Нан  таптаған қыз ( қаз-қалпындағы  әңгіме)

Уақыты: 10.12.2023
Оқылды: 1350
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бір отбасының ержеткен ұлы үйіне сүйген қызын таныстыруға ертіп келеді. Ол үріп ауызға салғандай, қасы-көзі қиылған, талдырмаш денелі, өте ажарлы қыз екен. Жігіттің әкесі көпті көрген отағасы, малынып киінген ерке сұлу қыздың баршылық пен тоқшылықта өскенін, мінезінің тәккаппар екенін сызданған жүзінен қарап-ақ бірден байқайды. Алайда жастықтың жалыны бойында алаулаған ұлы осы қызға есі кетіп ғашық болып қалғанын жасырған жоқ. Болашақ келіндерін  амалсыз жылы жүзбен қарсы алған ата-анасы ләм деп ауыздарын ашпай, бәйек болуға мәжбүр болды. Тіпті төргі бөлмеге именбей шығып алған сұлу қыз жігіттің мойнына қылымси асылып, үйдегі үлкендерден де қымсынбады. Оны көрген жігіттің әкесі әйеліне қарап, басын шайқап, қабағын түйген.

– Отағасы, саған не болған? Олар ыстық-суығы басылмаған жастар емес пе? – деген әйелінің сөзіне

– Жоқ, әсіре қызыл тез оңар деген сөз бар, мына қыз келін болып жарытпас, біраз сіңгеннен кейін ұлыңды ноқталап, бізден алшақтатып алып кетеді. Ұшып-қонып тұрған мына көбелек балалы болса тіпті еркінсіп,төбемізге күні ертең шай қайнатады, – деп өзінің жорамал күдігін  жасырмады.

– Қойшы қай-қайдағыны айтпай. Балаң бақытты болса одан артық не керек? – деп әйелі оған қарсы дау айтты.

– Әй, Қатша, өмір жеңіл көлікпен жүріп өтетін тегіс жол емес қой. Өзінің ажарына  масаттанған, жоқшылықтың не екенін білмей өскен ерке қыздың тікбақай екенін көзің көріп тұрған жоқ па? Мына мінезімен жуастау балаңды ерттеп ат қылып мініп алатынын білмей тұрсың ба? – деп отағасы зекіп тастады.

Әлгі сұлу қыз кеткен соң әкесі баласымен оңаша сөйлескен. Жоғары оқу орнын бітіріп, қолына дипломын алған ұлы әкесінің қыз туралы пікірін естігенде қатты кейіп.

 – Папа, ол сондай ақкөңіл, ғажап қыз. Мен оны жақсы көремін, өмірімді онсыз елестете алмаймын, – деп айтқанын құлағына ілмей қояды.

– Онда жақсы, мен саған ескерттім, алдағы уақытта опық жемесең болды. Ғұмырыңның соңына шейін жақсылық пен жамандықты бірге бөлісетін еркетотай қызға тағы да сын көзіңмен бір қарашы, – деп ақылын айтады.

Сонымен ұлының айтқан бетінен қайтпайтынын түсінген отбасы еріксіз үйлену тойына дайындалды. Бұл кезде сұлу қыз отбасына  емін-еркін келіп-кетіп жүріп, тіпті тойға қандай сыйлықтар алу керектігін де ескертіп, еркінсіп, билеп-төстей бастаған. Әкесінің айтқан сөздерінен кейін жігіт біраз ойланып, сүйген қызының қылықтарына сын көзбен қараған. Алайда оғаш мінезді көре алмаған.

Иә, ол ерке, қылықты, өзінің сұлу екенін бағалайды. Тіпті барлық жігіттерге ұнайтынын түсінеді. Ол айтқанын сүйгеніне жасатып, әмір етуге жаны  құмар. Бірақ, жұптық өмірде жеңіл мінездің барлығы кейінде қалатын шығар? Осындай ойлар жан дүниесін мазалаған жігіт қыздың біраз көзге оғаштау көрінген қылықтарын өзінше ақтады. Сонымен ата-анасы ата салтымен болашақ құда-құдағиларының алдынан өтіп қайтқан. Екі жақ та жастарға бақыт тілеп, үбірлі-шүбірлі болсын деген ақ баталардың  тиегін ағытқан. Болашақта шаңырақ көтеретін екі жастың арасындағы алғашқы келіспеушілік осы кезде басталып еді.

– Сенің әке-шешең менің ата-анама неге арзан қолды шапандар әкелді? Не біреудің иығынан шешіп алған ба? – деп аяқастынан сүйген қызы шүйліккенде жігіт қатты сасып қалды.

– Оны мен білмеймін. Ата-анам барымен базар болды ғой, олай жасауы мүмкін емес? – деп жауап берді.

– Иә, олар бізді менсінбегенін көрсетті. Ол шапандарды мен сақтап қойғызып, біреуін әкең өлгенде, біреуін анаң өлгенде апарып, сүйекке салғызамын, – деген қыздың зілді сөзін естігенде жігіттің үстіне біреу суық су құйып жібергендей болды. Ол ақ босағадан аттамай жатып өзін өсірген ата-анасына себепсіз өшіккен қызды тіпті танымай қалды. Амал жоқ, бар жылы сөзін айтып, жанжалды жуып-шаюға тырысты. Қыздың қалауымен қымбат асыл тасты сақина алып берді. Бірақ, көңілінде бір түйткіл тұқылы қалып қалды. Шынында әке сөзі жөн ба деген дүдәмал ойлы болған жігіт енді   кері шегінуге жол жоқ екенін түсінді.

