Үздік қызметкерлер мен мәдениет қайраткерлері марапатталды

Уақыты: 24.05.2023
Оқылды: 876
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында  Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Онда өңірдің үздік қызметкерлері мен мәдениет қайраткерлері 25 номинация бойынша марапатталды. 

Шараның ашылу салтанатында мәдениет және өнер – қызметкерлерін кәсіби мерекесімен аймақ басшысының атынан орынбасары Рустам Әли құттықтады. 

– Мәдениет пен өнер – егіз ұғым. Ол халықтың көркемдік көкжиегін, терең танымы мен эстетикалық тағылымын қалыптастыратын, шығармашылық рухын, парасат деңгейін танытатын аса маңызды сала. «Өнер – ұлттың жаны» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Жетісу өңірі қашаннан тарихи асыл мұралардың, биік өнердің кені болған киелі мекен. Бұл аймақтан Қабан жырау, Мұқан Төлебаев, Ілияс Жансүгіров, Әбілхан Қастеев, Сара Тастанбекқызы, Сайын Мұратбеков, Қанабек Байсейітов, Бикен Римова сияқты танымал мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлері шыққанын мақтанышпен айтамыз. Бүгін сол тарлан тұлғалардың жолын жалғап, өнер саласында еңбек етіп жүрген жандар жетерлік, –  дей келе ол руханият саласында еселі еңбек етіп жүрген жандарды мерекелерімен құттықтады.

Осыдан кейін мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Мамандыққа адалдығы үшін Талдықорған қаласы «Мен – жұлдызбын!» ән студиясының жетекшісі Серікжамал Әжібекова, Алакөл ауданы Көктұма ауылдық кітапханасының кітапханашысы Қамаш Ермырзаева, Кербұлақ ауданы Доланалы ауылдық клубының музыкалық жетекшісі Ләззат Құсайыноваға «Еңбек ардагері» медалі табысталды. Сонымен қатар, 40-тан астам қызметкер Құрмет грамоталары, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, облыс әкімінің Алғыс хат және «Мәдениет үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал Талдықорған қаласы, Өтенай ауылының Мәдениет үйі «Үздік мәдениет үйі», Ақсу аудандық кітапханасы «Үздік кітапхана», І. Жансүгіров атындағы әдеби музейі «Үздік музей» болып танылды.

Шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар да марапаттан тыс қалмады. Атап айтсақ, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының әртісі Мейіржан Нұров «Театрдың үздік әртісі», облыстық филармонияның би ансамблінің балет әртісі Әйгерім Жұман «Үздік биші», облыстық филармонияның солисі Тілекбай Нағымбаев «Үздік әнші», облыстық филармонияның жеке дауыстағы әншісі Құралай Шаяхметова «Үздік дәстүрлі әнші», М. Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінде аспапшы Мұхит Мүкен «Үздік аспапшы» атанды.   Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» атанып, «Шевроле Кобальт» автокөлігін иеленді. 

Салтанатты шара соңы мәдениет және өнер қызметкерлері қойған  мерекелік концертке ұласты.

Айдар ҚАЛИЕВ
Суретті түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