласының қиналғанын қаламайды. Аналарымыздың «Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма кірсін» деуі осының дәлелі. Сәбидің тәтті үнін дүниеде еш нәрсе алмастыра алмайды. Талай жанның өмірін өзгертіп, ата-ана бақытын сездірген баланың аман-сау болғанын әрбір әке-шеше тілейді. Ал тағдырдың тәлкегімен өмірге кемтар болып келіп жатқан балалардың ата-анасының жай-күйін әсте түсіну өте қиын. Жанын шүберекке түйіп жүріп, сол баласын аяққа тұрғызсам деп шырылдап жүрген ана жүрегіне қатты салмақ салмауымыз керек. Біз мүсіркеп ия болмаса үрейленіп қараудың орнына, оларға өзгелермен бірдей болуға, жұмыс істеуге, демалуға, қоғамдық өмірге араласуға мүмкіндік беруіміз тиіс. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан да барлық жағдай жасалуда. Бірақ біз адами тұрғыда бір-бірімізге мейірімді болайқышы. Ең бастысы, ерекше балаларға деген қоғамның көзқарасын, пікірін өзгерту қажет. Оларды бөлмей, керісінше сау баламен теңдей көруді үйренейікші.

Көп адам осы өміріне разы болмай жататыны белгілі. Он екі мүшесі сау болса да «алма піс, ауызға түс» деп шіреніп жүргілері келеді. Бірақ өмір мұндайлардың еркелігін көтермейді. Ал ерекше жандардың өмір сүруге деген құштарлығын, алға ұмтылысын ешкіммен салыстыруға келмейді. Олар «мен мүгедекпін, маған көмектес» деп өмір сүруін тоқтатпайды, алға ұмытылады, сенімін жоғалтпайды. Қиындық келсе жігерленіп, еңсесін түсірмейді. Олардың іс-әрекетін көргенде мүмкіндіктің шегі жоқ екенін түсінесіз. Міне, бұл жандар бүгінгі тілмен айтқанда  нағыз – мотиваторлар.

Маржан АМАНГЕЛДЫҚЫЗЫ,
ЖУ-дің студенті

Фото: tatarstan.ru