БЕЙСЕН ТАҒЫЛЫМЫМЕН СУСЫНДАДЫ

Уақыты: 25.04.2024
Оқылды: 1824
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Жанартаудай шақ тұрмын атылуға» деп жырлаған Мұқағали Мақатаевтың ғазиз жүрегіндегі үнді, мұң мен сырды терең сезінген сайын талант қуатының телегей екенін аңдайсың. Ал 49 жылдық өлшеулі ғұмырында мұқым қазақ баласының мұңын мұңдап, жылаған ананың жасына алақанын тосып өткен,  жәбір тартқан қыз-келіншектің қос иығын тіктеген, арып-ашқан азаматтың рухын жаныған Бейсен Құранбектің адами ұстанымын, тұлғалық талантын да ақын жырымен ұштастыруға негіз бар. Тележурналистиканың төрге озған тектісі де жанартаудай атылды. Лавадай тасқынымен талай ошақтың отын маздатты. Жүректің жылуын оятты.

–  Бейсекеңді бүкіл қазақ сүйді, құрметтеді, төбесіне көтерді. Бар ғұмырын елі үшін арнаған сол жанның адамдық келбетін менен гөрі елі анық айшықтай білді, – деп тұлғаның зайыбы Гүлмира Қадырқызы тебіренсе, жампоз журналистің жан досы Айтқали Ботайұлы: «Адам асылынан айырылғанда барып шын сезімді, аңсау мен сағынышты бастан кешеді екен. Менің жан дүниемді түсінер жан таба алмай жүрмін. Бейсекеңдей кісілігі жоғары, қабағыңа тұнған қаталдықты, жүзіңде тепсіген мейірімді ә дегеннен аңдап қоятын адал дос кезікпей жүр. Бәлкім, шын дос ғұмырда бір-ақ рет берілетін шығар», – деп толғанды.

Осындай салмақты пікірлер  М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясында өткен «Журналист Бейсен Құранбектің жарқын бейнесі» атты әдеби-танымдық кеште жүректен төгілді. Жан толқытты, заңғар азаматқа деген сағынышты қайта оятты.

«Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы шеңберінде өрнек тапқан рухани шара көріністен бастау алды. Онда Бейсеннің бала күнгі портреті сомдалып, адамдық ұстанымы жасынан берік болғанын үндейтін қойылым жанарды дымдандырғандай әсер қалдырды. 

Әдеби-мәдени өмірде елеулі іс тындырып, қоғамдық жұмыста да белсенділік танытқан, тұлға, журналист есебінде еселі еңбек еткен Бейсен аға Құранбек «Жеті идеалға» мойынсал болды. Ол Бауыржан Момышұлынан шындық пен ақиқатты, Дінмұхамед Қонаевтан кісілік пен кішілікті, Томас Эдисоннан уәдеге беріктік пен ізденімпаздықты өзіне үлгі етсе, Уолд Дисней, Имманиул Кант, Уильям Френд, Роман Гарсияның ерекшеліктерін тамырына сіңдіруге тырысты. «...Мінекей, менің жұмыстағы жеті атам осылар. Жетеуінің де портретін жұмысқа ілдіртіп қойғанмын. Егер мен сәл ғана қате қадам бассам, олар маған қабағын түйіп қарап тұратын сияқты», – деп Бейсекең өзі жазғандай, осынау жеті атасын жерге қаратпай тіршілік кеше білді. Рухани шара барысында мектеп оқушылары бұл «Жеті идеалды» сөйлетіп, тұлғаның әскердегі, қызметтегі кезеңдерінен сыр шертті.

Өз кезегінде оқушылардың сахналауымен «Айтуға оңай» ток-шоуы қайта жаңғырды. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықты» тақырып еткен көріністе Бейсеннің дауысы күмбірлеп, жан үні естілді. Ата-аналар, оқушылар мен ұстаздар, шара қонақтары сағыныштан күрсінді. 

Қазақтың перзентіне айналған жан жайлы толғамында жазушы-журналист Есболат Айдабосын Бейсекеңді Абай баба айтқан «Толық адам» теориясына сай жан деп бағалады. 

– Қазақта мықты жігіттер жеткілікті. Кәсібін дөңгеленткен, елге шарапатын тигізген, ғалымдық, ақын-жазушылығымен танылған оларға әйтеуір  бір дүние жетпей жатады. Ал Бейсен ағада хакім көрсетіп кеткен нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат бар. Үшеуін қатар меңгерген, тамырына сіңдірген ағадай асыл жандар көп болса екен, – деді ол.

Ән әуелеп, күй күмбірлеген, арнау оқылып, терме төкпелеген әрі ғылыми жоба қорғалған рухани кеште аталмыш мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Ақажанқызы, сондай-ақ, Гүлнар Каримова, Дәнегүл Сейтқұлова, Құрмаш Исмаилов, Нұртай Шыңғожанова, Мұратбек Қожабеков, жетісулық зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, Бейсеннің болмысын ашқан, талантын айшықтаған мектеп ұжымы мен оқушыларға алғысын жеткізді. Өрелі кештің өрісті болғанына риза болған тұлғаның зайыбы Гүлмира Қадырқызы да көпшілікке лебізін білдіріп, мектеп кітапханасына Бейсен Құранбек жайлы жазылған 3 кітапты табыс етті.

АРДА БИ
Суреттерді түсірген  Руслан ҚАДЫРОВ