ГАЗЕТТІ ЖАБУ ОҢАЙ, АШУ ҚИЫН

Уақыты: 17.03.2024
Оқылды: 1480
Бөлім: РУХАНИЯТ

Газетке  шығатын шығынды желеу етіп, басылымды жабу жайлы пікір білдірушілер қазір де баршылық. Қоғам қанша дамыса да, газетті жабуға болмайды. Себебі, Ұлт ұстазы Ахмет атамыз айтқандай: «Газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі»!  Баспасөздің алғаш құрылған сәтінен басылым ісіне жан-тәнімен берілген,  елдің жағдайын ойлайтын, ұлт мәселесін тереңнен  толғап жазатын тілшілер жұмыс істеген. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. Газетте көптің көкейіндегі өзекті мәселелерден бастап, халықтың білім көкжиегін көтеруге, жеті жұрттың тілін білуге, еңбекқорлыққа, малды адал табуға, отбасы құндылығын сақтауға, ұлттық дәстүрді ұлықтауға шақырады. Сонымен бірге, өмірі үлгі аларлық адамдар жайлы зерделей жазып, ұрпақ санасын оятып, сан қырлы тәрбиелеуге болады. Яғни, газет – тәрбие құралы, келешекке жол көрсетуші.

Қазақ басылымдарының бағыт-бағдарын қалыптастырған Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы,  Міржақып Дулатұлы, Ілияс Жансүгіров сынды ұлт перзенттері басылымның бағыт-бағдарын, мақсатын, ұстанымын сол кезде-ақ қалыптастырып кеткен. Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп екенін халықтың санасына сіңіре білген.  Малшы, ұста, өнерпаз жастар жайлы мақалалар үздіксіз жарияланып тұрған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алқалы басқосуда: «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз», – деді.  Еңбек адамын үлгі-өнеге ету газет жарық көрген кезден бастап  тұрақты беріліп тұратын тақырып. Газеттің жазылмаған заңдылығы ретінде күн тәртібінен түспей келеді. Мысалы, еңбек адамы, өскен ортасына көмек беріп жатқан атымтай жомарт азаматтар, жердің шынайы  тарихы, ұлттық құндылықтар, отбасына адалдық газет бетінен түспейді. Мақаланы оқыған адам  кейіпкерімізге ұқсағысы келмейді деп айта аламыз ба? Керек болса кейіпкерлерімізден өзіміз үлгі алып жатамыз. Туған ауылына қамқорлық танытып, жол салып, су жүйесін тартып беріп жатқан азаматтардан жас ұрпақ тәрбие алмай ма? Алады, әрине! «Мен де осындай жомарт азамат болып, ауыл-аймағыма жақсылық жасап, ағайынның керегіне жарап, ата-анамның мерейін өсірсем» деп ойламайды дейсіз бе?! Міне, газеттің тәрбиелік қуаты. Ендеше, газет ұлтты тәрбиелеуді негізгі орынға қояды. Бүгінде керегімізді интернеттен қарап аламыз дейтіндер бар.  Интернетте жақсылықтан гөрі жамандық басым екені де рас. Ол жерде жазғыштар сауаттылыққа мән бермейді. Мәтінде қате өріп жүреді. Пікірлерде анайы, тұрпайы,  дөрекі сөздер көп қолданылады. Тексерілмеген, анықталмаған ақпараттар жиі жарияланады. Баяғыда үлкендер біреудің әдепсіз қылығын көрсе балаларының соны естімегенін қалайтын.  «Мал құлағы саңырау, ести қойма тәңір-ау» деп жамандықтан жирену керек екенін байқататын.

