ТАРИХИ КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Уақыты: 18.03.2024
Оқылды: 1511
Бөлім: РУХАНИЯТ

Наурызнама тұжырымдамасында белгіленген Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Жетісу жерінде өрнек тапқан шаралар «Бата беру» рәсімімен бастау алды. Ата-әжелердің ақ батасымен ажарланған шара барысында мың жылдық шежіре мен тауанды тарихтан сыр шертілді, меймандар ақ тілек арқалады.

Талдықорған қаласындағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығында өткен өнегелі кешке кеудесі кен қариялар ерекше ықыласты болды. Олар күннің шығуы, айдың тууынан тартып табиғаттың жасануы, адам баласының әр түрлі жақсылығы, өмір белесі тұрғысында білетін, көкірегіне қаттаған батасын төгілтуге, осылайша өнегелі шараның өрісті болуына үлес қосты. Жетісулық зиялы қауым мен ел азаматтары мейман болған кеште сырлы, нұрлы, салмақты бата берілді. Қазақтың әдет-ғұрып, салт-санасына тарихи шолу жасалды.

***

Наурызнама нақышы өз кезегінде Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасындағы «Халық дәстүрі – асыл қазына» атты мәдени шарамен сабақтасты.

Рухани кеш Наурыз мерекесі жайлы, ұмытылып кеткен қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен жөн-жоралғылары жазылған кітаптардың таныстырылымымен ашылды. Сондай-ақ, жазушы Ораз-Мұхаммед Исмаиловтың «Жалайыр Орақты батыр» кітабының тұсауы кесілді.

Мәдени шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов,  Халықаралақ «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін, Мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер Наурыз Қылышбаев қатысып, жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтап, Ораз Исмаиловтың шығармашылығы жайлы тың деректермен бөлісті.

 Жиында, кітапхана ұжымы қазақтың ұмытылып кеткен «Шашбау тағу» дәстүрінен сахналық қойылым көрсетті.

***

Наурызнама  тұжырымдамасына орай  ұйымдастырылған шара Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында жалғасын тапты. Онда Серік Сарыбайдың «Аманат» тарихи драмасы қойылды.

XVIII ғасырдағы қазақ даласындағы тарихи оқиғаларды суреттейтін туынды Жолбарыс бидің 350 жылдығына орай сахналанған. Қойылым үш жүздің басын қосып, елдің тұтастығы жолында елге ұйытқы болған Жолбарыс бидің ерлігін насихаттайды.  Ұлт сенімін абыроймен ақтаған би бір тайпаның аумағынан асып, бүкіл халықтың мүддесін аман алып қалуды көздеген.

Халық жадында сақталып, тарих беттерінде таңбаланған батырдың өмірі мен өр рухы театр сахнасында қайта жаңғырды.

Айғаным АЙТМҰХАН