БӨДЕНЕ ӨСІРУ – БӨЛЕК БИЗНЕС

Уақыты: 15.04.2023
Оқылды: 2237
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Қалауын тапса қар жанар» деген тәмсіл бар. Қар төркіні су, ол жанбайды. Тек орайын келістіріп, тірліктің көзін тапқанға айтылған сөз бұл. Қалауын тауып қар жақпаса да, байыбын тауып, өңірде жоқ кәсіпті дөңгелетіп отырғандардың бірі – Бағдат Серікқожаев. Ескелді ауданында бөлек кәсіп бастаған Бәкең бөдене өсіріп, ырызғысын жинап келеді. «Сәлем-құс» атаулы шағын, шағын деуге келмейді орта деңгейдегі ферма өңір тұрғындарын жұдырықтай құстың етімен де, жұмыртқасымен де қамтып отыр.

Жұдырықтай құсты өсіруде жапондар алда

Қазір дұрыс тамақтану деген шықты. Диета, жүйелі ас мәзірі сынды терминдер «арықтатуды» кәсіп еткендердің күнделікті сөзіне айналды. Оның да өз жөні бар. Себебі, күндік рационымыздағы азық-түліктердің дені қажетті тағамдық құндылықтарды бере алмайды. Содан болар, талай жұрт түрлі ауруды бойына жапсырып, дәрігер жағалап жүр. Ал мына бөдене дегеніңіз – еті де, жұмыртқасы да дәруіш құс. Мұны ескерген кей дамыған елдер құйтақандай құстың жұмыртқасы мен етін ұдайы пайдалануды әдетке айналдырыпты. Тіпті, кей ел арнайы заң да қабылдаған. Солардың бірі – Жапония. Ғылымнан да, ілімнен де алға озған күншығыс елі оқушыларын бөдененің етімен, жұмыртқасымен азықтандыруды қарармен бекіткен. Болашағы жарқын, ұрпағының дені сау болуы үшін. Айтпақшы, алғаш бөдене өсіруді ауқымды деңгейде жүзеге асырған да осы жапондар. Қазір жапондардың қатарына аспан асты елі де қосылған. Сандарды сөйлетсек, Қытайда 70 млн. бөдене бар екен. Ал қоңсы қонған миллиардтар елі болашағына қай кезден бейжай қарамайтыны белгілі. Мына жатқан Ресейдің өзінде 350 мың бөдене бар көрінеді.

Тағам саласын зерделеп жүрген сарапшылар жұдырықтай құстың өнімдеріне алдағы уақытта сұраныс бірнеше есе артатынын алға тартуда. Өйткені бөдененің жұмыртқасы қуаттылығы мен дәрумендігі жағынан тауық етінен 3 есе құнарлы. Былай айтқанда, темір, фосфор, калий, кальций, магний, мырыш, кобальт, марганец, мыс және маңызды аминқышқылдары метионин, лизин, глицин, тирозин, триптофанға бай. Ал еті холестеринсіз, нағыз диеталық ас. Содан болар, мамандар 1000 ауруға шипа бөдене еті мен жұмыртқасын жиі пайдалануға кеңес береді. Әсіресе, балаларға, қарттарға, аяғы ауыр және емізулі баласы бар аналарға, науқастарға ұдайы тұтыну қажет-ақ. Тарихи деректерге сүйенсек, бұрын құйтақандай құстың өнімін ақсүйектер мен билеушілер ғана тұтыныпты. Содан-ақ дәруіш азыққа екінің бірінің қолы жете бермегенін аңғаруға болады. Әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Шыңғысханның өзі жаралы жауынгерлерін жылдам қатарға қосу үшін бөдене жұмыртқасын ішкізгенін сарғайған тарих парақтарынан кезіктіруге болады.

Бөдененің «тілін» тапқан...

Біреуге біреу себеп. Журналистің құлақ түре жүретін әдеті емес пе?! Бір танысымның денсаулығы сыр береді ғой. Азқазанының жұмысы бұзылған. Дәрігерлер ұзақ емнен соң оған диета ұстауға кеңес береді. Танысым диетолог жағалап кетеді. Не керек, бәрі бөдене жұмыртқасын пайдалануға жол сілтейді. Ол сұрастыра келе Ескелді ауданына қарасты Ешкіөлмес деген жерде бөдене фермасы барын біліп, сонда ат ізін салады. Бармақтай жұмыртқаны 1 күн пайдаланады, 2 күн пайдаланады. Хош, 10 күннен соң өзін сергек сезініп, бойындағы әлсіздіктен арылады. Мұны естіген «жантақ арқалаған жан» қарап қалушы ма еді? Тартып Ескелдіге жол салдық.