Ал бүгінде әлеуметтік желідегі неше түрлі бейәдеп сөзге құлағымыз да, көзіміз де үйреніп кетті.  Ақылы толыспаған  бүлдіршін де осы сөзбен құлақтанып өсіп келеді. Балалардың сол жағдайды қызық көріп, қайталауға пейілі аумасына кім кепіл? Сондықтан, ұрпақты адамдық құндылықтарға тәрбиелейтін газет ісіне, кәсіби журналистикаға көп көңіл бөлінуі керек. Бұл орайда  Қазақстан Жазушылар одағының алғашқы төрағасы Ілияс Жансүгіровтің газетті мәнді-мағыналы етіп шығару жөніндегі ұстанымдарынан үлгі алғанымыз жөн. Ілияс  еңбек жолын бастаған «Тілші» газеті бүгінде біз қызмет етіп отырған «Jetisy» газеті.  «Тілшінің» алғашқы редакторы Сәдуақас Оспанов.  Аталмыш басылымның атауы біпнеше мәрте өзгеріп, 1963 жылдан «Жетісу» деген атпен шығып келеді. Ілияс «Тілшіде» жүргенде бәзбіреулердің тарапынан газет шығынды өтей алмайды деген желеумен басылымды жабу жайлы мәселе қозғалады. Сонда Ілекең: «Газет – жалпы халықтың төрешісі, өкіметтің жазу қайраты, әлеуметтік жұмыстың қадағашы», – дегенді айтып, басылымның шығынынан қашқандарды ойларынан қайтарады. «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы 5 мамыр күнгі санына Ерғали Алдоңғаров «Алдағы күннің міндеттері» деген мақала жазады. Онда шығынды көтере алмайтын газеттерді жабу туралы пікір айтады. «Біздің ойымызша, өз бетімен шығынын жаба алмайтын газеттердің бірсыпырасын «Ақ жол» құсатып жабу да теріс болмас еді. Мысалы, «Бостандық туын» алсақ,  ол губернияда «Еңбекші қазақ» үш мыңға жуық тарайды.  «Бостандық туының» өзінікі де содан аспайды.  «Тілші» сияқты газеттердің шыққан-шықпағаны белгісіз. Осы сықылды баспасөзді не жабатын, не қалатын қылу керек», – дейді ол. Әріптесіне жауап ретінде Ілияс Жансүгіров  «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы  6 маусым күнгі санында «Алдоңғарұлының пікірі ағат» деген мақала жариялайды. Онда: «Біздіңше губернияларда көп жылдан  бері шығып, қолданып, буындары қатқан газеттерді жабамыз» деу қате түсінік. Газетті жабу оп-оңай, жасау қиын. Олардың орнына «Еңбекші қазақты» қалдырамыз деу губерниялық газеттер мен орталық жетекші газеттердің  өрісін,  оқушысын, міндетін түсінбегендік». «Республикалық орталық газеттер – Қазақстандағы барлық  жұмыстарға бағыт беріп отырушы. Әлеуметтік жұмысты ұйымдастырудың бағдаршамы. Партия газеттер арқылы өзінің жұмысына халықты бағыттап, істерінің қорытындысын шығарып отыра алады», – дейді ол  партия басылымның шығуына ықпал етсе деген ойын жеткізіп. Мақалада өкіметтің жүргізіп отырған  шаралары мен алға қойған мақсаттарын   халық газет арқылы оқып-біліп отыратынын айта келіп, басылымның мықты насихат құралы екенін алдоңғаровшыларға жеткізуге тырысады.

Губерниялық газеттерді жабайық дегенше, жамайық дейік, жаңаларын шығарайық. Шыққандарын шынықтырайық! «Бостандық туы», «Тілші» газеттері нашар болса, партия орындары, «Еңбекші қазақ» көмектесіп, оңалтудың жолдарын көрсетейік. «Еңбекші қазақ» Сырдарияда шығады, ол өңірге сол да жетеді деу де – қате. Ол губернияда да бір шаруа газетін шығару керек.  Газеттерімізді  нашар десек те, олардың атқаратын жұмыстары, жұртшылықты түзеуге сіңіріп отырған, қара халықты тәрбиелеп, мәдени тілектерін өсірудегі маңызы, тындырғаны өте көп. Солардың арқасында өсіп келеміз, партия тамыры ауылға жайылып келеді, – деп  «Тілшіге» қорған болады.

