Рухани революция

Уақыты: 19.05.2024
Оқылды: 1653
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазір жемқор болған ұнайтындай, өйткені кей адамдарға солай ыңғайлы. Тіпті біз өзіміздің алаяқ екенімізді де білмейміз, сөйте тұра өзгемен күресеміз, жақынымызды тілдейміз, жанашырымызды сөгеміз. Себебі соған етіміз үйреніп кеткен. Себебі артында үлкен революция тұр. Неге десеңіз, қазір айтамыз…

Бірде қытайлық кәсіпкер ауылдастарының ел қатарлы өмір сүруіне жағдай жасауға бел байлайды. Ол заман өрісінен тысқары ғұмыр кешкен шағын елді мекенге қалалық өркениет әкеледі. Қымбат бұйымдарды, заманауи техникаларды, қызылды-жасылды әшекейлерді, зәулім үйлерді, тіпті биік көліктерді тегін сыйлайды. Бұрын мұндай байлықты көрмеген қарапайым халық арасында көп ұзамай талас-тартыс өрбіп, ішкі қайшылықтары үдей түседі. Байырғы беймарал күндер алыстап, көршілер  араласуды қояды. Қылмыс қаулап, дау-дамай дамылдамайды. Бірінің дүниесін бірінен қызғанған тұрғындар ақыры азып-тозып кетеді. Әрине, бұл оқиғадан әртүрлі мораль өрбітуге болады. Дегенмен өзі шыққан топырақтың танымын өзгертуге тырысқан кәсіпкер бір нәзік нәрсені ескермегені анық. Ол – сол ортаның өзгеріске әлі дайын емес екендігі.

Жан-жағыңызға қараңызшы, біздің қоғам өзгеріске дайын ба?

Дәл қазір даңқты өнерпаз Виктор Цойдың «Перемен», қазақшаласақ «Өзгеріс» әнін тыңдап отырмын. Автор мұнда не айтпақ болды? Саяси өзгеріске шақырды ма, әлде рухани революцияны меңзеді ме? Шығарманың сөзі мен әуенінен революциялық екпін аңқып тұр. Тегеурінді трек өте нығыз әрі адамды әлденеге итермелейді. Содан да болар, кеңестік идеологияның қазанында қайнаған кез келген мемлекеттің ішкі бұлқынысы, мәмілесіз митингі, алаңға жиналуы осы әннің ырғағына байланды. Бірақ Цойға бұл ұнай қойған жоқ.

«Виктор жырлаған өзгеріс саяси жүйеге қатысы жоқ. Бұл әлем суреткерлері жазған картина, айтқан ән, соққан мүсін, рухани эволюция, әлдеқайда терең өзгерістер», – дейді «Кино» тобының негізін қалаған Алексей Рыбин. Әйткенмен біздің табиғи түйсігіміз басқа призмадан қарағанды жөн көріп отыр. Цой сол дәуірдің қанатты тұлғасы, соңынан мыңдаған адамды еркін ерте алады, ал бұл аузын айға білеген империя үшін үлкен қауіп-қатер. Өзі де буы бұрқырап отырған халық әннің әсерінен дауылдай аласұрып, толқып кетуі мүмкін. Сондықтан саналы түрде автордың қанатын кесті, қабырғасын сөкті.

Біз осы тұста тағы да бір тентек ойға тұмшаланып отырғанымыз. Сексенінші жылдардың басында кеңес халқының енді шеңберге сыймайтыны белгілі болды. Сол инерциямен «Өзгеріс» әні 1986 жылы алғаш рет сахнаға шықты. Жастар дүр сілкінді, әр жердің бір оқыс оқиғалар, келіспеушіліктер бүр жарды. Алматыда «Желтоқсан» оқиғасы, Беларусь еліндегі Минск толқыны, Чернобыль апаты, Ауған соғысы, жер – жерде шағын наразылықтар күшейді. Мұны естіген режиссер Сергей Соловьев музыканттармен келісімге келеді. Яки екеуара әнді «Асса» фильмі жарыққа шыққаннан кейін орындауға уағдаласты. Музыка кинокартинаның жарнамасы ғана болып қойған жоқ,  еркіндіктің культіне айналды. Барлық ақын-жазушы, композиторлар саяси жүйе жайлы өткір пікір айта бастады. КСРО-да демократияның елесі кезді. Билікті үрей биледі.

«Жылу орнына – жасыл шыны, От орнына – түтін».

Композицияның алғашқы екі тармағын талдап көрейікші. Цойдың жүрегі бала күнінен жарық пен жылуға құштар. Оны өзі түстеген жұлдызынан алады. Сондықтан оған ең жақын жұлдыз – Күн (звезда по имени солнце). Сол дәуірде арақ, шарап жасыл бөтелкеге құйылып сатылды. Жаппай халық, оның ішінде жас толқын ішімдікке тым әуес болды, депрессия меңдеді, сана дағдарысқа түсті. Соның салдарынан халық ащы суды серік етті. Ал ішкен адамның жаны уақытша жылынатыны, ессіз күйге түсетіні даусыз. Бұл мейірім –  ойдан шығарылған алдамшы сезім секілді. Бәрі жасанды, жасыл шыны адамның жанына бәрібір жарық күндей сәуле төге алмайды. Нонсенс.

Екінші жолда  жанды жылытып, қараңғыда жол көрсететін от түтінге айналғанын жеткізгендей. Қоғамның санасы сулы ағаштай бықсып жатыр. Кеңес одағы баяу өртенуде, көп ұзамай күлге айналады және бізді де күйдіретіні анық. Ащы түтін көзіңді жасқа толтырады, алдыңыз – бұлыңғыр, артыңыз – сағым, ешкімді ешқашан көк ала түтін жылытқан емес. Жалынға оранған әлемде өз жолында табу да күмәнді. Бірінші шумақтың екі тармағы өмір сахнасындағы көріністерге көбірек ұқсайды. Автордың жаңалығы осында.

Философ Томас Карлейль «Төңкерісті данышпандар дайындайды, романтиктер жүргізеді, ал жемісін арамзалар көреді», – дейді. Цой – жаңашылдыққа ұмтылған оппозиционер романтик. Ол қазыққа байланған өз буынының санасын оятқысы келді. Жасампаз жырлар жазды, нотамен сөйледі. Азғантай ғұмырында әуен болып қалқыды. Шынында ақын бір өлеңмен, журналист бір мақаламен, саясаткер бір заңмен, биші бір бимен, ал рок тобы бір әнмен революция жасай алады. Оған  тарих куәгер.

Ал біз әлі әділеттілігін көрсету үшін кез келген қиянатқа баратын адамдардың арасында адасып жүрміз. Құдайы жоқ елде Құдай жайлы көп айтылатыны секілді, бізге не жетіспейді сол жайлы дау-дамай, алып-қашпа әңгіме көп. Естігің келмейді, бірақ құлағыңды ұзақ уақыт екі қолыңмен жауып тұру мүмкін емес. Мүмкін емес.

Мұхтар КҮМІСБЕК