Содан Ескелдінің орталығы Қарабұлақ ауылына жанай орналасқан Ешкіөлмес елді мекеніндегі құс фермасын көзбен көрдік. Ферма иесі Бағдат Серікқожаевпен телефон арқылы байланысқа шығып, кездесуге уағдаласқан едік, ферма алдынан бізді бәйек қағып күтіп алды. Бәрін түсіндіріп әлек. Жұдырықтай құстың байыбын тауып жүрген өндіріс инженері Бәтима Дадамбаева қатарға қосылып, екі жақтап бәрін тәптіштеп жатыр. Бағдат Серікқожаевтың айтуынша, ферма – отбасылық кәсіп екен. Алғашында басқа кәсіппен айналысуға ниеттеніпті. Бәрін саралаған. Бірақ, бөденеге орайы түсіпті.

 – Әу баста қандай кәсіп бастаймыз деген сауал болды. Әуеліде мал шаруашылығымен айналыспақ болдық, бірақ атакәсіппен шұғылданушылар жетіп артылады. Бәсекелестік орта деген бар. Содан бұл ойдан арылдық. Мұнан соң өнімділігі жоғары тауық өсірумен айналыссақ дедік. Әсіресе, бройлер өсіруге бағытталдық. Бақсақ, бройлер өсіру оңай шаруа емес екен. Тауықтың бұл түрі аурушаң әрі әлсіздеу келеді. Ойлана-ойлана келе бөдене шаруашылығына тоқталдық, – деді ферма қожайыны.

Бағдат Серікқожаевтың сөзіне сенсек, бұл кәсіпті ақша табу үшін бастамапты. Бөдененің еті мен жұмыртқасының пайдасы мол дегенді естіп, біліп жүрген. Содан қызығушылықпен басталған шаруа қазір алып фермаға айналған. Алғашында тосыннан бөдене өсіруді қолға алғанда жұрт таңырқай, «апырай бұл құсты қалай өсіріп, өндіреді екен» десе керек. Кәсіпкердің сөзінше, шынында жұдырықтай құсты өсіру оңай шаруа емес екен.

 – Бөдене кірпияз, тауық сияқты кез келген жемді қанағат тұтатын құс емес. Оларды ұстау, бағу шарттарын ғаламтордан қарадым. Бірінші ескеретін нәрсе, бұлар суық жерде жұмыртқаламайды. Ыстықты да ұната қоймайтын құс. Тұрақты температура 16-18 градусқа жылы болуы тиіс. Кәсіпті бастағанда көп қиындық болды. Уақыт өте келе бұл құстың «тілін» тапқандай болдым, – дейді кәсіпкер.

Бәкең құс шаруашылығының жайын жүйелей түсіндірді. Ферманың сыртқы жабыны аспан асты елінен, бөдене өсіруге керекті жабдықтар Украинадан алыныпты. Алғашында ферма иесі жабдықтарды ғаламтор жүзінен іздепті. Тіпті, Украинаға да барып, құралдарды қолмен ұстап, көзбен көріп, көңілге түйіп келіпті. Осылай біршама уақыт таразылап, қазіргі жабдықтарды таңдаған соң оны орнатуға Андрей есімді украин жігіт келіп, бәрін құрастырып беріпті.

Бабын тапқан бастама баянды

Бүгінде ферма 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Солардың бірі – Бәтима Дадамбаева. Бұл кісі мұнда өндіріс инженері құзыретінде. Демек, ол нысанның жұмысы дөңгелеуіне жауапты. Айтпақшы, фермада қазір «қатарға қосылмаған» балапандарды есептемегенде маньчжур және техас тұқымына жататын 40 мың құс бар. Бәрі темір тордың ішіне тоғытылған. Бөденені қамап ұстамаса, бос жүріп табыс әкелмейді. Ересек бөденелер бір ғимараттың ішінде орналасқан үш қатарлы автоматтандырылған қондырғыға жайғасқан. Әр қондырғыда 6 қатардан құс жәшігі бар. Бір күнде 40 мың құс 1 тоннадан аса жемді азық етеді. Жемінің құрамы да бөлек. Бидай, жүгері, соя және балық ұны бар құс азығына түрлі дәруіш қосылып беріледі. Ішкені де, жегені де алдында бұл құстың басты мақсаты – жұмыртқа табу. Бір күнде құс фермасы 20 мыңнан аса жұмыртқа өндіреді. Оны жинап, қаптап, қорапқа салып, даярлап қоюды ферма қызметкерлері жүзеге асырса, оны саудаға шығарумен ферма иесі айналысады. Бүгінде "Сәлем-Құс" жұмыртқалары Жетісу облысынан бөлек, Алматы облысы мен Алматы қаласындағы сауда нүктелерінде сатылымда.