Құлагер ақынның газеттерді сақтап қалудағы табандылығы, баспасөздің маңызын түсіндірудегі біліктілігі, қайсарлығы  қалам мен оның жазылуына серт берген қауымға үлгі. Ілияс Жансүгіров газет ісіне студент кезінде-ақ араласқан екен. Бұл жөнінде сол жылдардағы «Тілші» газетінің редакторы, сондай-ақ, «Жетісу» облыстық комитетінің бюро мүшесі Сабыр Айтхожин болашақ журналистің оқу орнына өндірістік тәжірибеден қалай өткендігі жөнінде пікір жазыпты. Онда: «Жазғы демалыс кезінде Жансүгіров мырза ЦК баспа бөліміне келді. Губком партиясының нұсқауымен баспа бағыты бойынша тәжірибеден өтті. Жансүгіров мырза баспахананың өртеніп кетуіне байланысты газет ісіне араласа  алмады. Бірінші, өлкелік комитеттің баспа бөлімі тарапынан оған газеттің техникалық жағын меңгеру тапсырылды. Жетісуда редакторлар жиналысын өткізу міндеттелді. Екінші, губерния комитеті тарапынан Жансүгіровке 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің  10 жылдығын өткізу және Талдықорған уезі бойынша материалдар жинау тапсырылды. Жиналыста ол «1916 жылғы көтеріліс туралы» атты материалдар жинағын көрсетті. Тапсырманы орындау кезінде Жансүгіров мырза өзін сабырлы, жауапкершілігі мықты жұмыскер ретінде көрсетті. Баспа ісіне қызығушылығы байқалады. Баспа ісін жүргізуге оған сенім білдіруге болады», – деген. Өкінішке қарай, газет редакторы Сабыр Айтқожин «Халық жауы» деген жаламенен атылған.  

   Жыр Құлагерінің 125 жылдығына орай, «Ілияс ізімен» экспедициясының құрамында Ресейге сапарлап бардық. Сол жердегі архивте Мәскеу журналистика институтында оқыған кездегі мұғалімдердің берген мінездемесі тіптен ерекше. «Білімін бағалау» деген тұсқа мұғалім «Өте жақсы» деп жазыпты. «Өз тілінде мықты журналист шығады» деген пікір айтылыпты. «Тіл білгенде орысша жазатын мықты тілші шығатын еді» деген пікірді оқығанда асылымыздың қаламының ұшқырлығын оқу орнының  ұстаздары да мойындаған екен ғой деген мақтаныш кеудені кернеп тұрды. Мемлекеттік  журналистика инсититутының 1925 – 1928 оқу жылы бойынша 1 курс, 3-топ  білімгері Ілияс Жансүгіровке  «Газет ісінің негіздері» пәні бойынша берілген оқу  мінездемесінде студенттің мінезінің  тұйық екені жазылыпты. «Тапсырылған шаруаға тыңғылықты. Оқуда белсенді. Табиғатының ұстамдылығы, сабырлылығына байланысты өзін көрсетуге құмартпайды, алға озбайды.  Өз ойын сирек білдірсе де, анық жеткізеді», – делінген.  Мінездемеде 1927 жылы сабаққа жиі (не регулярно) қатыспағандығы жазылады. Ол жылдарда ақынның сүйікті жары Аманша дүниеден озған еді. Сол жағдай біраз күйзелткен сияқты. Бірақ оқу бітіретін жылы барлық қағазға «активный» деген пікір қалдырған. Құжаттардың ішінде Аманшаның қатты ауырып жатқаны жайлы елден келген телеграмма да сақталыпты.

