Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясында ақын, журналист, облыстық «Jetisŷ» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлының «Жүрек сөзі» атты театрландырылған әдеби-сазды кеші өтті. Рухани кеште жетісулық өнер иелері ақынның сөзіне жазылған әндерін орындап, өлең жолдарын тарту етті.
«Балам, Абайды оқы!» деген сөзбен бастау алған шығармашылық кеш дүйім көрерменге ерекше бір толқыныс қалдырғандай болды. Сахнада 7 түрлі әлеуметтік желіге байланып, жалған өмірге басымен кіріп кеткен 7 баланың көрінісі дәл бүгінгі қоғамның дертін көз алдыңа әкелгендей. Осы сәтте Абайдың ақындығы, дүниетанымы, әдеби мұрасының мән-мағынасы астарлы екенін ақын Жұматай Оспанұлы көрерменге әдемі жеткізе білді. Саналарын сымсыз желімен улаған жас ұрпақ та ұлы ақынның шығармаларына бейжай қарай қоймағаны рас.
Кезіндегі Жастарды білімге, оқуға, ізденімпаз болуға үйреткен Абай атамыздай Жұматай ақын да бүгінгі ұрпақты, келешек жастарды Абайды оқып, тануға шақырды.
Абайды оқы - ешқашан адаспайсың,
Мәңгі өмірді «бар, жоқ» деп бал ашпайсың.
Надандықты санаңнан сызып тастап,
Жамандықты бойыңнан аластайсың.
Аталмыш кеш қайырымдылық негізінде ұйымдастырылды. Мұндағы көрерменнен түскен қаражатқа әлемуеттік аз қамтылған, көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, оқимын деген ниетті балаларға ҰБТ-ға дайындайтын үш мектепке (125 High School, Innoverse, Достық) грант сертификаттары табысталды.
– Мағыналы, тәрбиелік мәні зор рухани кештен нәр алып, Жұматайдың еліне, жеріне деген сағынышын көзіммен көріп, жүрегіммен сезіндім. Шіркін, әр қазақтың жігітінің сөзі мен ісі бір-бірімен ұштасып, бір арнада тоғысып жатса нұр үстіне нұр болар еді. Келер ұрпақтың болашағы үшін үлгілі өнеге көрсетіп жүретін азаматтар көп болғай, – деп Ғалия Ақбасова ізгі тілегін білдірді.
Айғаным АЙТМҰХАН
Суреттерді түсірген Жеңіс Ысқабай