Өндіріс инженері Бәтима Дадамбаева бөдененің бабы жұмыртқадан басталатынын алға тартты. Себебі, жақсы өнім болуы үшін жарақты құс керек. Инкубатордан шыққан құстан балапан өрбімейді деген жаңсақ пікір бар емес пе еді? Мамандар мұнда бөдене санын қалыпты ұстау үшін балапандауға бағытталған құстарды бөлек ұстайды. 9 аналыққа 1 аталықты қосып, балапан шығаратын жұмыртқа өндірісін де жандандырып отыр. Тек, бұл жұмыртқаларды аналық бөденелер баспайды. Фермадағы алып инкубатор ауқымды миссияны атқарып отыр. Келесі бір үлкен ғимарат жұмыртқадан балапан шығарып, оны өнім беретін құсқа айналдыруға негізделген. Атаулы ғимараттың кіреберісінде 57 мың жұмыртқа сиятын инкубатор тұр. Бәрі автоматтандырылған. Тек мамандар жұмыртқаны орналастырып, уақытында балапандарды жинап алса жеткілікті. Жұмыртқа 16-17 күнде балапанға айналады. Ғимарат іші бірнеше бөлікке бөлінген. Әр бөлігінде жұмыртқаны жарып шыққан уақытына сай балапандар орналастырылған.

 – Бармақтай жұмыртқадан шыққан балапандар жылдам өседі. Тек қажетті жағдайды туындату керек. Мәселен, жұмыртқадан шыққан балапанға 37,7-38°С температура қажет. Уақытында тамақтандырса бөдене тез ширайды. Күн өткен сайын температура төмендетіледі. Себебі, бұл уақытта бөдененің дене қызуы арта түседі. Алғашқы бір аптаның ішінде бөдене балапаны 3 есеге салмақ қосып, бір айда 15 есеге ұлғаяды. 50-60 күннен кейін жұмыртқалай бастайды. Жалпы, бөдененің ғұмыры 1-1,5 жыл. Одан әрі жұмыртқаламайды, – деді Бәтима Дадамбаева.

Түйін.

«Сәлем-Құс» фермасы қазір көпке танымал. Өйткені Жетісу өңірінде мұндай ауқымдағы бөдене фермасы жоқ. Дегенмен, бұл кәсіптен нәпақа тауып отырған Бағдат Серікқожаевтың «әттеген-айы» да жоқ емес. Бірер жылдан бері құстың жемшөбін өзі даярлауға тырысқан. Жер іздеп, бидай, жүгері, соя егуді көздеген. Алайда жақын маңнан егістік таппапты. Шалғай маңнан егін егіп, оның өнімін жинауға кәсіпкердің шамасы келмейді. Бәкеңнің сөзінше, егін егу де оңай шаруа емес, оның басы-қасында бір адам байланып отыруы керек. Ал өзі фермадан босамайды. Есесіне қазір құс жемін сатып алуға мәжбүр. Бұл да қосымша шығын. Өз қаржысына осындай ауқымды нысанды салып, кәсібін дөңгелеткен жанға қалай да қолдау білдіру, жоқ-жітігін толтыруға мүмкіндік жасау – жергілікті атқамінерлердің де міндеті. Айтпақшы, құс фермасының «жақсылығын» жергілікті кәсіпкерлер де көруде. Құс саңғырығы  – табиғи тыңайтқыш. Диқандар құс фермасының маңайын тазалап, саңғырықты егінге тыңайтқыш етуге әкетеді екен. Бағдат Серікқожаев бөдене шаруашылығы пайдасы болмаса, мүлдем зияны жоқ кәсіп екенін де алға тартып отыр. Бөлек кәсіп иесіне біз де сәттілік тілеп, жөнімізге кеттік.

Дастанбек САДЫҚ