Биыл Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы

Уақыты: 03.06.2023
Оқылды: 3093
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, журналист, жазушы, қазақ әдебиетіне шытырман оқиғалы детектив жанрын алып келген қарымды қаламгер Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы. «Қазақ детективінің атасы» атанған жазушының мерейтойына орай жазушының өмірі мен шығармашылығы жайлы аз-кем жазуды жөн көрдік. 

Қазақ мәдениеті мен әдебиетіне сүбелі үлес қосқан қарымды қаламгер 1923 жылы 2 қазанда қазіргі Жетісу облысы, Қаратал ауданында дүниеге келген. Зұлмат соғыстың зардабын көрген азамат бозбала шағында майдан даласына аттанады. Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыста қаһармандық танытып, қанды қасапта атой салған ол жеңіске жету жолында жанын беруге дайын еді. От пен оқтың, талай қантөгістің ортасында жүріп, ерлігімен танылды. Кейінірек Украина, Беларусь, Польша секілді мемлекеттерді азат ету операцияларына қатысты. Қан майданда бірнеше рет ауыр жараланып, елге оралуға мәжбүр болады. Сұрапыл соғыста ерен ерлігімен танылған батыр «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» секілді төсбелгілермен марапатталады.

Соғыс аяқталғаннан кейін Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түсіп, оны тамамдаған соң «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» секілді ірі басылымдарда еңбек жолын бастады. Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі «Ведомостінде» бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды. Оннан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылды. Детектив жанрын қолға алып, «Қазақ детективінің атасы» ретінде танылды. Ол тек қазақ тілінде ғана емес, бүкіл Орта Азия әдебиетінде детектив жанрының негізін салушы. Парасат биігінен көрінген қаламгердің әрбір шығармасы қазақ әдебиетіндегі қайталанбас туынды.

КЕМЕЛТАНУ САБАҒЫ ӨТЕДІ

Жазушының мерейтойына орай қандай шара өтіп жатқанын білу мақсатында Кемел Тоқаевтың туған жеріне, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласындағы қарымды қаламгердің есімімен аталатын мектепке бардық. 1996 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен Үштөбе қаласындағы №1 орта мектепке жазушының есімі берілген еді. Бүгінде мұнда Кемел Тоқаев қоры жұмыс істейді, ұстаздар мен студенттер оның шығармашылығын зерттеп, зерделеуде. Мұғалімдер детектив жанрының негізін қалаушының өмірі мен шығармашылығына арналған 6 арнайы курс әзірлепті. Онда жазушының өмірі мен шығармашылығы терең зерттеліп, оқушыларға қосымша сабақ ретінде оқытылады. Сонымен қатар, мектепте қаламгерге арналған шығармалар, арнау өлеңдер жарысы, жазушының туындысын зерттеу жарыстары жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Нәтижесінде, оқушылар жазған әдістемелік әзірлемелер мен бірнеше кітап жарық көріпті. Тіпті осы жинақтардың біріне алғы сөзді қаламгердің ұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі  жазып беріпті. Сондай-ақ, білім ордасында жазушының атындағы мұражай мен кеңсе, аллея мен саябақ бар.

Мектеп мұражайы 1997 жылы ашылған. 1998 жылы Президенттің отбасы мұражайға майдангер жазушының өміріне қатысты 30-дан астам жәдігер сыйлапты. Онда жазушы алған марапаттар мен домбыра, жазу машинкасы, Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінен арнау жазуы бар сағат сынды жеке заттары бар.  Мұражайға қаламгердің шығармашылығына қызығатындар, облыстың іргесіндегі аудандардан ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінен де келеді.

Сонымен қатар, жазушы атындағы жеке қайырымдылық қоры да бар. Қордан Қазақстанның жақын және алыс шетелдердің жоғары оқу орындары мен колледжге түсу үшін аз қамтылған отбасы және әлеуметтік осал топтан шыққан мектеп түлектеріне грант бөлінеді.

Бүгінде грант иегері атанған жастардың саны 50-ден асады. Жыл сайын мектептің бірнеше түлегі қалаған оқу орнына түсіп, осы қордың гранты бойынша білім алуда. Сондай-ақ, оқу озаттары шәкіртақы алып тұрады. Мектептің бірінші сынып оқушылары жыл сайын қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Пандемияның қиын кезеңінде қор есебінен барлық мұқтаж студенттерге смартфон берілді. Мұндай жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде, – дейді Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры қорғаншылық кеңесінің төрайымы Валентина Спиридонова.

Сондай-ақ, жазушының 90 жылдық мерейтойына орай аллеяға 90 шырша ағашы отырғызылыпты. Бүгінде мектептің жетістікке жеткен оқушыларын марапаттау рәсімі, маңызды іс-шаралар осы аллеяда өтеді.

Мектеп ұжымы жазушының 100 жылдығын лайықты атап өтуге дайындалып жатыр. Мерейтойға орай Жеңіс күні қарсаңында мұнда тыл ардагерлерінің  ерліктері туралы эссе байқауы өткізіліпті. Оқушыларға ертеңгіліктер, оқырмандар конференциялары, семинарлар ұйымдастырылуда. Оқу орнында жазушының есіміне байланысты бастауыш сынып жетекшілері сынып сағаттарын өткізеді. Алдағы уақытта қаламгердің өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында түрлі үлкен іс-шара ұйымдастыру жоспарлануда дейді мектеп ұжымы.

Айдар ҚАЛИЕВ
Қаратал ауданы