Дулат Исабековтың туындыларынан туған жердің иісі аңқиды

Уақыты: 16.05.2023
Оқылды: 1247
Бөлім: РУХАНИЯТ

Дулат Исабеков таңдаулы туындыларымен аса бағалы қаламгер. Ауылдан түлеп ұшып, үлкен өмірге қанат қаққан дарынның әр шығармасынан да туған жердің иісі аңқып, жұпарын шашып тұрғандай әсер береді. Әсіресе, ауыл адамдары, төрт түлік малы, жеті қазынасы, тұнған табиғаты еріксіз көз алдымызға елестеп, кең жазиралы көсілген далаға көңіліміз елітіп, кейіпкерлермен бірге тамаша күй кешеміз.

Мәселен, «Кемпірлер» деген әңгімесіне көз жүгіртіп қарайтын болсақ, аңқылдаған ауылдың адамдары, барға шүкіршілік айтып, «қара шаңырағын» қастерлеп отырған ауыл тұрғындарын аңғарамыз. Жазушы әңгімесінде белгілі бір оқиғаны баяндай отыра, сонымен қоса  ауылдың тыныс-тіршілігін де айқын аңғартып, пейіл мен әрекетті тамаша ұштастыра білген. 

Ауыл туралы сөз қозғай қалсақ, «жеті қазына» деп ерекше қастер тұтатын, қашанда адамдардың сенімді серігіне айналып, арланға қарсы тап беретін, ауылдың шуымен қоса  өздерінің үнін де қосатын – итсіз елестету әсте мүмкін емес. Дулат Исабеков те қай шығармасында болсын итке мінездеме беріп, әңгімесіне арқау етіп, кейіпкерімен бірге өзіндік маңызын айқындап, қазақтың итпен бірге талай дүниені бастан кешкендігін аңғартады. «Қабылан» деген шығармасы да соның дәлелі. Қазақ қоғамында тазалық пен тектіліктің қашанда маңызды екендігі, ауыл адамдарының ит тұқымына қатысты терең білімі, оларды алғашқы күннен-ақ қалай дұрыс тәрбиелеу қажеттігі де шығармада жақсы жазылған. «Ақырамаштан наурызға дейін» деген туындысында ауыл адамдарының еңбегі, көретін бейнеті мен ауа райының көрінісі әңгіменің басынан-ақ аңғарылады. «Ауылдың алты ауызы» деген тіркес те көнеден бері келе жатқан тәрізді, аяқасты той қылып, көрші-қолаңды жинай қоятын жайт әңгімеде тамаша әсермен суреттеліп, дарынды дара шапқан өнерпаздардың дені ауылдан шығатындығын айқындап тұрғандай.  

Ауылдың әр сәтін айна-қатесіз суреттей білетін ауыл тумасы Дулат Исабеков расымен текті туған азамат. Адам ауылдан кетсе де ауыл адамнан кетпейді деген рас.

Зүлзия АЛДАНЫШ,
І. Жансүгіров атындағы
Жетісу университетінің білімгері

Сурет ғаламтордан алынды