ҰЛТТЫҚ КИІМ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 18.03.2024
Оқылды: 1750
Бөлім: РУХАНИЯТ

Күлімдеген көктем әрбір жанға ерекше сұлулық сыйлайтыны анық. Әсіресе, үстіне ұлттық киім ілген жандарды көргенде тамсанып, сүйсініп қалатынымыз жасырын емес. Әрбір адамның жүрек түпкірінде ұлттық құндылыққа, қазақы киімге деген құрмет жоғары болатыны анық.

Наурызнама күніне орай Ұлттық киім күні белгіленген. Қазақ даласы әдемі киім кигендей құлпырып тұр десек артық айтқандық емес. Себебі әр қазақ сәні мен салтанатын келістіріп, ұлттық киімді ұлықтап жүр. Ал Өтенай ауылдық Мәдениет үйінің сахнасында шапан киген ерлер мен қос етек көйлек киіп, үкілі кәмшат атанған арулар ұлттық киімнен сән үлгісін көрсетіп, көптің ыстық ықыласына бөленді.

«Адам көркі – шүберек» дегенді халқымыз текке айтпаған. Сахна төріне шыққан мың бұралған арулар түрлі көйлек киіп, көптің ықыласына бөленді. Әсіресе, ұлттық киім киген жас жұбайларға қошемет ерекше болды. Шаңырақ көтерген жастарды әр жастағы қос жұп ерекше құттықтады. Жас ерекшеліктеріне қарай киінген жұбайлар көрерменге киім үлгілерін көрсетсе, үкілі қыздар көпке шашу шашты. Сонымен қатар, отбасылық жұптар да балаларын қазақша киіндіріп, көздің жауын алатын киімдерімен сахна шырайын кіргізді. Осылайша мәдениет саласының қызметкерлері Ұлттық киім күнін ерекше құрметпен атап өтті.

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Фотоны түсірген  Д. ЕРОФЕЕВ