Ресейге барған сапарымызда Мәскеу қаласының жанындағы Химки қаласындағы сирек қорды ақтардық. Үңіліп тұрып оқимыз. «Жаңқа», «Беташар», «Құл», «Сықақ», «Жаңа жыр». Өзімізде бар «Дала», «Жорық», «Жаңа туған», «Жастарға», «Күйші» де осында екен. Құп-құрғақ, тап-таза. Бірі – латын графикасында, екіншісі – төте жазуда. Университетте араб тілінен дәріс алған едім. Ежіктеп оқуға жарайды. «Тілші» газетінің әр бетін парақтаймын.  «Тілші» бүгін үш жасқа толды» деген мақала 1925 жылғы 18 тамызда, №190 санының 7-бетінде жарық көріпті. Онда басылымға қызмет етіп жүрген бірнеше газет тілшісі суреттерімен жарияланған. Шетінде қасқайып жанары өткір Ілекең тұр. Онда:

«Жансүгірұлы Ілияс – «Тілші» газеті шыққаннан бері зор көмегін тигізген қаламы өткір, сөзі сұлу тілшінің ірі жазушыларынан саналатын азаматымыз».

«Сәдуақас Оспанұлы – «Тілші» газетінің тұңғыш шығарушысы һәм осы күнгі жазушылар құрамының мүшесі».

«Есқызы Сара – «Тілші» газетінің үш жыл ұдайы жауапты шығарушысы болып, ерінбей еңбек сіңірген адам. Қазақ ұлтының әйелдер табынан шыққан жігерлі жұмыскері», – деген  жанға жағымды пікір айтылыпты. Ең соңында:

«Рахым Омар – Алматы қазақ студиясында «Тілші» газетінің жауапты хатшысы болып басқармадағы ауыр қызметтің барлығын атқарып келе жатқан қаламы шебер, сөзі өткір жас жазушыларымыздан»,– деп жазылыпты.

Ілекең 1928 жылы өзі туралы жазған «Өмірбаяным» деген қолжазбасында: «1923 жылдың басынан «Тілші» газетінің бір жазушысы болдым. Менің қалам қызметіне айналысқаным осы 1923 жылдан, «Тілшіде» мақала, оқшау өлең жаза бастадым... сол «Тілшіге» күні бүгінге шейін жазып тұрам», –  деп журналистік тынысының ашылған сәті туралы жазады.    

Ілияс Жансүгіров қазақ әдебиетінің барлық  жанрына қалам тартқан  жүйрік қаламгер. Он шақты жылда 40-тан аса кітап жазған дарын иесі.   «Күй», «Күйші», «Құлагер» сынды құнды дүниені мұраға қалдырды. Ілияс Жансүгіров Қазақстан Жазушыларының І съезінде «Көрнекті кітаптар жазу керек. Іштарлықтан шығып, дәуіріміздің керегіне жарайтын маңызды шығармалар беруіміз қажет. Әдебиетімізге әдепті, шынайы сын керек» деген еді. Міне, нағыз қаламына адал жанның сөзі. Ілекеңнің мықтылығы жайлы сол кезде Бейімбет Майлиннің: «Ілияс ызалана да жазады, күлдіре де жазады, күйіндіре де жазады», – деуі мықтылардың бірін-бірі мойындауы, бағасын білгендігі деп түсіну керек.

Міне, бүгінгі «Jetisy», кезіндегі «Тілшінің» ұстанымы әлі күнге осы. Қаламына адал болуға серт берген тілшілер  қауымы журналистиканың туын жоғары ұстауда.  Басылымның жарық көргеніне  ғасырдан асса да бағытынан жаңылған емес. Жан алып, жан беретін кәсіпте әр әріп, әр тыныс белгісінің орнында тұруына жауаптымыз. Себебі, ол халықты тәрбиелеуші. Ендеше, газет шығаруды, онда ұлттық мәселелерді көтеруді, қаламға адалдықты  Алаш арыстарынан үйренейік. «Газетті жабу оңай, ашу қиын», деген Ілиястың аманатына адал болайық!

Гүлжан ТҰРСЫН