ШЫҒЫС ШҰҒЫЛАСЫНА БӨЛЕНДІ

Уақыты: 25.11.2023
Оқылды: 2146
Бөлім: РУХАНИЯТ

Керуен-керуен ғасырлар көшінде бекзаттық пен дегдарлықтан танбаған сақараның сафындай текті қазақтың ұлы мұраты да, бай мұрасы да бүгінге үзілмей жетті. Кейбірі ғана ұмытылды демесек, негізгісін, ең ұлысын бабаларымыз бүгінге жалғап, ұрпаққа аманат етті. Кер көдесі мен боз жусанының өзі желге тербелсе саз түлетер осынау ұлы мекендегі мирас мұралардың бәрін тыңдап, бойға сіңіріп үлгердік пе? Мәселен, жетісу мектебінің туындыларын тыңдап жүрген біз үшін шыңғыс, Алтай-Тарбағатай мектебінің кейбір әндері мен күйлері таныс емес. Бірін білсек, мыңын естімедік.

Бұл орайда біздің бағымызға шырайлы шығыс мектебінің керім күйлері мен әсем әндерін есту жазылыпты. Жуырда ғана Д. Рашықев атындағы облыстық филармониясында «Өр Алтайдан жер жәннаты Жетісуға» атты концерт өтті.

Шығыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасы «Ертіс концерт» кәсіпорынының «Байжігіт» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің концерті көңілді көкжиекпен астастырғандай күйге бөледі. Бағзыдан жеткен бай мұрамыздың ең бір нұрлы бөлшегіндей күй күмбірі мен сырлы сазды әуенге толы кеште шығыс жерінің мәдени мұрасымен қаныққандай болдық.

Ернар Какежановтың «Шабыт» күйімен басталған концерт жоғары деңгейде өтті. Шығыс Қазақстан, Монғолияның Баян өлгей аймағы, Қытайдың Алтай, Іле Тарбағатай аймақтарын қамтитын Алтай-Тарбағай дәстүрлі күйшілік мектебінің туындылары орындалды. Әшімнің, шертпе күйдің шырынын сорғалатқан ұлы күйші Байжігіттің, Бейісбайдың, Раздықтың, Қайрақбайдың, Қабыкейдің, Қазен Әбуғазыұлының, сол секілді асқар Алтайды еміп, шырайлы шығыстың шұғыласына бөленіп өскен бірегей күйшілердің туындылары тәнті етті.

Қазақтың салтанатты өмірі, көшіп-қонып күнелткен тіршілігінің көрінісі, асқар таулардың бауырынан ескен желдің сыбдыры, бұлақтың сыңғыры қасиетті аспапқа қонғанда қандай керім күй түлейді десеңізші?!  Құдды бір бабалармен бірге көшіп-қонып, жайлаудан күзеуге, күзеуден қыстаққа жылыстап базарлы күн кешкендей боласың. Барқыт жонға ақшаңқан  үй тігіп, қырмызы қыздары мың бұрала билеп, өнерлі азаматтары ат спортымен думан қылған кешегілермен бірге тыныстағандай тебіренесің. Міне, осындай ғажайып сезімге бөлеген Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің керім туындылары жетісулық жұртшылықты да, зиялы қауым өкілдерін де бір желпінтіп тастады.

Байжігіт атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестірі, бас дирижері Шалқар Рысханов, дирижер Ержан Қасымханов, дәстүрлі әншілер Мәдениет саласының үздігі Айжан Мазкенова, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Естай Матабаев, Жанерке Байзолдина, Ақмарал Әлібекова, Алпыс Жақиянов, Абылайхан Бақыт өнер көрсеткен аталмыш концерттің берері мол болды. Сағынышқа айналған халық әндері «Шалабек», «Құрбым-ай» орындалды. Жезтаңдай әнші Дәнеш Рақышевтың «Сағындым ғой» әні де шығыстықтардың орындауында көңіл толқытты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