"Қазақтың биші қыздарының санын арттырғым келеді": Киноға жолдама алды

Уақыты: 25.04.2024
Оқылды: 378
Бөлім: РУХАНИЯТ

Би – жанның ырғағы, әдемілік айғағы. Қазақтың би өнері ерте заманнан қалыптасқан, халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы. Қазақ биі халықтың тыныс-тіршілігін, адамның табиғатқа көзқарасын, дүниетанымын айшықтайтын өнер ретінде өркендеуде. Ал осы өнерге бет бұрған жас ұрпақтың жетістігіне ортақ болу, ілтипат білдіру де жақсылықтың нышаны. 

Текелі қаласындағы «Балалар шығармашылық орталығының» өнерпаздары әркез өнер биігінен көрініп келеді. Жас дарын Айзада Кемелхан күні кеше ғана Алматы қаласында өткен республикалық «Тәуелсіз елім – тірегім» атты байқауда топ жарып, жүлделі ІІ орыннан көрінді. Жас болса да бас болып түрлі байқауға қатысып, облыс, қала намысын қорғап жүрген Айзада Өскемен қаласындағы «Тамшылар» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Halyk star – 2024» байқауында өнер көрсетті. Көптің ықыласына бөленген жас талант жеңістің тұғырынан көрініп, «Еркелеген өмірім» атты балалар киносына жолдама алды.

– Маған би билеген өте қатты ұнайды. 5 жасымнан би үйірмесіне қатыстым. Қазір жетекшім Арай Дамудың арқасында би өнерін жан-жақты меңгеріп келемін. Қазақтың биші қыздарының санын арттырғым келеді. Шара Жиенқұлова апамыздай биші болып, елімді шетелге танытсам деген арманым бар. Бізде мүмкіндік көп. Тек тынбай еңбек етсек болғаны, – дейді жас өнерпаз. 

«Өнер талантты өсіреді» дейді дана халқымыз. Айзаданың жетекшісі хореограф Арай Дамудың балғын бишілері бүгінде жарқын жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Жас өнерпаз мұнымен тоқтап қалмақ емес. Мың бұрала билеген кішкентай өнерпаздың өнері өрге жүзсін деп тілейміз.  

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ 
Текелі қаласы