«АЛТЫН САҚА» САХНАЛАНДЫ

Уақыты: 17.05.2024
Оқылды: 1671
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ананың әлдиі мен бесік жыры ұлттық идеологияның түпкі бастауы екені анық. Құндылық құлдырап бара жатқандай көрінетін бүгінгі шақта бесік жыры жеткілікті айтылмай жатқаны өз алдына, кимешекті әже мен ақ сақалды қарияның аңыз-әңгіме айтуының өзі мұң болды. Жасыратыны жоқ, ертегі естіп өскен бала арманшыл, қиялы ұшқыр болып қалыптасатыны да дәлелденген дүние.

Ертегі мен бесік жыры, эпостық дастандардың қазақ мәдениеті мен танымына қаншалықты қажет екенін журналистер мен жазушылар үнемі айтып кетеді. Жыр болған бұл мәселе Жетісу жерінде айрықша түрде өріс алды. Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрында «Алтын сақа» ертегісі тұңғыш рет 3D форматты сахналанды.

Айдай сұлу Күнбала мен байдың малын баққан Нұржан атты жас жігіттің арасындағы ыстық сезім, аяулы махаббатқа Алпамса мен Жезтырнақ қарсы шығып, шырға ойластырады. Алпамса Күнбаланы, Жезтырнақ Нұржанды құшқысы келеді. Осылайша қара ниеттілер өзара ымыраласып, Күнбала мен Нұржанның сезімін сетінетпекке күш салады. Бай өзінің қызын алтын сақаға алмастыратындай дүниеқоңыз болса, баласы боркемік біреу екені ертегіне айтылған. Ертегінің шарықтау шегі Нұржанның ерлігімен аяқталатыны, Жезтырнақ пен Алпамсаның көзін құртатыны бізге мәлім. Алайда, жас өскіндер үшін құпияға толы бұл ертегі қойылым ретінде жоғары деңгейде ұсынылды. Балауса көрермен көңілі шат болып, ертегінің әр кейіпкерінің қылығын қалт жібермеді. Сүйсінді, қуанды, тебіренді. Кейбір тұста қапа да болды.

Талдықорғандық оқушылар назарына ұсынылған «Алтын сақа» ертегісі көпшілік көңілінен шықты. Бүлдіршіндермен бірге біз де ертегі әлемінің ғажайыптарына саяхат жасадық. Қиялдадық, арман қанатында қалықтадық.

Айта кетерлігі, аталмыш ертегі 1979 жылы Би-апа театрында сахналанған. Ол кезде режиссер Мұхтар Қамбаровтың сахналауымен қойылған ертегіні Мерей Әжібеков 45 жыл өткенде 3D форматта көрермен назарына ұсынып отыр.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