«Жетісу – кітап керуені» жобасы жалғасуда

Уақыты: 02.03.2024
Оқылды: 1670
Бөлім: РУХАНИЯТ

Облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасы Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен қолға алынған «Жетісу – кітап керуені» жобасы бойынша Талдықорған қалалық  Еңбек ресурстары және белсенді ұзақ өмір сүру орталығында  кітап сыйлау мәдени шарасын өткізді.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қалқабаева Еңбек ресурстары және белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшысы Әсет Оразбекұлына «Жетісу – кітап керуені» жобасы аясында  100 дана кітапты сыйға тартты.   

Аталмыш шараға ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалының төрағасы Жангелді Немеребай, Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін, ақын, Қазақстан Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі Нүсіпбай Әбдірахым және облыстық «Jetisý» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы арнайы қатысып, бастамаға қолдау білдіріп, жылы лебіздерін білдірді. 

– Тәуелсіз еліміздің баянды болуы үшін келешек ұрпақтың бойына ақыл, парасатымызды сіңіре білуіміз керек. Жақсы тәрбие алмаған ұрпақтың биік жетістікке жете алмасы айдан анық. Сондықтан ең алдымен өзімізді тәрбиелесек, бұл бастаманы жастар да қолдайды деген ойдамыз. Сондай-ақ, осынау айтулы шарада бір-біріне тілекші, ниеттес болып келген азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Айшықты игі жоба әрбір кітапқұмар оқырманға рухани азық болары сөзсіз, – деп Әміре Әрін қазыналы қарттарға ризашылығын білдірді. 

Сондай-ақ, Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының әншісі  ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бақберген Асқарбеков «Аллаға алғыс», Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінің ұстазы Төлеутай Серіков Жаяу Мұсаның әні «Ақ сисаны» орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ән-шашуын тарту етті.

Айта кетейік, «Жетісу – кітап керуені» жобасы бұған дейін Астана, Алматы қалаларында кең көлемде өткен болатын. Айшықты жоба әрі қарай да жалғасын таппақ.

Айғаным АЙТМҰХАН