Сонымен жігіттің ата-анасы мен бүкіл әулеті келін түсіріп, той жасауға дайындала бастады. Бұл қам-қарекеттің шығынымен қатар шаруасы да шаш етектен болып шықты. Ақыры келісім бойынша тойдан бір күн бұрын қызды үйінен алып шығып, ақ босағаны аттату рәсімі жасалатын болды. Сап түзеген сән- салтанатты ақ машиналар барып, құда-құдағидың үйінен қызды аттай қалап алып шығып, думандатып есік көзіне тоқтаған еді. Жан-жағын қоршаған қыз-жігіттер келінді аулаға алып кіргенде шашу шашылып, бала-шаға тәттілерді теріп мәз болысты.

Осы кезде бір күтпеген оқыс оқиға болды. Сасып- салбыраған бір жас келіншек жастардың үстеліне табақпен тағамдарды алып, есіктен лезде кіріп кетемін дегенде оңбай сүрініп, келе жатқан келіннің аяқ астына абайсызда ақ нан тоқаштарын шашып алды. Оған екпіндеген болашақ келін қараған да жоқ, ақ нандарды аяғымен басып, таптап үйге кіріп кетті. Соңында келе жатқан күйеу жігіт –«Аһ!» деп тұрып қалды. Әлгі келіншек не істерін білмей абдырап, айыпты жүзбен жан- жағына жалтақтап, көзіне жас толып кетті.

 Соңынан лесіп тобымен шерулетіп келе жатқан қыз- жігіттер есік көзінде іркіліп тоқтап қалды. Тіпті кейбіреуі «Обал - ай»  деп жердегі ақ тоқаштарды көтерді. Мұны көрген жұрт не дерін білмей аң-таң болды. Бәрі тым-тырыс күй кешті. Қашан кіргенін ешкім байқамай қалған жігіттің жүзі сұрланған әкесі үйден болашақ келінді дедектетіп қайта далаға алып шықты.

– Босағамыздағы жерге түскен қасиетті нанды басып- таптап кеткен қыз біздің көсегемізді көгерте қоймас. Ұлым, мына қызды аман-сауында келген жағына қайта апарып сал. Біздің отбасы мұндай  тәрбиесіз қызды  қабылдай алмайды. Барлық шығындарын өтеп беруге дайынмын, – деді қатқыл дауыспен.

– Не  бүлінді соншама, ол жай нан ғой. Мен неге еңкейіп оны көтеруім керек?  Еш нәрсеге иілгім келмейді.Өзіңіз барып тұрған пәлеқор шал екенсіз, – деп зілденген болашақ келіннің дауысы ауаны жарып шаңқ етті.

– Қарағым, ол жай нан емес, қасиетті астың үлкені. Ашаршылықта бір үзім нанға жете алмай пәленбай миллион қазақ қырылып қалды емес пе? Осы жасқа келгенше оны білмеу тәрбиесіздігіңді көрсетеді. Пәлеқор шал екенімді мойындаймын, келген жағыңа қайта ғой. Біз енді сені қабылдай алмаймыз, – деп отағасы да ашу шақырды.

– Қабылдай алмасаңыздар қойыңыздар! Сіздің маубас балаңыз маған керек еді. Өзі ғой сүмірейіп соңымнан қалмай қойған, – деп өмірінде бетіне ешкім тік қарап сөйлеп көрмеген қыз сілкініп шыға келді.

 Онсыз да ыңғайсыз жағдайға қалған қыз - жігіттер басы салбырап үнсіз тұрған күйеу жігітке аңтарыла қарап қалды. Әкесінің қатал әміріне қарсы шығуға батылы жетпеген жігіт бір шешімге келіп, ашулы кейіппен қызды жұлқынғанына қарамастан қолынан алып сүйреп, ауладан шығып кетті. Бұл қас масқара оқиғаны естіген жұрт жағасын ұстады. Біреулері дұрыс деді, екіншілері бұрыс деді. Үшіншілері «ойпырм-ай» деп жанашырлық білдірді. Бүкіл кішігірім қала ортақ бір пікірге келе алмай әбден дүрлікті.

Сол ажарлы қыздың әңгімесі мұнымен аяқталған жоқ. Сұлудың аты сұлу ғой. Бір қалада анда-мұнда қызық қуып жүріп, тағы да аңқаулау ауылдың жігітінің басын айналдырып алыпты. Ақыры ауыр аяқты болып, тұрмыс құрыпты. Одан кейін естігеніміз, әлгі жігітті туған-туыстарынан бездіріп, алыс жаққа жетелеп алып кетіпті. Ол жігіттің барлық жақын-жамағатына келсін-келмесін сұлу  келіндері қара күйе жағып, жала жауып, дау-жанжал  шығарудан  шаршамапты. Осының салдарынан ол әулеттің адамдары бір-бірінің бетін көрмей кетуге шейін барып,  онсыз да қысқа өмір күндерін  ұрыспен өткізіпті.

Бұл дақпырттарды естіген жігіт сұлу қызға үйлене жаздап қалған өзін оғаш қадамнан сақтап қалған әкесіне  әлі күнге шейін алғыс айтып жүреді екен. Кейіннен танысып, үйленген қызы өте әдепті, тәлім-тәрбиелі адал жан болып шықты. Ата- анасының алдынан кесе-көлденең өтпейді. Ер-азаматының жеке басын сыйлап, қас-қабағына қарап жүріп, отбасына балдай батып, судай сіңіпті. Қол ұстасқан ерлі-зайыптылар жылдар бойы қызмет істеп, тұрмыстарын жақсартып, жолай кездескен қиыншылықтарды бірге көтеріп, берекелі отбасы атанады. Төрт сәби өмірге келіп, бала-шағалы болады. Жоқты да, барды да қанағат тұтатын жардың кездескені жарты емес, бүтін бір бақыт екенін жігіт сонда ғана түсініпті.

Нұрила Бектемірова
Фото: culture.ru